Өңір дамуы – өзекті
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде осы жылғы маңызды шаралар мен мерейтойлық атаулы күндер, мүлік және қаржы активтерін жария ету акциясының аяқталуы, мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру, биылғы азық-түлік тауарларының бағасы туралы мәселелері талқыланды.
Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстиннің айтуынша, жылдың басты жаңалығы – Астана қаласында өткізілетін Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі екен. Сонымен бірге, бүкіләлемдік қысқы Универсиада, Қазыбек бидің – 350 жылдығы, Балқаш қаласының – 80 жылдығы, Жезқазған кен орны игерілуінің 170 жылдығы, халық әншісі Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы, күйші-композитор Мағауия Хамзиннің 90 жылдығы, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының 85 жылдығы да мерейлі жылдың меншігінде. Бүгінгі күні облыстың атаулы күндер тізбесі жасалды. Бұл тізбеге аса маңызы бар деген 109 іс-шара енді.
2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталған республикалық мүлік және қаржы активтерін жария ету акциясы өткен жылдың 31 желтоқсан күні аяқталды. Бұл туралы облыстың экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Cәттібаева мәлімдеді. Өткізілген акция кезінде ҚР азаматтары ел аумағындағы және шетелдегі мүлік пен қаржы активтерін заңды айналымға шығару мүмкіндігіне ие болды. Акцияның барлық кезеңінде әкімдіктердегі комиссиялармен 1314 өтініш қабылданып, соның 558-і қайтарылса, жалпы сомасы 12,9 млрд. теңгені құрайтын барлығы 756 өтініш мақұлданды. Бұл туралы облыстың Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Орқашбаев та айта кетті.
Жиын барысында облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев та баяндама жасады. Оның айтуынша, ҚР денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биылғы қаңтардан бастап, мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру көзделуде. Басты мақсат – оқушы сауығуының жыл бойғы жүйесін құру, соның ішінде профилактикалық жұмыстарды күшейту.
Жиын соңында облыстағы азық-түлік тауарларының бағасы айтылып, аймақ басшысы басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН.