Бас тақырып

2025 жылы облыста өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6 пайызға артты

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылға арналған негізгі бағыттар талқыланды. Жиын барысында облыс экономикасы мен бюджет тиімділігін қалыптастыру, өнеркәсіп пен индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалып, алдағы кезеңге қойылатын міндеттер айқындалды. Көрсетілген негізгі индикаторлар өңірдің тұрақты өсімін және экономикалық серпінді сақтағанын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, инвестициялық белсенділік, өндірістік әлеуетті дамыту және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалардың маңыздылығы да ерекше атап өтілді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Индустрия мен инвестиция серпіні

Алдымен, облыстың 2025 жыл­ғы әлеуметтік-экономикалық да­му қорытындылары қаралды. Ал­ғашқы болып баяндамасын ұсын­ған облыстың экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов өңір экономикасы оң динамиканы сақтағанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл қорытындысы бо­йынша жалпы өңірлік өнімді қа­лыптастыратын негізгі салалардың өсімі 5,4 пайызды құраған.

– Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының негізгі драйвері болып отыр. 2025 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6 пайызға артты, ал, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,8 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді, – деді Дулат Әшкенов.

Басқарма басшысы бұл көрсеткіштерге металлургиямен қатар жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, химия, машина жасау, тамақ және құрылыс индустриясы салалары елеулі үлес қосқанын жеткізді. Сонымен бірге, тау-кен өндірісі секторында көмір мен металл кендерін өндіру көлемінің артуы есебінен өсім тіркелген.

Дулат Кәрімұлы инвестиция­лық белсенділікке де жеке тоқталды. Айтуынша, былтыр облыс экономикасына шамамен 1,4 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Ауыл шаруашылығы саласын­да да жаңа жұмыс орындарын құ­румен бірқатар жобалар іске асырылыпты.
Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 721 млрд теңгеге жетіп, 597 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 6 мыңнан астам жаңа пәтерді құрайды. Ішкі саудада тауарларды өткізу көлемі 5,2 трлн теңгеден асып, көлік және байланыс салаларында да көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуі тіркелген.

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев та 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіп саласында тұрақты өсім қамтамасыз етілгенін атап өтті.

– Өткен жылдың нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі ар­тып, жалпы шығарылған өнім 4,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды әрі тұрақты көрсеткіш. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім 7 пайызды құрап, өндіріс көлемі 803,4 млрд теңгеге жеткен, – деді Асқар Ғазалиев.

Агроөнеркәсіп пен инфрақұрылым

Бұдан бөлек, облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбековтің баяндамасы тыңдалды. Ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешені тұрақты оң даму қарқынын сақтағанын атап өтті.

– Өткен жылдың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 531,1 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, агроөнеркәсіптік кешенде оң динамика сақталып отыр. Өсім мал шаруашылығын дамыту және өсімдік шаруашылығындағы тұрақты көрсеткіштер есебінен қамтамасыз етілді, – деді Ануар Тюлюбеков.

Басқарма басшысы саладағы инвестициялық белсенділікке де тоқталып, өндірісті кеңейтуге және тиімділікті арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын тапқанын және бұл агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Ал, облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлы 2025 жылы облыс құрылыс саласында жоспарланған көрсеткіштерге қатысты кейбір аймақтарда аздап ауытқулар тіркелгенін атап өтті.

Ол сондай-ақ, кейбір инвестициялық жобалардың, соның ішінде «Мойынты-Қызылжар» теміржол тармағын салу жобасының жүзеге асу мерзімдерінің ауысуы қосымша әсер еткенін де жеткізді.

Міндет пен меже

2025 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң динамикамен өткен. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және құрылыс салаларында өсім байқалып, инвестициялық белсенділік сақталған. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың пікірінше, аймақ экономикасының өсуін қамтамасыз ету үшін 2026 жылы кемінде 7% өсімге қол жеткізіп, 1,9 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту қажет. Аймақ басшысы өңдеуші өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беруді тапсырып, азықтүлік пен тұрмыстық тауарлар өндірісін ұлғайтуға нақты шаралар қабылданатынын айтты.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button