Өңірде футбол сабағы мектеп бағдарламасына енгізілді
Қарағанды облысында жаңа оқу жылынан бастап «ALGA!» білім-спорт жобасы сәтті іске асырылуда. Бұл бастама облыс әкімі, өңірлік футбол қауымдастығы (QOFA) және Freedom Holding Corp. қолдауымен жүзеге асуда деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының спортқа қызығушылығын арттыру, олардың физикалық дамуын қолдап, командалық жұмыс пен көшбасшылық дағдыларын қалыптастыру.

Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы Әлімнің анасы Алла Гильмутдинованың айтуынша, жоба балалар үшін нақты әрі ұзақ мерзімді нәтиже беруде:
– Мектебіміздің осы жобаға қосылғанына өте қуаныштымыз. Футбол баланың төзімділігін арттырады, денсаулығына пайдалы. Ең бастысы – енді қосымша секция іздеп, уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеті жоқ, өйткені футбол сабақ кестесіне енгізілген. Ал сабақтан кейін бала өзге бағыттарды таңдай алады. Бұл баланың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік, – дейді ол.
Яйсан Аманжолова бұған дейін футболмен айналыспаған. Дегенмен оның атасы – кәсіби жаттықтырушы Қазбек Қабылғазин, бірнеше буын футболшыларды тәрбиелеген маман. Қазір Яйсан әр дене шынықтыру сабағынан кейін үйіне ерекше әсермен оралып, алған әсерін бөліседі.

– Маған футбол қатты ұнайды. Қақпада тұрғанды жақсы көремін. Мектебімізде осындай сабақтың болғаны өте керемет. Сабақтар қызықты әрі көңілді өтеді, – дейді жас футболшы.
Биылғы оқу жылында жоба Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай және Үштөбе қалаларындағы 10 мектепті қамтып отыр. 1–4 сынып оқушылары үшін үшінші дене шынықтыру сабағы толықтай футболға арналса, орта және жоғары сыныптар үшін қосымша футбол секциялары ашылуда.
Жобаға қатысқан барлық білім беру ұйымдары қажетті спорттық құрал-жабдықтармен – доптармен және қақпалармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мұғалімдер арнайы даярлықтан өтіп, футболды ресми түрде оқытуға мүмкіндік беретін UEFA D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алды.

– Бұл жоба бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Келесі жылы оған облыс бойынша 30 мектеп қосылады. Бағдарлама қала мектептерімен қатар ауылдық елді мекендерді де қамтиды, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған өңірлік ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев.

Алдағы жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін облыста жасанды жабындысы бар 10 шағын форматтағы футбол алаңы салынбақ.
Жамал АКПАРОВА



