Өңірде алты жаңа өрт сөндіру стансасының құрылысы жүріп жатыр
Аймақтың табиғи қорын қорғау саласы биыл өрт қаупі кезеңін айтарлықтай сындарлы жағдайда өткерген болса керек. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен тақырыптық брифингте өрт маусымының қорытындылары мен 2026 жылға дайындық барысы безбен басына тартылып, сала өкілдері атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер турасында мәлім етті.

Алдымен облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев сөз алды. Бахтияр Жұматайұлы биылғы маусымда өңірдің мемлекеттік орман қорында 15-ке жуық өрт тіркелгенін, жер-жердің жағрапиясы да әр алуан болғанын атап өтті.
– Қорғалжын қорығы, Қарағанды орман шаруашылығы және Қарқаралы ұлттық паркі – жалын шарпыған негізгі ошақтар. Өрт атаулысының басым бөлігі найзағай салдарынан тұтанған. Жалпы, 487 гектар жер зақымданды, оның ішінде, ағаш өскіндері бар аумақ небәрі 8 гектарды құрайды, – деді спикер.
Мәнін жоймас маңызды бағыттардың бірі – тәртіп пен талап бұзушыларға шара қолдану. Биыл 10 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл көлемі 550 мың теңгеге жуықтаған. Бахтияр Санбаев мырза негізгі мәселелердің қатарына минералды белдеулерді уақытылы күтіп ұстау мен диспетчерлер даярлығының жеткіліксіздігін жатқызды. «Сонымен бірге, техникалық база нығайып келеді. Орман қорғау мекемелері қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылды», – деп қосты басқарма басшысы.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Марат Рахматулин өрттен сақтану инфрақұрылымын дамыту жайын баян етті. Марат Сабырұлының айтуынша, өңірде алты жаңа өрт сөндіру стансасының құрылысы жүріп жатыр: төртеуі Қарқаралы паркінде, біреуі «Бұйратау» паркінде, тағы бірі Қорғалжын қорығында. «Биыл 18 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, автоматтандырылған анықтау жүйелерінің тиімділігі артты. Бұл қауіп нысанын ерте анықтаудың ең сенімді тетігі», – деп ескерді Марат Рахматулин. Өрт қаупі кезеңінде бақылауды күшейту – төтенше жағдайлар департаментінің тікелей міндеті. Брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов те сөз алып, 22 шілде мен 28 тамыз аралығында ТЖД және әскери бөлімдердің механизацияланған жасақтары күшейтілген кезекшілік атқарғанын жеткізді. «Жауапты кезеңде күштер мен техникалар тәулік бойы дайын тұрды. Жедел әрекет ету уақыты қысқарып, өрт ошақтарын оқшаулау жылдамдады», – деді Құрмет Рахметұлы.
Тілсіз жаудың алдын алуда авиацияның рөлі ерекше. Атаулы бағыттағы жұмыстарды «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Қарқаралы авиациялық бөлімшесінің бастығы Тимофей Плотников хабарлады. Тимофей Владимировичтің айтуынша, бөлімше 156 мың гектар орман қорының әуедегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«2025 жылы біз 210 сағаттан астам ұшу жұмыстарын орындадық. Әуе рейдтері барысында сегіз өртті анықтап, оның алтауын десантшылар тікелей әуеден түсіп, негізгі күш жеткенше оқшаулады», – деді спикер. Әр ұшу кезінде үш-төрт маман бортына мініп, өрт ошағын дер кезінде сөндіруге мүмкіндік алған. Келер маусымға дайындық басталып та кетті. Авиациялық құрам толық жасақталған, мамандар медициналық тексеруден өтеді. Қыс кезеңінде техника мен құрал-жабдықтар жаңартылмақ. 2026 жылға 330 сағаттық әуе патрулі жоспарланған. Қазіргі таңда су төгетін жаңа үлгідегі құрылғыларды пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда көрінеді.
Сонымен қатар, келесі жылдың ең маңызды міндеттерінің бірі – орман алқаптарын барынша қалпына келтіру. Бірнеше орман шаруашылықтарында 600 гектар аумаққа шамамен 1 миллион көшет отырғызу жоспарлануда. Өрттен зардап шеккен 20 гектарға қарағай егу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, биылғы өрт қаупі кезеңі мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында тастүйін қалыпта өткен. Ал, алдағы маусымда жүйелі жұмысты одан әрі жаңғырту, қауіп ошақтарын ерте анықтау технологиясын күшейту әрі орман алқаптарын қалпына келтіру шаралары кең көлемде жалғаса түспек.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



