Өңір спорты өркендейді
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің төрағалығымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында алқа отырысы өтті. Отырыс барысында бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінің даму динамикасы мен проблемалық мәселелері қозғалды.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/8b199869-8bc6-4bb9-ae22-18c73484be39.jpg)
Отырысқа облыстық мәслихаттың депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова, спорт саласының құрметті қайраткерлері Валерий Громов, Ерлан Досмағамбетов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда мен басқарма басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев былтырғы жылдың қорытындысына тоқталды.
Басқарма басшысының дерегінше, өткен жылы облыс спортына 21 млрд 314 млн теңге қаржы бөлінген. Ал, биыл жоспарға сәйкес 23 млрд 126 млн теңге бөлінбек. Сонымен қатар, өңірдегі спорт нысандарының саны 1 301-ге жетті. Ал, оның 131-і – ауылдық жерлерге тиесілі нысандар. Былтырдың өзінде 54 спорт нысаны ашылыпты.
– Қазіргі таңда төрт спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Атап айтсақ, Приозерск қаласында 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Саран мен Ақтас ауылында 150 орындықты спорт кешені бар. Және Қарқаралы қаласында стадион салынып жатыр. Одан бөлек тағы төрт жобаны іске асыру жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданындағы Көктас ауылына, Бұқар жыраудағы Қушоқыға республикалық бюджет есебінен спорттық-сауықтыру нысандары салынбақ. Және Ақсу-Аюлы ауылы мен Осакаровка кентіне республикалық бюджет есебінен бассейн салынады, – деді басқарма басшысы.
Серік Сәпиев өз сөзінде ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға баса көңіл бөлетіндігін жеткізді. Мәліметтерге сүйенсек, өңірде 55 235 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 30 617-сі спортпен шұғылдана алады. Осы мақсатта түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
– 2024 жылы 275 параспортшы 19 халықаралық және 30 республикалық жарыстарға қатысып, 255 медаль жеңіп алды. Оның 155-і – алтын. Өткен жылдың ең үздік көрсеткіші – Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында біздің спортшылардың жетістіктері. Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан, Даяна Федосова дзюдодан қола медаль жеңіп алды. Өңірден 105 спортшы Ұлттық құрама мүшелігінде, – деп атап өтті Серік Жұманғалиұлы.
Ал, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алма Шалабаева биыл облыс мектептерінде 4 151 спорт секциясы жұмыс істейтіндігін баса айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 93 спорт секциясына ұлғайыпты.
– Әр оқушының сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдануын мақсат еттік. Сондықтан, спорт секцияларын құрып, қатысушылар санын арттыру мақсатында жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Ауыл мектептеріндегі спорт залдарын ересектердің кешкі уақытта пайдалануы мәселесі жиі көтеріледі. Аймақтағы мектептер қажетті спорттық құрал-жабдықтар, керек-жарақтармен 60 пайызға қамтылған. Былтыр шаңғымен шұғылдануға, жеңіл атлетика мен гимнастикаға арналған спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға бюджеттен 73 миллион теңге бөлінді. Барлық мәселе білім басқармасының бақылауында, – деді Алма Қабыкенқызы.
Бұдан бөлек, жиында Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова ауданында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жұмыстар жайында айтып берді. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Андрей Уманцев те атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан