Басты тақырыпЖезқазған

Өңір болашағы сараланды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВ Қарағанды облысындағы жұмыс сапарын кеше Жезқазған-Ұлытау өңірінен бастап, өндіріс ошағы мен әлеуметтік нысандарда болды. Тарихи орындарды аралады.

Үкімет басшысы ең әуелі Жезқазғандағы мамандандырылған сүт өнімдері мен шырын сусындарын шығаратын «BAYAN компаниясы» ЖШС-інің өндірістік цехының жұмысымен танысты. Серіктестік еліміздің ішкі нарығында оншақты жылдан бері өнімді еңбек етіп, танымал компанияға айналды. Компания директоры Әсия Искакованың іскерлік жобасы негізінде жыл сайын өндірістік және технологиялық желілер жетілдірілу үстінде. «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында «BAYAN» компаниясы 2015 жылы «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, оның өнімдеріне облыс әкімі жақсы баға берген болатын. Осыған орай, мамандандырылған тағам өнімдерін шығаратын цех құрылысының жобасы аймақтың Индустрияландыру картасына енгізілді. Жалпы құны 434,8 млн. теңге болатын бұл жобаға «Даму – Өндіріс II» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 120,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Қалғаны өз қаржысы мен «Қазақмыс» корпорациясының» әріптестік бағдарламасы шеңберіндегі қолдауымен толықты. Соның арқасында құрылыс өткен жылдың желтоқсан айында аяқталып, жаңа цех іске қосылды. Цехтың жобалық қуаты – жылына 360 мың литр шырын, 48 тонна ірімшік өнімдерін өндіру. Жаңадан 12 жұмыс орнын ашқан шағын өндіріс толық жобалық қуатына 2017 жылы шығады. Айта кету керек, иогурт сияқты ірімшік өнімдері мен шырындарды негізінен «Қазақмыс» кәсіпорындарының еңбеккерлері тұтынады. Осы жайларға қанығып, жұмыс технологиясымен танысқан Кәрім Қажымқанұлы иогурт арнаулы тағамының дәмін татып көрді.

Премьер-Министр одан соң еліміздің түсті металлургиясының ошағы – Жезқазған мыс қорыту зауытында болды. Балқыту және мы

сты электриздеу цехтарын аралады. Аймақ экономикасының негізгі тірегі – металлургия өндірісін дамытудың болашақ көкжиектеріне көңіл бөлінді. Цех аумағындағы шағын басқосуда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жалпы облыстың ахуалымен қатар, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарының орындалу барысын баяндады. Кейбір проблемаларды да атап өтті. Облыс әкімі 2020 жылға дейін өнеркәсіпті жетілдіру, инфрақұрылым құрылысы, геологиялық барлау бағыттары бойынша 88 шара жүзеге асырылатынын атап өтті. Қазірде 28 шара сәтімен жүзеге асса, тағы да 7 жоба жыл аяғына дейін орындалады. Сәтбаев қаласындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының жайы да ортаға салынды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев Үкімет басшысына компанияның құрылымдарындағы нақты жұмыс жағдайын баяндай келіп, әлемдік нарықтағы ахуалға орай, түсті металлургияның алдағы болашағы туралы әңгімеледі. Өткен жылы корпорация 223 мың тонна мыс катодын өндірді. Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан, компания кәсіпорындары 2014-2015 жылдардағы межеден төмендемеуді көздеуде.

Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында корпорация 111 мың тонна таза мыс өндірді. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8% артық. Осы көрсеткіштерде Жезқазған мыс зауытының да лайықты үлесі бар екенін алға тартқан корпорация басшысы өндірісте жүргізіліп жатқан жаңа технологияның жайына да біршама тоқталды. Мыс құрамы төмен кенді өңдеп, ел кәдесіне жаратуға жол ашатын гидрометаллургиялық өндіріс 2017 жылы іске қосылуға тиіс. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқасында өңірдегі мыс өндірісінің қалыпты жұмыс істеу ғұмыры 40 жылдан астам мерзімге ұзартылады деп күтілуде.

Премьер-Министр К.Мәсімовтің аймақтағы жұмыс сапары одан әрі Ұлытау ауданында жалғасты. Қасиетті өңірдегі Жошы хан, Алаша хан кесенелері мен «Хан ордасы» сияқты тарихи орындарды аралап көрген Кәрім Қажымқанұлы сапар соңында тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселелері жөнінде Қазақ ұлттық география қоғамының көшпелі мәжілісін өткізді. Оған ғалымдар, тарихшылар және тиісті министрлік пен ведомстволардың өкілдері қатысты. Көшпелі мәжілісте тарихи мұраларға бай Ұлытауды туристік аймаққа айналдыру жайы жан-жақты қозғалды. Аудан орталығынан 18 шақырым жердегі «Хан ордасында» Абылай, Кенесары сияқты қазақтың бірнеше хандары ақ киізге көтеріліп, хан болған. Белгілі билері ел бірлігі жолында ақыл-кеңесін айтқан. Ал, іргедегі ең биік шың — Әулиетау жергілікті халықтың ырымында киелі тау. Қасиетті күштердің нүктесі, тәу ету, тағзым ету мекені. Аудандағы «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры, өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтің пайымдауынша, Ұлытау атауы осы ұғымға сәйкес қалыптасқан.

Үкімет басшысы сондай-ақ, Ұлытауға сапарында аудан орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде жақында салынып, халыққа есігін айқара ашқан отбасылық дәрігерлік амбулаторияға атбасын тіреді. Бір ауысымда 20 адамға сапалы медициналық қызмет көрсететін осындай амбулатория Қарсақбай кентінде де жаңадан ашылғалы отыр. Бұл игіліктер республикалық бюджеттен бөлінген 94 млн. теңге қаржының есебінен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, ауданда орта мектеп, балабақша, спорттық сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Премьер-Министрдің өңірдегі жұмыс сапары денешынықтыру-сауықтыру орталы­ғының құрылысында болумен аяқталды.

Үкімет басшысы, К.Мәсімовтің Жезқазған-Ұлытау аймағына жұмыс сапары кезінде Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының президенті А.Мәми, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ басқарма төрағасы Е.Досаев, «Қазақмыс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Э.Огай және басқа да ресми адамдар онымен бірге еріп жүрді.

Амандық РАХҰЛЫ

ЖЕЗҚАЗҒАН – ҰЛЫТАУ –

ЖЕЗҚАЗҒАН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button