Өңір медицинасында өрлеу бар
Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 26 жаңа медициналық нысан ашылды. Биыл 66 медициналық нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Оның құжаттарын реттеу, құрылысқа дайындық жұмыстары өткен жылы қолға алынған. Жалпы, 2026 жылға қарай өңірдегі ауылдық медициналық ұйымдардың 52%-ы жаңартылады. Президент тапсырмасымен ауылдық елдімекендерде денсаулық сақтау мекемелері бой көтеріп, инфрақұрылымы жақсарады.
Жалпы, соңғы алты жылда облыс көлемінде 41 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Оның ішінде, облыстық көпсалалы балалар ауруханасын айтуға болады. Құрылысы бірнеше жылға созылған аурухана осыдан екі жыл бұрын ашылды. Жаңа ауруханада сәбилерге де, үлкен балаларға да сапалы көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Гравитация мен нөлдік ауырлық әсерін беретін инновациялық күйікке қарсы кереует алынған. Төсек толтырғышының тығыздығын судың тығыздығымен салыстыруға болады, сондықтан қатты күйік шалған науқас қалқып жатқандай болады. Бұл зақымдалған теріге қысым түсіруден сақтайды. Ауруханада консультативтік орталық жұмыс істейді.
Емдеу мекемесіндегі «Қамқорлық» ерте даму орталығында емдік дене шынықтыру заманауи кабинеттері, тұз, сенсорлық және шунгитті бөлмелер жабдықталған. Мұнда 3 айдан – 3 жасқа дейінгі балалар кешенді оңалту көмегін ала алады. Былтыр 3 жастан – 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын тағы бір оңалту орталығы ашылды.
Осы уақытқа дейін балалар ауруханасы болған ғимарат медицина қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үй ретінде қайта құрылып, 94 адамға пәтер кілті табысталды.
Жаңа нысандар қатарында облыс орталығында жедел медициналық жәрдем жаңа қосалқы станциясы бар. Ол Сұрыптау тұрғындарына қызмет етеді. Жаңа ғимаратта 40 адам, екі бригада жұмыс істейді. Олар жылына 25 мыңнан 50 мыңға дейін қоңырау қабылдай алады. Негізгі ғимаратта қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері орналасқан. Сондай-ақ, симуляциялық класс жабдықталған. Шұғыл көмектің сапасын арттыру мақсатында Балқашта алғашқы жедел медициналық көмек қосалқы станциясы ашылды. Себебі, тұрғындардың өмірі мен денсаулығы жедел жәрдем бригадасының жолға қойылған әрекеттеріне байланысты.
Ауылдарда медициналық мекемелерді салу «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында мүмкін болды. Бағдарлама аясында алты фельдшерлік-акушерлік пункт, ал, ұлттық жоба негізінде 26 медицина нысаны бой көтерді. Мұның барлығы бұрын медициналық мекемесі болмаған немесе тозығы жеткен ғимаратта болған ауылдарда салынып жатыр. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, 2033 жылға дейін тағы 20 нысанның құрылысы жоспарланған. Нақтыласақ, бір ауылдық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт және 12 медициналық пункт бой көтереді. Бұл шаралардың барлығы ауыл халқының медициналық көмекті аудан орталығы немесе қалаға бармай-ақ, өз елдімекенінде сапалы алуына мүмкіндік береді. Әрі қала мен ауыл арасындағы сапалық алшақтықты жоюға бағытталған.
Жаңа нысандармен қатар, бұрыннан қолданыстағы медициналық мекемелер толық жөнделуде. Өткен жылы үш аудандық аурухана 368 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. 2025-2026 жылдары 282 млн теңгеге тағы бір аурухананы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Теміртау мен Балқаш қалаларында екі ауданаралық аурухана жаңғыртылды. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. 10 нысанда күрделі жөндеу жүргізілді, ал, бес нысанда екі жылдық жөндеудің бірінші кезеңі басталды. 17 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.
Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін әр ауданда жылжымалы дәріхана пункттері жұмыс істейді. Төрт өңірде жылжымалы медициналық кешендер, емдеуді қамтамасыз ету және шалғай елдімекендерде көмек көрсету қолданылады. Телемедицинаны дамыту шалғайдағы аудандардың тұрғындары үшін консультациялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ресми дерек бойынша былтыр 2 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық сатып алыныпты. Олардың қатарында стационарларға, емханаларға, онкологиялық диспансерге, балалар ауруханасына, сондай-ақ, перинаталдық орталықтарға арналған құралдар бар. Сонымен бірге, қызметкерлерге арналған пәтерлер, жиһаз бен тұрмыстық техника да сатып алынды.
Ірі сатып алуларға эндоскоптар, ультра дыбыстық зерттеу, өкпені қарқынды желдету аппаратты, анестезиологиялық жүйелер, роботты және заманауи хирургиялық кешендер және басқалары жатады. Одан бөлек, медицина колледждерін жиһаз және компьютерлермен қамту үшін қаражат бөлінді. 19 бірлік қымбат жабдық сатып алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобалары аясында 1 млрд теңге сомасына 3 бағдарлама іске асырылды: пульмонология, комбустиология және кардиология. Келесі жылға тағы 4 жоба жоспарланған.
Онкологиялық аурулары бар науқастарға қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Сәулемен емдеудің алтын стандарты ретінде танылған томотерапияны енгізу аймақтың онкологиялық қызметін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Былтыр Қарағандыда ашылған елдегі үшінші орталық дәстүрлі сәулеленуді жоғары дәлдіктегі томографиямен біріктіреді. Бұл сау тіндерді зақымданудан сақтай отырып, тікелей ісіктерге әсер етеді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында Halcyon моделінің желілік үдеткіші орнатылды. Онкологиялық диспансерде 106 орындық жаңа химиотерапия корпусы ашылды. Тәулігіне 100 пациентке дейін қабылдайтын күндізгі стационардың жағдайы жақсарды. Онкологиялық диспансердің консультативтік-диагностикалық орталығында басталған екі жылдық күрделі жөндеу жұмысы жоспар бойынша биыл аяқталады. Осы ретте облыс орталығында 2021 жылы басталған облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының құрылысы қайта жанданғанын ерекше атап өту керек. Сонымен қатар, облыс орталығында «Orhun Medical» ЖШС-мен ынтымақтастықта онкологиялық науқастарға арналған ПЭТ/КТ орталығын салу жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру пациенттерге жоғары білікті медициналық көмекті тікелей осы жерде алуға мүмкіндік береді.
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін Үздік тәжірибелер орталықтары арқылы жандандырылатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек белсенділендірілді. Қазіргі кезде 5 орталық жұмыс істейді. Ал, осы жылдың соңына дейін олар облыстың барлық емханаларын қамтиды. Денсаулық сақтаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін патронаж қызметі, қоғамдық мониторинг және кері байланыс енгізілді. Қорды ішінара ұстау пилоттық жобасына 78 отбасылық дәрігер жұмыс істейтін Қарағанды және Теміртау емханалары қатысады.
Кадр мәселелерін шешу үшін әкімдіктермен және бейінді ұйымдармен бірлесіп мамандарды тарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Кешенді шаралардың нәтижесінде аймақтағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін табуда.
Облыста бүгінгі таңда 15 710 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 5 мыңнан астам дәрігер және 10 мыңнан астам орта медицина маманы бар. Ауылдарда 391 дәрігер және 1 408 орта медицина қызметкері жұмыс істеп жүр. Кадр тапшылығы 64 бірлікті құрайды, оның 17-сі ауылдық жерлерде. Соңғы екі жылда тапшылық 62%-ға қысқарды. Біршама тапшылық Балқаш, Теміртау, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында байқалады. Мәселені шешу мақсатында жас мамандарды тартуға және медицина қызметкерлерін материалдық қолдауға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған кадрлық стратегия әзірленді. Екі жыл ішінде салаға 563 маман тартылды. Былтыр 210 жас маман жұмысқа алынды, оның 106-сы ауылдық жерлерге жіберілді. Әлеуметтік қолдау шеңберінде көтерме жәрдемақылар, қызметтік тұрғын үй және ипотекалық несиелер беріледі. 2024 жылы 63 маманға 407 млн теңге көтерме жәрдемақы төленіп, ауылға келген 106 дәрігерге көмек көрсетілді. 2025 жылы бұл мақсатқа 419 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат тағы 70 маманды тартуға мүмкіндік береді. Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту арқылы медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға негіз қаланады. Сала мамандарына 203 қызметтік пәтер берілгені де мамандарды әлеуметтік қолдаудың бір көрінісі. Қарағанды қаласында тұрғын үй кешенін салу және Нұра ауданында 14 пәтерлі үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мамандардың біліктілігін арттыру үшін былтыр 300 млн теңге бөлінді. 106 дәрігер шетелде оқып келді. Соның арқасында жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізу мүмкіндігі пайда болды. Әр медициналық ұйым қызметкерлерді қайта даярлауға және оқытуға қаражат қарастырып отыр. Сонымен қатар, кадр тапшылығын жою үшін жыл сайын білім беру гранттары бөлінеді. Мәселен, 2024 жылы 569 млн теңгеге 93 грант бөлінді. Қазіргі кезде жергілікті бюджет есебінен 182 резидент оқып жатыр, оның 52-сі биыл бітіріп шығады (акушер-гинекологтар, неврологтар, психиатрлар және басқалар). Балқаш пен Теміртаудың ауданаралық ауруханаларында 40 түлек жұмыс істеуге тартылады, олар жұмысын биылдан бастайды деп жоспарланған. Биыл алғаш рет «бакалавр» дәрежесін бере отырып, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін облыс әкімінің білім беру грантын ұсыну жоспарлануда. Іріктеу педиатрия және терапия саласындағы мамандарды даярлау үшін мектептер мен медициналық колледждердің түлектері арасында жүргізіледі. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын шешуге көмектеседі. Жалпы практика дәрігерлерінің тапшылығын шешу үшін орта медициналық персоналға қосымша өкілеттіктер беріле отырып, «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы бойынша оқытылады. Өткен жылы алғаш рет мейіргерлік қабылдау жұмысы ұйымдастырылды: жоғары білімі бар мейіргерлер өз бетінше қабылдау жүргізіп, пациенттерге консультация береді, бұл учаскелік дәрігерлердің жүктемесін төмендетіп, қабылдау уақытын ұзартты.
Өткен жыл қорытындысына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау саласы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді деуге негіз бар. Оның ішінде бастысы, облыс тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 72,3-тен 73,4 жасқа дейін ұлғайды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 6,9%-ға төмендеуі байқалады. Алайда, жазатайым оқиғалардан, оның ішінде жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 12%-ға артты. Онкология саласында 192 465 адамды қамтыған скринингтік зерттеулер жүргізілді. Бұл 13 808 ісікті, оның ішінде, 3 766 қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік берді. Дифференциалды диагностика және қосымша тексеру облыстық онкологиялық диспансердің базасында жүзеге асырылды. Ең көп таралған аурулардың қатарына сүт безі, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісік жатады. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және ерте диагностика онкологиялық науқастардың өмір сүру ұзақтығының жақсаруына ықпал етті.
Былтыр аймақта 14 636 бала дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға аз. Ана өлімінің бір жағдайы тіркелді, сәбилер өлімінің көрсеткіші 5,9% деңгейде. Акушерліктегі ауыр жағдайлардың үлесі 37%-ға төмендеді. Жүкті әйелдерді ерте қарау саны 50%-ға өсіп, абсолютті қарсы көрсетілімдері бар жүктілік 5%-ға қысқарғанын айтып отыр басқарма мамандары.
Саладағы жетістіктер – қолға алынған бағдарламалар мен реформалардың нақты нәтижесі. Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға, оның ішінде, білім мен денсаулық сақтау ісіне айрықша мән береді. Соның арқасында медициналық көмек көрсетудегі озық тәжірибелер қалыптасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ