Ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-ға төмендеді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» қаулысына өзгеріс енгізілді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Өзгерістерге сәйкес жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері:
— екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін банк қарыздары бойынша, кепілсіз банк қарыздары бойынша 46%;
— кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 35% ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 20%;
— микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша — 46%.
— Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар күнтізбелік 45 күнге дейінгі мерзімге, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 45 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде беретін микрокредиттер бойынша күніне 0,3%-дан аз, бірақ 179%-дан аспайтын мөлшерде болып айқындалсын, — делінген құжатта.
Микрокредиттер «Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы» Ұлттық банктің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысында көзделген мөлшерлемемен беріледі.
— Банктік қарыз шартын, микрокредит беру туралы шартты жасасу, банктік қарыз, микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін өзгерту және банктік қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты жаңа комиссиялар мен өзге де төлемдерді өзгерту немесе енгізу күнгі жағдай бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс, — деп жазылған қаулыда.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА