Ипотекалық тұрғын үй заемы және ШОБ несиелері кейінге шегеріледі
«7-20-25» бағдарламасы және «Баспана-хит» нарықтық ипотекалық өнімі шеңберінде жасалған ипотекалық тұрғын үй заемы шарттары бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, жеке кәсіпкерлер мен заемшыларды қолдау туралы
Тұрғын үй бағдарламалары бойынша
Коронавирустық инфекцияның пандемиясы және оның Қазақстан экономикасына теріс әсер етуіне байланысты, төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, жеке кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы және «Баспана – хит» нарықтық ипотекалық өнімі шеңберінде жасалған ипотекалық тұрғын үй заемы шарттары бойынша қарыз алушыларға қолдау шараларын көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»-«Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа алғашқы бастамасын іске асыру шеңберіндегі «7-20-25» тұрғын-үй бағдарламасы мен «Баспана – хит» бағдарламасына өзгертулер енгізді.
Бағдарламадағы өзгертулер коронавирустық инфекция пандемиясын тарату және елде төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушылар үшін айыппұлдар және (немесе) өсімпұлдар есептелмей, негізгі борышты және (немесе) сыйақы бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімге дейін кейінге қалдыруды көздейді.
Төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар банктермен бірлесіп төлемдер бойынша төлемнің қолайлы механизмін әзірлейді.
«7-20-25» және «Баспана-хит» бағдарламалары бойынша қарыз алушыларды қолдау шараларын іске асыру банктермен бірлесіп жүзеге асырылатын болады. Тұрғын үй бағдарламасының қарыз алушылары елде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап, яғни 2020 жылдың 16 наурызынан бастап ай сайынғы төлемдерді кейінге қалдыра алады.
«7-20-25» және «Баспана-хит» бағдарламаларына қатысушы банктер: «РБК Банкі» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «First Heartland Jysan Bank» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ болып табылады.
Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша
Коронавирустық инфекцияның пандемиясы және оның Қазақстан экономикасына теріс әсер етуіне байланысты, төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, жеке кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы және «Баспана – хит» нарықтық ипотекалық өнімі шеңберінде жасалған ипотекалық тұрғын үй заемы шарттары бойынша қарыз алушыларға қолдау шараларын көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 19 наурыздағы № 39 қаулысымен бекітілген.
Осы бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерде шартты салымдарды орналастыру арқылы 600 миллиард теңге бөлінетін болады.
Бизнесті қолдау механизмі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыру мақсатында 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 8% пайыздан аспайтын ставка бойынша жеңілдетілген кредиттер беру жолымен іске асырылады. Екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген кредит беру бағдарламасының операторы болып «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ белгіленді. Бағдарламаға қатысушы банктерге Мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, депозиттерге басқа банктерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға және өзге де мақсатсыз пайдалануға бөлінген қаражатты пайдалануға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттігі кәсіпкерлерге берілген жеңілдетілген кредиттердің мақсатты пайдалануының мониторингін ай сайынғы негізде жүзеге асыратын болады. “Қазақстандық тұрақтылық қоры” АҚ апта сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады.
Жеңілдікті кредиттер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне айналым қаражатын толықтыруға, оның ішінде тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді, жалақыны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеуге төлемдерді жүзеге асыру үшін беріледі.
Қаржыландыру банктермен ерекше қатынастағы тұлғалар, ҚР резидент емес немесе мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің еншілес құрылымдарымен байланысты тұлғалар болып табылатын 90 күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен несиелік берешегі бар тұлғалардан басқа барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне іске асырылады.
Осы Бағдарламаға қатысушы банктер: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Жинақ банкі» АҚ ЕБ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Банк «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Альфа-Банк» ЕБ АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі»
РММ Қарағанды филиалының баспасөз орталығы