Өңір дамуында іркіліс жоқ
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің дамуы мен Тәуелсіздік күнін мерекелеу барысы кеңінен талқыланып, таразыланды. Мереке қарсаңында өңірде 130-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, кезекте тұрған отбасыларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталмақ. Осы жылы құрылыс қарқыны 18%-ға өсіп, жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістер де жария етіліп, Айдын Смағұлов мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам тәжірибесі бар, екі жоғары білімі мен салалық лауазымдардағы мол тәжірибесі арқылы салалық басқарманың дамуына үлес қоспақ.
Маңызды мерекеге – мазмұнды бағдарлама
Аймақта осы аптадан бастап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған дөңгелек үстелдер мен конференциялар, тақырыптық көрмелер, концерттер, қайырымдылық акциялары сынды 130-дан астам іс-шара өткізілмек. Әлеуметтік қорғалатын санаттағы бірқатар отбасылар үшін бұл мереке қоныстойымен есте қалады. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аппараттық кеңесте баяндады. Спикер Тәуелсіздік күніне арналған басты шара 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының, қоғам өкілдерінің қатысуымен Достық үйінде өтетінін атап кетті. Ұлық мерекеден жастар да тыс қалмақ емес. Мектептер мен жоғары оқу орындарында тақырыптық көрмелер, пікірталас турнирлері, ғылыми-практикалық конференциялар легі өтеді. Приозерск қаласы мен Шет ауданында кезекте тұрғандарға пәтер кілттері табысталды. Шет ауданында тағы 30 отбасы жаңа қоныс иесі атанады.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов ведомстволық бағынысты мекемелердегі мерекелік іс-шаралар туралы баяндап берді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 10-12 желтоқсанда «Тәуелсіздіктің жетістіктері» атты көшпелі көрме-дәріс ұйымдастырады. Ал, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Тәуелсіздік – тұғырым» атты мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған зияткерлік-танымдық ойын өткізеді. Кеншілер мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шәкірттері үшін қайырымдылық концертін ұйымдастырмақ.
Тұрғын үй құрылысында тұрақтылық бар
Апта басындағы аппарат кеңесінде кадрлық өзгерістер туралы да сөз болды. Мәселен, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Айдын Смағұлов тағайындалды. Ол 2022 жылдан бастап осы тағайындауға дейін құрылыс бақылау бөлімінің басшысы – мемлекеттік құрылыс инспекторы болды. Айдын Смағұловтың екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қарқаралы қаласы әкімінің аппаратында, Қарағанды облысының құрылыс басқармасында, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде бас маман болып жұмыс істеді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында әртүрлі лауазымдарда жемісті еңбек етті.
Аймақта тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, қазыналы Қарағандының әлеуметтік-экономикалық дамуы үдемесе, кемімеді. Жыл қорытындысындағы көрсеткіштер, әсіресе, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін айшықтайды. Мемлекеттік қолдау мен жаңа механизмдер арқылы тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, облыстың құрылыс саласының тұрақты дамуына да серпін береді. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс қарқыны 18%-ға өскен. Осылайша 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көлемнің негізгі бөлігі қазірдің өзінде аяқталды. Өз кезегінде сөз алған құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин аппараттық кеңесте құрылыс саласының дамуы туралы баяндады. Оның айтуынша, жалпы көлемнің 76%-ы коммерциялық тұрғын үйге тиесілі. Облыс бойынша кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін жалға берілетін 14 тұрғын үй жобасы іске асырылуда. Несиелік тұрғын үй құрылысы да жалғасуда.
– Биыл Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. 2024 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады. Тұрғын үй сатып алу бекітілген Жол картасы мен қаржыландыру жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деп түсіндірді Мұрат Мағзин.
Осылайша биыл тұрғын үй салу және сатып алу есебінен кезекте тұрған 1 635 отбасы баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс.
Аймақ басшысы құрылыс үдерісінің барлық кезеңдерін қадағалау қажеттігін атап өтіп, несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жобалардың уақытында әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осы тұрғыда құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде, оларды іске асыратын құрылыс компаниялары мен мердігерлердің жұмысын мұқият бақылау керектігі ескерілді. Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс материалдарының сапасына да баса назар аударуды тапсырды. Жобалардың қаржылық және техникалық көрсеткіштері бойынша алдын ала сараптама жүргізіп, құрылыстың барлық кезеңдерінде сапаның сақталуын бақылау қажет. Мұнымен қатар, тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру кезінде тұрғындардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлу қажеттігі сөз болды. Аймақ басшысы құрылыс саласының тиімді дамуы үшін қажетті нормативтік құжаттарды дер шағында дайындап, оларды іске асырудағы мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Тұрғын үй құрылысының сапасы мен мерзімдеріне қатысты кез келген мәселелерге ден қою маңызды екендігін жеткізді.
– Сатып алынатын тұрғын үйдің сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жобалардың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз ету керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Осылайша, кезекті аппараттық кеңесте өңірдің дамуы мен Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясындағы нақты жоспарлар айдан ашық айқындалды. Елдіктің нышанына айналған ұлық мерекені жоғары деңгейде атап өтуге, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар ел көңіліне селкеусіз сенім ұялатары даусыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, мерекелік іс-шаралардың мәні мен маңызын арттыру бағытындағы жүйелі қадамдар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға тың серпін берері анық. Елдің ертеңіне деген зор сенім, ортақ мақсатқа ұмтылыс пен бірліктің нәтижесінде Тәуелсіздік күні – тек өткеннің жетістігін ғана емес, болашаққа нық қадам басудың бейнесі болмақ. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, әрбір жоба мен бастама халықтың игілігіне бағытталып, сапалы әрі күн ілгері жүзеге асырылуы тиіс. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар егемен еліміздің даму көкжиегін кеңейтіп, жаңа биіктерді бағындыруға негіз қалайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz