Жаңалықтар

Өңір дамуының күретамыры

Өңір басшылығының тапсырмасына сәйкес өткен жылы облысымызда жолаушылар тасымалы мен көлік инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Тұрғындарға көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттырып, жол қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жобалар қолға алынды.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Былтыр аймақта қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары қарқынды қолға алынды. Тасымалдаушы компаниялар отандық өндірістен 195 жаңа автобус сатып алды. Оның 46-сы облыс орталығын қала маңындағы елдімекендермен және іргелес қалалармен байланыстыратын ауданаралық бағыттарға жіберілді.

Атап айтқанда, жаңа автобустар Шахтинск, Саран, Теміртау қалаларына, сондай-ақ, Топар және Шахан кенттеріне қатынай бастады. «Қарағанды-Теміртау» бағыты бойынша №107 сегіз автобус толық жаңартылды.

Жаңа көліктердің басым бөлігі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мәселен, «№3 Автобус паркі» ЖШС сатып алған 36 автобус кондиционер жүйесімен қамтылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Бұл көліктер пандуспен, арбаға арналған арнайы орындармен және жүргізушіні шақыру батырмасымен жабдықталған.

Өңірішілік маршруттық желіні дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Бұрын тоқтап тұрған «Қарағанды-Қарқаралы», «Қарағанды-Ақадыр» бағыттары қайта іске қосылды. Сонымен қоса, «Қарағанды-Балқаш» бағыты Ақтоғай ауданы арқылы жаңа маршрут ретінде ашылды.

Көлік жүйесінде теміржол қатынасы да айрықша орын алатыны мәлім. Балқаш өңірінің туристік мүмкіндігіне қолдау көрсету мақсатында өткен жазғы маусымда «Қарағанды-Балқаш» бағыты бойынша қосымша пойыз қатынасы ұйымдас­тырылды. Алты вагоннан тұратын пойыз екі күнде бір рет қатынап, жаз мезгілінде 15 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетті.

Сонымен қатар, республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында облыста 14 нысан қайта жаңартылуда. Оның ішінде, 10 вокзал мен 4 жолаушылар станциясы бар. Жобалар вокзалдарды жаңғыртып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Барлық ойға алған жұмыстарды биыл аяқтау көзделген.

Көлік саласының айтулы бағыттарының бірі – азаматтық авиация. Қазіргі таңда Балқаш қаласының әуежайында кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың соңында арнайы автокөлік қызметінің ғимараты пайдалануға берілді. Әуежай терминалының реконструкциясы жалғасуда. Биылғы жазда «Алматы-Балқаш-Алматы» және «Астана-Балқаш-Астана» бағыттары бойынша күнделікті рейстер ашу жоспарланып отыр. Әуежайдың толыққанды жұмыс істеуі үшін арнайы аэродромдық техника кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Сонымен қатар, «Сарыарқа» әуежайын аэрохабқа айналдыру жұмыстары да жолға қойылды. Жеке инвестициялар есебінен авиаотын сақтауға арналған JET A-1 кешенінің құрылысы басталды.

2025 жылы облыс аумағында 637 шақырым автожол жөндеуден өтті. Оның ішінде 242 шақырым – республикалық, 84 шақырым – облыстық, 311 шақырым – қалалар мен аудандардағы жолдар.

Облыстық маңыздағы бірқатар жолдарда қайта жаңғырту аяқталды. «Нұра-­Осакаровка», «Жартас-Долинка», «Үштөбе-Құрылыс» бағыттарында қозғалыс қауіпсіздігі мен жол сапасы айтарлықтай жақсарды.
«Теміртау-Ғабиден Мұстафин кенті» бағытындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің ашылуы тұрғындардың көптен күткен түйткілді мәселесін шешті. Бұрын 40 шақырымды айналып өтетін жол 12 шақырымға қысқарды.

Жолдардың ұзақмерзімді сапасы үшін барлық учаскеде қалыңдығы 11 см болатын екі қабатты асфальт төселді. Қар басатын аумақтарда жаңа үлгідегі қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылып, қарғын қаупі бар жерлерде су өткізу жүйелері жаңартылды.

Ауыр жүк көліктерінің жолды бүлдіруін болдырмау мақсатында автоматты салмақ өлшеу жүйелері енгізілуде. Бұл жолдардың сақталуына және қауіпсіздікке оң әсерін тигізеді. Облыстың 6 ауданындағы 21 елдімекенде 84 шақырым ішкі жол «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жөнделді.

Қорыта айтқанда, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласында жүргізілген жұмыстар өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін береді. Алдағы кезеңде де көлік инфрақұрылымын жаңғырту, қауіпсіздікті күшейту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Мақсат МҰҚАШЕВ,
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button