Білім

Өңір өндірісінің өрлеуіне қадам

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техника­лық университеті базасында QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық форумы өтті. Іс-шара облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылып, өңірдің өнеркәсіптік, ғылыми және инновациялық әле­уетін бір арнаға тоғыс­тырды. Форум жұмысына өнеркәсіп кәсіпорындары, жоғары оқу орындары, ғы­лыми-зерттеу институттары, мемлекеттік органдар мен жас зерттеу­шілер қатысты.

Сурет Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық университетінің баспасөз қызметінен

Алғашқы күні аймақ дамуының төрт басым бағыты бойынша кластерлік пікірталас ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тау-кен металлургия кешені, көмір-химия және жаңа материалдар, «Индустрия 4.0» тақырыбы, сондай-ақ, экология мәселелері кеңінен талқыланды. Пікірталасқа бейіндік бағыттағы оқытушылар мен студенттер белсенді қатысып, өңірлік экономика үшін маңызды ұсыныстарды сарапқа салды. Сонымен қатар, «QarTech» инкубаторының стартаптар көрмесі өтіп, өнеркәсіп кәсіп­орындарының нақты сұраныстарына бағытталған технологиялық жобалар «Demo Day» форматында таныстырылды.

Екінші күні «Инновациялық синергия: индустрия – ғылым – мемлекет» атты сессия өтті. Онда өнеркәсіп, ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, қолданбалы ғылыми әзірлемелерді өңір экономикасына енгізу жолдары талқыланды.

– QarTech форумы ғылым, өндіріс және мемлекеттік құрылымдар арасындағы нақты өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Мұнда көтерілген бастамалар мен ұсыныстар қағаз жүзінде қалып қоймай, өңір экономикасына нақты енгізілетін жобаларға ұласуы тиіс. Біз үшін басты мақсат – ғылыми әлеуетті өндірістің нақты сұранысымен ұштастырып, жаңа технологияларды кәсіпорындарға жедел енгізу, – деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Форум аясында QarTech технология­лық стартап жеңімпаздары анықталып, бес командаға ақшалай сыйақы табысталды. Сонымен қоса, қолданбалы ғылыми-технологиялық әзірлемелер байқауы қорытындыланып, төрт ғылыми-өндірістік кластер аясында сегіз жоба үздік деп танылды. Жеңімпаздар қатарында Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары, өңірдегі өзге де жоғары оқу орындарының өкілдері және Тұрақты даму қоғамдық қорының командасы бар.

Форум барысында инновацияларды мемлекеттік және институционалдық қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, технологиялық трансфер және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері бойынша салалық эксперттік интенсивтер өтті. Сондай-ақ, инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылып, өңірлік ғылыми әлеуеттің мүмкіндіктері таныстырылды.

Айта кетейік, форум жұмысына өңірдегі 80-нен астам серіктес кәсіпорындар мен облыстың жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Бұл ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың жоғары екенін және өңірде инновациялық экожүйенің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button