АймақБас тақырыпҚарағанды

Өңірде азаматтардың өтініштерін қарауға бағытталған «Таза Сенім» жобасы іске қосылды

Қарағанды облысының прокуратурасының бастамасымен өңірде «Құқықтық тәртіп менен басталады» қағидаты аясында «Таза Сенім» жобасы іске қосылды. Бастама азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдайтын өтініштерін қарау сапасын арттыруға және халықтың билік институттарына деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Суреттерді түсірген Е.ЕРБОЛАТ

Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, оған бес мемлекеттік орган тартылды. Атап айтқанда, полиция, мемлекеттік кірістер департаменттері, әділет органдары, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау басқармалары қатысуда. Бұл құрылымдар азаматтармен тікелей жұмыс істейтін негізгі салалар ретінде іріктелген.

«Таза Сенім» жобасы шеңберінде қатысушы мемлекеттік органдарға практикалық және әдістемелік қолдау көрсетіледі. Негізгі басымдық өтініштерді уақтылы, заң талаптарына сай және сапалы қарауға, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге беріледі.

Жобаның үйлестірушісі ретінде облыстың Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті белгіленді. Сонымен қатар бастаманы іске асыруға прокуратура органдары, әкімдік, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган, мәслихат депутаттары және Кәсіпкерлер палатасы жұмылдырылды.

Жобаның ашылуына арналған іс-шараға депутаттар, қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылығы қатысты. 

Жұмыс барысында оқыту семинарларын өткізу, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау барысын ай сайын талдау жоспарланған. Бұл шаралар проблемалық мәселелерді дер кезінде анықтап, жүйелі шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде азаматтардың өтініштерін қарау сапасы жақсарып, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығы артады деп күтілуде.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button