Спорт

Өңірде Қазбек Ашляевке арналған «Чемпионның мұрасы» республикалық конференциясы басталды

Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында бокстан Қазақ КСР, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Ашляевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Чемпионның мұрасы» атты республикалық конференция басталды. Конференцияны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев ашып, іс-шараның мазмұны мен маңызына тоқталды. Спорт саңлағының құрметіне бүгінде спорт сарайының кіреберісінде мемориалдық тақта орнатылған. Аталған конференция сол тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Суреттерді түсірген автор

Бұл шара – тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас дәуірдің, бүтін бір ұрпақтың спорттық рухын бейнелейтін тарихи тағзым.

Осы конференцияға экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов және басқа да спорт ардагерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Өз сөзінде басқарма басшысы:

– Өңірдің ғана емес күллі КСРО-ның спортына өлшеусіз үлес қосқан жанның еңбегін, төккен терін естен шығармаймыз. Мұндай тұлғаларымыздың еңбегін келешек ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Қазбек Сопыжанұлы менің ағамның жаттықтырушысы болған. Кейін спорт министрлігінде үлкен жұмыстар атқарды. Жалпы, Қазбек ағамыз бокстан облыс құрамасын жаттықтырған шағында өңір спорты үлкен жетістіктерге қол жеткізді, – деді Серік Жұманғалиұлы.


Қазбек Ашляевтің есімі тек Қарағанды өңірінде ғана емес, күллі Қазақстанда құрметпен аталады. Сонау жылдары бокстан КСРО және Еуропа чемпионы атанып, кейінірек КСРО-ның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ретінде спорттық жолын жалғастырды. Оның шәкірттері бүгінде әлемдік аренада ел абыройын асқақтатқан саңлақтар.


Конференция аясында спорт тарихына арналған деректі фильм көрсетіліп, Ашляевтің өмір жолын баяндайтын көрме ұйымдастырылды. Шара барысында әріптестері мен шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, оның өнегелі өмірі мен кәсіби мұрасын жан-жақты талқылады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button