Өңірде Ұлттық спортты қолдау мақсатында ауқымды фестиваль өтті
Ұлттық спортты қолдау мақсатында Нұра ауданында «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалі өтті. Екі күнге созылған іс-шараға аймақтан 300-ден астам ұлттық спорт әуесқойлары қатысты. Жарысқа қатысушылар көкпар тартып, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар ұлттық спорт түрінен бақ сынасты.
Көкпарда өзара 23 команда тең бөлініп, екі лигада өнер көрсетті. Бірінші лигада ойнаған бұқаржыраулық «220 volt» командасы топ жарды. ІІ орынды Ахмет ауылынан жасақталған «Рассвет» командасы, ІІІ орынды Нұраның «Изенді Арландары» командасы иеленді.
Жоғары лига қорытындысы бойынша, Шет ауданының «Ақсу-Аюлы» командасы үздік шықты. ІІ орынға сол ауылдың жастарынан жасақталған «Ақсу-Аюлы жастары» командасы, ІІІ орынға Қарағайлы кентінің «Жанали» командасы табан тіреді.
Аударыспақ спортына қатысушылар үш салмақ дәрежесінде күш сынасты. 62 келіде – Шет ауданының спортшысы Фархат Советов, 82 келіде – Ерғанат Тайжанов, 82+ келіде – Азамат Жаркен қара үзді.
Арқан тарту спорт түрінен І орынды нұралықтар иеленді. Ал, қой көтеруден Қарқаралы ауданы Сарыбел ауылынан Әділет Серікпаев үздік нәтиже көрсетті. Ол екі минут ішінде 50 мәрте көтеріп, жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, кубок және демеушілердің атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz