Өңірде асыл тұқымды мал басының саны артуда
Аймақта ет пен сүт өндірісін арттыру мақсатында биыл алты асыл тұқымды репродуктор мен төрт жаңа мал шаруашылығы кешенін ашу жоспарлануда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров мәлімдеді. Бұдан бөлек, басқарма басшысы аймақта соңғы төрт айдың ішінде 94,4 мың тонна сүт, 26,3 мың тонна ет, 221 млн. дана жұмыртқа өндірілгенін баса айтты.
Ведомство басшысы соңғы жылдары асыл тұқымды мал басының саны артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Бұған мемлекеттік «Агро» несие корпорациясының ықпалы зор. Соның нәтижесінде биыл 1742 бас ірі қара және 2316 бас жылқы сатып алынған.
– Тұқымдық түрлендіру, селекцияны ынталандыру жолымен асыл тұқымды мал басының үлес салмағын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2026 жылға дейін мал шаруашылығы саласында 1350 жұмыс орнын ашып, 43 инвестициялық жоба іске асыру жоспарлануда. Биыл оның 10-ы іске асырылады. Ауыл шаруашылығы жобалары әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырылатын болады. Осындай тетік бойынша екі тауарлық-сүт фермасын салу жоспарланған, – деді Асқар Санаубаров.
Сонымен қатар, өңірдегі жемшөп дақылдарының алқабы көбейтіп, мал шаруашылық саласын 1,9 млн. тонна шөппен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz