Өңірде интернет алаяқтардың әрекетінен 2048 адам зардап шекті
Жаһандану дәуіріндегі адам баласының өмірі цифрлық әлеммен тығыз байланысты. Смартфон – байланыс құралы, әрі әмиян, дүкен, керек кезде банк те бола алады. Бір ғана құрылғы арқылы қарыз аламыз, онлайн төлем жасаймыз, инвестиция саламыз. Әйткенмен, осы цифрлы мүмкіндіктің тасасында көрінбейтін қауіп – қаржылық алаяқтық та бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қоғамның экономикалық тұрақтылығы азаматтардың қаржылық мәдениеті мен ақпараттық сауаттылығына тікелей байланысты. Әр адам өз қаржысын қорғаудың тетіктерін білуі тиіс», – деп нық атап көрсетті. Осы тапсырма негізінде еліміз де қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және интернет-алаяқтықпен күресті жүйелеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Облыстық полиция департаменті ұсынған дерек бойынша, 2025 жылдың басынан бері өңірде интернеталаяқтардың әрекетінен 2 048 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 2,8 млрд теңгеден асқан. Алаяқтықтың ең жиі түрі – өзін банк, полиция немесе медицина қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдау. Мұндай 542 дерек тіркелді. Тағы 271 тұтынушы жалған инвестициялық платформалар мен онлайн дүкендердегі арзан ұсыныстар арқылы қармаққа түскен.
– Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі. Бірі «банктенбіз» деп сендіреді, енді бірі «жақыныңызға ақша аудару керек» деп алдайды. Тіпті, шетелдік нөмірлерден қоңырау шалып, халықаралық ұйым атынан сөйлейтіндер де бар. Сондықтан, кез келген күмәнді әрекетке салқынқан дылық танытып, тексеріп барып қана әрекет ету керек, – дейді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Дамир Ұқан.
Бүгінгі таңда облыстың барлық оқу орындарында «Қаржылық сауаттылық» апталығы өткізіліп, студенттерге киберқауіпсіздік негіздері түсіндірілуде. Полиция қызметкерлері мен еріктілер жастарға банк картасын бөтен адамға бермеу, SMS-кодты айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігін мысалдар арқылы жеткізеді.
Жыл басынан бері Қарағанды қаласының өзінде мектептер мен жоғары оқу орындарында 150-ден астам профилактикалық сабақ өткен. Сонымен қатар, колледждер мен мектептерде «Алаяққа алданба!»,
«Қаржың – өз қолыңда!» атты тренингтер өткізу жолға қойылған. Қатысушыларға қаржылық қауіпсіздік бойынша жадынамалар таратылып, онлайн-банкинг кезінде қолдануға болатын қорғаныс тәсілдері түсіндіріліп келеді.
Қаржылық мониторинг агенттігі мен «AMANAT» партиясы бірлесе іске асырған «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасы – халықтың қаржы сауатын арттыруға бағытталған ең ауқымды әлеуметтік бастамалардың
бірі. Жоба аясында облыста биыл 900-ге жуық азамат қарыздың қамытынан құтылып, төлем қабілетін қалпына келтірген. Көпшілігі банктермен келісімге келіп, төлем кестесін қайта құру, пайыздық үстемелерді азайту, жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болған.
10-20 қазан аралығында өткен Қаржылық қауіпсіздік диктанты республика көлемінде өткен маңызды іс-шара болды. Онлайн-тестілеуге облысымыздан да мыңдаған адам қатысып, өз білімін сынады. Мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін кез келген азамат бұл диктант арқылы алаяқтықтан қорғанудың негізгі ережелерін меңгеруге мол мүмкіндік алды. Диктант қорытындысы бойынша үздіктерге «Халық банкі» тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды. Мұндай іс-шаралар халықтың ақпараттық сергектігін арттырып, қаржыға деген жауапкершілігін қалыптастырады.
– Бұрын қылмыскер зат ұрлаушы болса, қазір ол адамның сенімін ұрлайды. Бұл – ең қауіпті қылмыс түрі. Біз тек қылмысты ашумен емес, оның алдын алумен де айналысамыз. Соңғы екі жылда облыс аумағында қаржылық қауіпсіздік бойынша 300-ден астам түсіндіру шарасы өтті. Полиция, банк және қоғам өкілдері бірігіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Әр азамат өзінің деректерін қорғаудың жауапкершілігін түсінгенде ғана нәтиже болады, – дейді жедел уәкіл Дамир Ұқан.
Қаржы ұйымдары да қауіптің алдын алуға белсенді араласуда. Мысалы, «Халық банк», «Жусан банк» филиалдары ай сайын қоғамдық акциялар өткізіп, азаматтарға өз қаржысын қорғау жолдарын түсіндіреді. «Kaspi bank» банк алаяқтық әрекеттерді автоматты түрде бұғаттайтын «Антифрод» жүйесін енгізді. Банк клиенттеріне күмәнді операция кезінде SMS және push-хабарламалар арқылы жедел ескерту жасалады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan» 

