Өңір дамуы – өзекті
Бейсенбі күні аймақ басшысының орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ, облыстық мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ қатысуымен Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XIV сессиясы өтті. Сессия жұмысына №16 Комсомол сайлау округінің депутаты Марат ИБАТОВ төрағалық етті.
Сессия жұмысына 31 мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан мәслихаттарының хатшылары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, облыстық қоғамдық кеңес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Ең алдымен, №22 Шахан сайлау округінің депутаты Игорь Ахмеев, №33 Рудник сайлау округінің депутаты Еркін Жұмабеков, облыстық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Наталья Вольф алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың он төртінші сессиясының хатшылығы құрамына сайланды. Сонымен қатар, №29 Театр сайлау округінің депутаты Бекзат Алтынбеков, №24 Токарев сайлау округінің депутаты Еркін Ахметов, №13 Магнитогор сайлау округінің депутаты Марат Миргаязов алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың он төртінші сессиясының есеп комиссиясы құрамына сайланды. Мұнымен қоса, облыстық мәслихаттың кезекті XIII сессиясы кезінде сайланған облыстық мәслихатының кезекті XIV сессиясының редакциялық комиссия құрамындағы депутаттар да аталды.
Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың он төртінші сессиясының күн тәртібіне келесі мәселелер енгізілді:
1. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» Қарағанды облысында 2017 жылы іске асыру барысы туралы.
2. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2017 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есебі туралы.
Сонымен қатар, кезекті сессияның күн тәртібіне енгізілген өзге де маңызды мәселелер талқыланды.
Ең алдымен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов «2018 жылғы 25 наурыздағы №9 Теміржол сайлау округі, №15 Шығыс сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаттарын сайлау қорытындылары туралы» хабарлама жасады. Бұл ретте, аталған мәліметті тыңдай келе облыстық мәслихат құрамы бұл хабарламаны назарға алу туралы шешім етті.
Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы құрамына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, жаңадан сайланған №15 Шығыс сайлау округінің депутаты Дмитрий Чернов облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына енгізілсе, №9 Теміржол сайлау округінің депутаты Айдос Майқыбеков облыстың мәслихаттың құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 25 наурыздағы І сессиясының №20 «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясын тіркеу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы болатын. Айта кетерлігі, алтыншы шақырылымның бірінші ұйымдастыру сессиясында «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы құрамы бекітілген еді. Өткізілген қосымша сайлауға байланысты, өз өкілеттігін тапсырған депутаттар фракция құрамынан шығарылып, олардың орнына жаңадан сайланған депутаттар енгізілді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» Қарағанды облысында 2017 жылы іске асыру барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев баяндады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Облыс әкімі орынбасарын баяндамасын тыңдай және талқылай келе облыстық мәслихат депутаттары «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға жауапты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өзге де мемлекеттік органдар тұрақты жұмыс орындарын көбейту, азаматтарды оқыту және қайта оқыту, сондай-ақ, жаңа жобаларды іске асыру үшін кредиттер бөлу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Аталған бағдарламаны іске асыруға өткен жылы 7,228 млрд. теңге бөлініп, оның 7,197 млрд. теңгесі немесе 99,6%-ы игерілді.
Жалпы алғанда, бағдарламаның 2017 жылға жоспарланған индикаторларына қол жеткізілді. Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы жағдай тұрақтанған.
Жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда төмендеп, 4,7%-ды құрады (2016 ж. 4-тоқсанда – 4,9%). Жұмыссыздар саны 2,4 мың адамға азайды (2016 ж. 4-тоқсанда – 34,6 мың адам, 2017 ж. 4-тоқсанда – 32,2 мың адам). Және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 51,4 адамға азайды (2016 ж. 4-тоқсанда – 62,8 мың адам). 15-28 жас аралығындағы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 4,9%-ды құрады (2016 ж. 4-тоқсанда – 5%), әйелдер арасындағы жұмыссыздық азайып, 5,7%-ды құрады (2016 ж. 4-тоқсанда – 5,9%).
Жыл қорытындысы сүйенсек, аталған бағдарламаның қатысушылар құрамына 59180 адам енгізілді. Оның ішінде 56426 адам – жұмыссыздар, 2054 адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, техникалық және кәсіптік оқытуға жіберілген мектеп бітірушілер саны – 700.
Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету». Жоғарыда айтып өткеніміздей, еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға 700 адам жіберілді немесе жылдық жоспар 100%-ға орындалды.
Бағдарламадағы бірінші бағыттың міндеттерін әске асыруды қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде комиссиялар құрылды. Оның құрамына қала, аудан әкімі аппаратының, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталығының басшылары енгізілді.
Бағдарлама бойынша оқуға ниет білдіргенді нақты анықтау және 2017 жылы оқумен қамтылмай қалғандарды есепке алу мақсатында елді мекендердің әкімдігі жанында 207 жұмылдыру тобы құрылды. Оның құрамына полиция қызметінің, жергілікті білім және жұмыспен қамту органдарының, волонтерлер және жастар ұйымдары мен оқу орындарының өкілдері енгізілді. Өз кезегінде жұмылдыру топтары ақпараттық жұмыстар, аулаларды аралау және кәсіптік бағдар беру бағытындағы қызметтерді атқарды.
Сұранысқа ие және басым жұмыс мамандықтары бойынша 25 колледж мен 18 мамандық тізімі анықталды. Ол – бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру комиссиясының отырысында бекітілді. Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде қатысушылар санаты анықталды. Оның қатарында 9-11 сынып бітірушілер, оқу орындарына түсе алмағандар, жұмыс іздеушілер, өмірде қиын жағдайға душар болғандар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ, 29 жасқа дейінгі жастар мен халықты жұмыспен қамтудың қай орталығына тіркелгеніне қарамастан жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар.
Бұл бағдарламаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 138,831 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде, оқуға – 65,333 млн. теңге, бір мезгіл ыстық тамаққа – 26,572 млн. теңге, стипендияға – 46,925 млн. теңге, жол ақысына – 4 АЕК (2269 теңге) қарастырылды. Игерілгені – 138,775 млн. теңге немесе 99,9%. Оқу мерзімі – 10 айдан 3 жылға дейін.
Жұмысшы кадрларды даярлаудың келесі сатысы – еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту болып табылады. Аталған жұмыс – кадрларды даярлаудың дуалдық модель элементімен 63 білім мекемесінде ұйымдастырылды. Бағдарламаға сәйкес, қысқа мерзімде кәсіби кадрларды даярлау уақыты кәсіп (мамандық) ерекшелігіне байланысты 6 ай мерзімді құрады. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жоспарға сай 5957 адамнан 7257 адам жіберілді немесе жоспар 122%-ға орындалды.
Бағдарламаның келесі бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту». Оның аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауылдарда микрокредиттерді кепілдеу жүргізілді. Бағдарламаның бұл бағытын іске асыру, сонымен қатар, «Бастау Бизнес» оқыту жобасының Қарағанды облысының кәсіпкерлік палатасына 82,2 млн. теңге бөлініп, ол 100% игерілді. Жоба шеңберінде облысымызда 1313 тыңдаушы оқытылып, жоспар 100%-ға орындалды. Оның ішінде 1039 адам (79,1%) өз бизнес жоспарларын қорғады. Оның 395-і (38%) – іске асырылған жобалар. Бұл ретте, аталған 395 адамның 361-і («Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ) қаржы алды. 24 тыңдаушы жобасын өз қаржысына іске асырса, 10 тыңдаушы аудан әкімдерінің грантын иеленді.
Кәсіпкерлік бағдарламаларды қолдау бойынша селолық елді мекендерде, моноқалаларда шағын және өзге де қалаларда бизнес-жобаларын іске асырған немес іске асыруды жоспарлаған бағдарлама қатысушыларына 827 шағын несие берілді.
Бағдарламаның үшінші бағыты саналатын «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» шеңберінде бос жұмыс орындарына 38631 бағдарламаға қатысушы орналастырылды.
Өз кезегінде баяндамашы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» Қарағанды облысында іске асырудың 2018 жылғы жоспарымен де бөлісті. Мәселен, биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға 7398993 теңге бөлініпті.
Өткен жылға жоспарланған бағдарлама индикаторларына қол жеткізілгеніне қарамастан, әсіресе қалаларда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бағдарламаның екінші бағытын іске асыруда белігі бір проблемалар бар. Мәселен, қалаларда барлық бағдарламалар екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаның жұмыссыздарды кәсіпкерлікке тарту жөніндегі әлеуметтік бағытына қарамастан, қалаларда жұмыссыздарды екінші дәрежелі банктер арқылы қаржыландыру ерекшеліктері ескерілмеген. Мысалға, екінші деңгейлі банктердің несие беру кезіндегі бірінші талабы – кірісті растайтын зейнетақы аударымдарының болуы. Ал, жұмыссыз жүрген адамда мұндай аударымдар болмайтыны белгілі.
Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің стартап жобаларды несиелендіруден бас тарту фактілері бар. Бұған себеп – кәсіпкер бағдарламаның барлық критерийіне сәйкес келіп, кепілдемесі болса да, жобаның табыстылығы мен қаражат қайтарудың жоғары тәуекеліне байланысты болып отыр. Өз кезегінде, екінші деңгейлі банктерге жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлермен, яғни, қаржы айналымы бар бизес тұлғасымен істеген ыңғайлы. Бұл ретте, өткен жылы Абай қаласында «Апельсин» атты отбасылық демалыс орнын ашқан Елена Сутягинаның стартап жобасын тілге тиек етуге болады. Мінберде сөз сөйлеген абайлық кәсіпкер нақ осы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өз бизнесін бастаған екен. Кәсіпкер стартап жобасын бастауға банктен несие алам деп 5 банкты аралап, 6 ай уақытын сарп еткен. Оның айтуынша, әр банктың кепілдікке қатысты тәуекелді таразылауы әрқилы. Бір жылжымалы мүліктің өзін әртүрлі бағалау жайты орын алған.
Қаржылық институттар мемлекеттің несие бойынша кепілдік құралын пайдалануға мүдделі емес. Себебі, кәсіпкердің бастамасы ойдағыдай өрбімеген жағдайда несиені жүзеге асыру және өтеу жылдамырақ болатын «жанды» кепілдікпен жұмыс істеу – әлдеқайда қолайлы.
Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаттары мемлекеттік органдар мен ұйымдардың «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру жөніндегі жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар нақты шешімдер қабылдады. Күн тәртібінде қаралған бұл мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Айман Түкбаева да баяндама жасап, бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы артықшылықтар мен кемшіліктерге тоқталып өтті.
Сессия жұмысында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2017 жылы атқарған жұмыстары жөнінде де сөз етілді. Облыс мәслихатта барлығы 5 тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Өз кезегінде, тұрақты комиссия депутаттары өткен жылы облыстық мәслихаттың 7 сессиясына қатысып, 125 мәселені талқыға салған еді. Сонымен қатар, 37 мәрте комиссия отырысын өткізіп, нәтижесінде 87 қаулы қабылданды. Сондай-ақ, депутаттар 254 рет сайлаушылармен кездесу ұйымдастырып, 412 азаматты қабылдады. Бұл қабылдаулар кезінде 1500-ден астам адам қатынады. Есеп беру кезеңінде 17 мәселе бойынша іссапар ұйымдастырылып, орналасқан жеріне байланысты түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жұмыстары атқарылды.
Күн тәртібінде қаралған «Қарағанды облысындағы жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2018 жылға арналған төлемақы мөлшерлемелері туралы» және «Қарағанды облыстық мәслихатының 2017 жылғы 30 наурыздағы VIII сессиясының №163 «Приозерск қаласы шекараларындағы Балқаш көлінің учаскелерінде ортақ су пайдалануға тыйым салуды белгілеу туралы» шешімін алып тастау туралы» екі мәселе бойынша облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев баяндама жасап, облыстық мәслихат депутаттары аталған екі мәселеге қатысты өз шешімін шығарды.
Сондай-ақ, облыстық мәслихатының кезекті XIV сессиясының күн тәртібінде жоғарыда аталған мәселелерден бөлек тағы 13 мәселе қаралды. Соның ішінде, дәрі-дәрмек заттарды қосымша беру, Қарағанды қаласының әкімдігі «Қарағанды қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№41 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне атау беру, Қарағанды облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктері мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы бірқатар мәселелер талқыланды. Жоғарыда тілге тие етілген барлық мәселелер бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары өз шешімдерін шығарды.
Рауан Қабидолдин.