Бас тақырыпБасты тақырып

ИПОТЕКА немесе ӘЙЕЛ әлеуетінің құны қанша?

Бір жағы жалақысы төмен әйелдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, екінші жағынан гендерлік теңсіздікті жоюды көздеген «Әйелдер ипотекасы» жайлы мәселе елімізде 2019 жылы қозғалған еді. Мұндай өнім Қазақстан түгілі, Азия елдерінде де алғаш рет әзірленіп отырғаны айтылған болатын сол кезде. Оның үстіне зерттеулер қарыз қайтаруға келгенде ерлерге қарағанда әйелдердің жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді. Демек, кез келген банк әйелдерге ипотека беруге мүдделі болса керек. Оның үстіне, бұрынғы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», қазіргі «Отбасы банкінің» 60 мыңнан астам салымшысы – әйелдер. Демек, аталған банкте депозиті бар әйелдердің баспаналы болуға мүмкіндігі де жоғары. Себебі – жобаны жүзеге асыратын да осы «Отбасы банкі» болып белгіленген еді.


Жалпы, Қазақстанда гендерлік жайлы айтыла қалса, дәстүрге әкеп тірейтініміз бар. Содан да болар, гендер мәселесі қозғалса, нақты аргументтерден гөрі, эмоцияға сүйенгенді жөн көреміз. Алғаш рет «Әйелдер ипотекасы» айтылғанда, «жеңілдікпен үй алған әйелдер арасында жаппай ажырасу белең ала ма?» деген жаңсақ пікір де болды. Жеңілдік ажырасқандарға ғана берілетін болар деген ой да жылт етті. Тіпті, осы ойдың астарында бір шындық бары рас та шығар. Себебі, елімізде некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталады екен. Демек, ажырасқан 40 пайыз отбасының кемі 20-30 пайызы пәтер жалдап, күнін кешуге мәжбүр. Баласының жайын ойлап, алиментін уақытылы төлеп тұратын әке болса, құба-құп. Статистикалық деректер елімізде алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 5 млрд. теңгеден асқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш, бәлкім, алимент төлеу тәртібі өзгергеннен кейін азайған да шығар, ол уақыттың еншісінде әрі басқа тақырып.

Айтпағымыз, «Әйелдер ипотекасы» жайлы. 2020 жылы алдын ала 12 пайызбен бере бастайды, деп хабарлаған болатын, қазір атауы өзгерген, сол кездегі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.

Сол кездегі дерек бойынша, әйелдерге арналған қарыздар бастапқы, сондай-ақ қайталама тұрғын үйді сатып алу үшін берілетінін, несиенің ең жоғары сомасы 30 млн. теңгені құрайтын болған. Баспаналы болу үшін ең төменгі бастапқы жарна – табыс 200 мың теңгеден төмен болған жағдайда 15% және табысы 200 мың теңгеден асатын адамдар үшін 20% мөлшерінде болуға тиіс. Пайыздық мөлшерлеме – 12%.

Әйелдер ипотекасын қаржыландыруға ниет білдірген Азия даму банкі 1966 жылы құрылған. Банк дамушы елдердің экономикалық даму бағдарламаларын қаржыландырумен, сыртқы саудасына көмектесумен айналысады. Ал, Қазақстанның аталмыш банкке мүшелікке енгені – 1994 жыл. Айта кету керек, Азия даму банкінің бұл Қазақстанға алғаш көмектесуі емес. 1998 жылы еліміздегі зейнетақы реформасын қолдау және ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты несие бөлген. «Гендерлік теңдікке тұрғын үйді қаржыландыруға жәрдемдесу» жобасы аясында 100 млн. доллар көлемінде займ бермек.

Елімізде әйелдер ипотекасы жайлы мәселе көтерілуінің тағы бір себебі бар. Мәселен, бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 9,1 миллиондай әйелдің шамамен 5 миллионға жуығы жұмыспен қамтылғандар қатарында. Ал, бұл көрсеткіштің жартысынан көбі отбасыларын өздері дербес қамтамасыз етіп отырғандар. Бұл ретте олардың жалақылары ер адамдарға қарағанда орташа есеппен үштен бір көлемге аз.

Мысалы, Ұлттық статистика бюросы өткен жылы қазақстандықтардың жалақысын зерттеу қорытындысын ұсынды. Зерттеу нәтижесі бойынша, орташа есеппен ерлерге ең көп төленетін жалақы – 170 мың теңге болса, әйелдерге ең көп төленетіні – 130 мың теңге ғана.

Демек, табыстың төменгі деңгейі оларға баспана сатып алу үшін қолжетімді несие алу қиынырақ екенін көрсетеді.

Гендерлік теңдік демекші, осы орайда «әйел әлеуетінің құны қанша?» деген сұрақ туындайды. McKinsey жаһандық институты сарапшыларының болжамына сүйенген қарапайым есептеу бойынша, әйелдердің жұмыс істеу мүмкіндігін максималды дамыту арқылы 2025 жылы әлем бойынша жалпы ішкі өнімге 12 триллион доллар кіріс кіргізуге болады екен.

2019 жылы басталып, 2020 жылдан беріле бастайды деген ипотекаға тосыннан келген індет бөгет болып, тоқтап қалды.

Енді, биылғы ақпаннан қолға алынуы мүмкін.

Банктің баспасөз қызметінің былтырғы ақпараты бойынша қарыз туралы шарт жасалғанымен, банк өнімі дайын емес. Әуелі ішкі құжаттар реттеледі. «Әйелдер ипотекасы» деген атауына қарап, жалғызбасты әйелдерге ғана арналған жоба деуге келмейді. Оған отбасылы әйелдер де қатыса алады. Демек, «үй аламыз деп, ажырасып кетеміз бе?» деген қорқыныш жоқ.

Мемлекеттің әйелдер жайын ойлап, осындай бастама көтергені жөн. Жоба қолға алынса, 4 мың әйел жеңілдікпен баспана алып, қарық болары сөзсіз. Дегенмен, жеңілдік жақсы, бірақ, мемлекетке алақан жайып, уақыт өткізіп алғаннан, ақша жинап, әрекет еткен артық тәрізді. Статистика да солай деді емес пе? Әйел әлеуеті әлем бойынша жалпы ішкі өнімді 12 триллион долларға көтеруге қабілетті.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button