Өңір тарихы – өнеге мен өсиет
«Арқаның Ақтоғайы» атты бұл кітап – Ақтоғай өңірінің өткені мен бүгінін түгел қамтыған төлқұжаты дерлік еңбек. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Туған жер» бағдарламасын орындау барысында дүниеге келген кітаптардың қатарынан. Біздің қолға енді түскенімен, 2018 жылы шыққан 512 беттік кітап – монографиялық зерттеуге құрылған, ол жағы талас тудырмайды. Сонымен қатар, орта тұсынан соңына қарай кітап энциклопедиялық жинақ іспетті өлкенің тау-тасы мен ұңғыл-шұңғылына дейін түгендей барады. Туған жердің әрбір шоқы, қыраты бүгін біз елей бермегенімізбен, ертеңгі ұрпақ үшін керек-ақ дүние. Олай болмаса, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында өлкетану тақырыбына арнайы тоқталар ма еді? Ондағы тапсырмалардың орындалып жатқанын біз осындай зерттеулерден білеміз.
Алаштың қазынасындай Ақтоғайдың тарихы тастағы таңбаларынан басталыпты бұл еңбекте. Бұған дейін Желтау, Бектауата тауларындағы тастағы таңбаларды естіп, біліп, суреттерден тамашалап жүрсек, мұнда соларға арнайы тоқталған. Көне өркениеттен сыр шететін Беғазы мәдениеті жөніндегі деректер де біраз екшеліп, жүйеленіп берілгені байқалды. Дәл осын дай Қанаттас моласы жөнінде бүгіндері кім біліп жатыр? Бұл тақырып та осы еңбекте өріс тапқан. Және әрбір тас мүсін сызбала рымен ұсынылғанын атап өткен ләзім.
Ақтоғай топырағының шежіре-баянын тас ғасырынан бастап бүгініне бір-ақ әкелген еңбектің ішінде не жоқ дейсіз?! Беғазы өркениетінен бері сыр тартатын алғашқы тараулар көбіне көп тарихы мен географиясына мән берген.
Тегінде, облыс көлеміндегі қай аудан, қала болсын, осындай реттілікпен тасқа басылып отырғаны – ел мен жердің тарихын байытып, арнасын кеңейте түсері сөзсіз. Біздің қолдағы бұл еңбекті де осы тұрғыдан бағалаған жөн шығар. Тас дәуірінен бері тасбақадай жылжып, жыланша жорғалап бүгінге өте шыққан уақыттың әр мезетін түгел қамту мүмкін емес. Дегенмен, тарих бетіне қатталған әр кезеңнің басты белгілері арқылы біз болашақ ұрпақты туған ел мен жердің қадір-қасиетіне жақындата түсеріміз анық. Соның ішінде адамзатпен бірге жасасып келе жатқан қазақ халқының жүріп өткен жолында Ақтоғай топырағының алар орнын айтып жеткізуді мұрат тұтқан және соның үдесінен шыға білген іргелі еңбектің бірі – бұл. Там-тұмдаған осындай еңбектер арқылы өңір тарихының өнегесіне қанып, танымымызды байытамыз. Кітапта Түрік қағанаты, Қазақ хандығы дәуірлері тұсындағы Ақтоғай даласы, «Қазақ-Жоңғар қатынастары», ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы көші-қон мәселесі», «Дәстүрлі қоғам, билер заманы» кезең-кезеңімен қамтылған. ХХ ғасырдағы Ақтоғай өңірінің келбетіне сала-сала бойынша тоқталғаны бірнеше тарауларға бөлінген тақырыптарынан-ақ байқалады. Біздің көзге оттай басылғаны – ХХ ғасырдан қалған ескі карта мен Тоқырауын көтерілісінің қыр-сыры хақындағы материалдар. Желтоқсан жаңғырығы да назардан тыс қалмапты.
Өңірдің өткенінен бүгініне дейінгі деректі жіпке тізіп, жинақтаушы автор лар – тарих ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Темірғали Аршабеков, өлкетанушы Аманкелді Туғанбай және Мұратқан Қожахмет. ХХ ғасыр қойнауына Ақтоғай топырағының көзімен үңілгенде бір ғаламат қой, түсінгенге. Ақтоғай десе – Алаш, Әлихан Бөкейхан, Алаш десе Ақтоғай еске түсетіні екібастан белгілі жайт. Сондықтан, бұл өңірдің тарихи тұлғаларын санап бітпейсіз. Әлихан Бөкейхан бабамыздан бері қайырғанның өзінде солай. Мемлекет қайраткерінен бастап, өнер, мәдениет саласының өкілдерін тізе берсе, жетеді. Қалай болған күнде, жалғыз Ақтоғай ғана емес, кез келген өңір тарихы – ұлт шежіресінің ажырамас бөлігі. Бүтіннің бөлшегі. Алып діңгектің тереңнен тыныс тартып тұратын тамырлары. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген қазақ халқының тарихы Ұлы Далаға қоныстанған ауыл-ауылдар мен аудандардан басталатынын түсіндіріп жатудың өзі артық шығар.
Жәнібек ӘЛИМАН.