Жаңалықтар

Өңір тынысы – депутат назарында

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қарағанды облысына іссапармен келді.

Сенатор Рысқали Әбдікеров Нұра ауданының бөлім басшыларымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесуде депутаттар Талдысай, Соналы, Құланөтпес ауылдық елді мекендерінде ұялы байланыс пен интернеттің болмауы, сондай-ақ Баршын, Жанбөбек, Тікенекті ауылдарында интернеттің төмен жылдамдығы, мемлекет есебінен жайылымдарды суландыру және ауыл әкімдері деңгейінде дамбалар, еріген суды жинау үшін бөгеттер, ауыл малын суару сияқты мәселелерді көтерді.

Кездесуде сенатор депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жеке бақылауға алынатынын атап өтті.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуден кейін, сенатор Нұра ауданының Полиция бөлімі және «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-де болды. Р.Әбдікеров заң жүйесіне енгізіліп отырған бірқатар жаңартуларға тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Сенатор Нұра ауданының Ахмет ауылындағы «Н.Қоғабаев» шаруа қожалығы ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Рысқали Әбдікеров Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымы әрдайым өзекті екенін және өңірлерде халық игілігі үшін жасалатын жағдайлар аз емес екенін атап өтті.

Бұдан кейін Сенат депутаты Р.Әбдікеров Шет ауданы Өспен ауылдық округінде халықпен кездесу өткізді. Негізі округте 1 400-ден астам адам тұрады. Кездесуге жергілікті қоғамдастық, ардагерлер кеңесінің және аналар кеңесінің мүшелерімен қатар округте орналасқан мекеме ұжымдары қатысты. Кездесу барысында Сенат депутаты Р.Әбдікеров ағымдағы жылы өткен референдум арқылы ҚР Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіре отырып, бұл өзгерістердің халық және мемлекет үшін қандай маңызды екендігіне тоқталып өтті.

Тұрғындар өз тараптарынан әр түрлі мәселелер төңірегінде толымды ойларын ортаға салды. Сенат депутаты тұрғындар тарапынан туындаған сауалдардың барлығына тұщымды жауап берді.

Округ тұрғындары Сенат депутатын жылы қабылдап, депутаттық еңбекте жаңа табыстар тіледі.

Сонымен қатар, Рысқали Әбдікеров жұмыс сапарымен Қарағанды облысының Теміртау қаласына барып, қала активімен, прокуратура қызметкерлері мен қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында тұрғындармен кездесті.

Қала активімен кездесуде Сенат депутаты елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Р.Әбдікеров Президент алғаш рет облыс әкімі лауазымына тағайындау функциясын жаңа білімде қолданып, жаңа құрылған облыстарда екі үміткерді ұсынғанын атап өтті.

Өз кезегінде, Теміртау қалалық мәслихатының депутаттары сенаторға қаланың өзекті проблемалары туралы хабарлады. Мысалы, нарықтық экономика жағдайында барлық кәсіпкерлердің мемлекеттік тендерлерге тең қол жеткізуі тиіс екеніне назар аударды. Сондықтан, мемлекеттік сатып алу процесіне өзгерістер енгізудің мүмкіндігін қарау бойынша пікірлер туындады.

Сенатор сапар аясында Теміртау қаласы прокуратурасының және халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Заңдылықты қадағалау органымен кездесуде қызметкерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Сенат депутаты Р.Әбдікеров Қарағанды облысына іссапары барысында Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне барып, өңірдің пенитенциарлық жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Оған, Қарағанды облысының қылмыстықатқару жүйесінің құрылымы мен қызметі таныстырылды. Сондай-ақ, Рысқали Әбдікеров мемлекеттің заңнамалық құрылымды өзгерту бөлігінде жүргізіп жатқан саясатын, ағымдағы жылғы 5 маусымда өткен референдумда ел азаматтарының қолдаған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін түзетулері туралы түсіндірді.

Сенатор Қарағанды облысына сапары кезінде құрамына аймақтың жетекші ақпараттық басылымдары облыстық «Индустриальная Караганда», «Ortalyq Qazaqstan» газеттері, «Life 09» интернет БАҚ, «Saryarqa news» ақпараттық порталы кіретін «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ол Қазақстанның алдында тұрған бірнеше негізгі мәселелерін атап өтті. Бұл – тұрақты жұмыс орындарын ашу, ең төменгі зейнетақыны көтеру, әйелдердің зейнет жасын төмендету, сондай-ақ ауыл жұртшылығы үшін мал жайылымының жетіспеушілігі. Холдинг қызметкерлері Шет ауданының бірқатар елді мекендерін сумен қамтамасыз ету, Қарқаралы ауданының жолдарының сапасы, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының мәселелерін, оның ішінде мердігер компаниялардың жол жөндеу кезінде сапасыз қызмет көрсетуін тілге тиек етті. Өз кезегінде, Р.Әбдікеров жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекеттік БАҚ қоғамның айнасы екенін атап өтті.

11 шілдеде Рысқали Әбдікеров Саран қаласына жұмыс сапарымен барды. Сенат депутатымен қала әкімі, Саран мәслихатының хатшысы және басқа да жауапты адамдар бірге жүрді. Сапар барысында Сенатор Саран қалалық сотында болып, онда екі жыл бұрын Қарағанды өңіріндегі басқалармен қатар, халыққа ыңғайлы болу үшін жабдықталған фронт-офисті қарап шықты. Сот ғимаратына мүмкіндігі шектеулі жандардың кіруіне және кедергісіз орта құруға назар аударылды.

Бұдан кейін Р.Әбдікеров орталық жылу көзінің, «Kama Tyres kz» ЖШС зауытының және «QazTehna» ЖШС «Yutong» брендінің автобустарын, электр автобустарын және арнайы техникасын шығаратын зауыттың құрылыс алаңдарын аралады. Бұл жобалардың барлығы Саран қаласы үшін өте маңызды.

Сондай-ақ, Р.Әбдікеров үйлерді қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқан РТИ шағын ауданында болды. Саран қаласы әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 9 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жыл сайын 6-7 көпқабатты үйді қалпына келтіру міндеті қойылған.

Қорытындылап айтсақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров кездесу барысында ҚР Президентінің елді дамыту мәселесіне бағытталған бастамаларын негізге алуын және оларда көрсетілген басымдылықтардың қажеттілігін атап өтті.

Жазыкен ТОМПИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button