Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

IPO: нені білуіміз керек?

Қазақстанда Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару туралы айтылған бетте алаяқтар іске кірісті. Тіпті, әлеуметтік желілерде жарнамасын жарқыратып жалғанды жалпағынан басқандар, қарапайым халықты «Күніне 65 000 теңгеден табыс табасыз» деген сөзбен қарық қылып тастады. Құр сөзге сенгендер қаржыларын салып та жіберген. Ал, шындығында биыл алғашқы болып қор нарығына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясының бағалы қағаздарын AIX және KASE алаңына шығару жоспарланып отыр. Нақты уақыты да белгіленген жоқ. Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде өткен жиында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы, «Қазпошта», брокерлер мен биржалардың өкілдері қаржылық сауаттылық және IPO қалай жүзеге асатыны туралы халыққа жеткізді.

 

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ»

Сарапшылар тұрғындарды «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялары IPO-сының іске асырылу барысымен, оның ішінде бірінші IPO кандидаты – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы туралы негізгі ақпаратпен таныстырды, сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында: «Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивидендтерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек», – деген болатын. Президент тапсырмасына орай биыл бірінші болып «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ компаниясын IPO-ға шығарып жатырмыз, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов.

Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметінің операциялық және қаржылық нәтижелері, IPO бойынша жоспар, сондай-ақ өзге де өзекті мәселелер айтылды.

Кездесу барысында сарапшылар ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша компанияның негізгі нәтижелері туралы айтты. Осылайша, еркін ақша ағыны 188 млрд. теңгеге (417 млн. АҚШ доллары) жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға төмен. Бұл ретте, егер 2021 жылғы қарашада бөлінген «ҚазТрансГаз» АҚ еншілес ұйымының («QazaqGaz» ҰК АҚ) ақша ағынын ескермесек, онда 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда бос ақша ағынының 81% (долларлық мәнде 71% – ға өсу) өскенін байқаймыз.

Жиында дивиденд саясатының тәсілдері де қозғалды.

 

– Әлемдік тәжірибеге сәйкес, дивидендтерді төлеу үшін, әдетте, еркін ақша ағыны негіз болады. Өйткені, бұл көрсеткіш ақшалай емес баптарды қамтитын бухгалтерлік есептің ерекшелігіне байланысты таза пайдаға қарағанда нақты ақшалай түсімді ашық көрсетеді. ҚМГ жағдайында дивидендтер төлеу қабілетіне борыш мөлшері мен инвестициялық бағдарлама әсер етеді, бұл көрсеткіш басқа компаниялармен салыстырғанда жоғары, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелер, қаржылық орнықтылық және басқалары да бар, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясының өкілі Дамир Ахметов.

АЛАЯҚҚА СЕНІП ҚАЛМАҢЫЗ!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіру жоспары шеңберінде ІРО-ға шығаруға жататын ірі компаниялардың акционері ретінде «Самұрық-Қазына» қорының өкілі ретінде қатысқан Дәурен Ақшалов:

– Қазіргі уақытта алаяқтардың Қазақстан азаматтарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, арнайы сайт, мобильді қосымша құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті.

Біздің компания Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай инвестициялық жобаларға тартуға шақырмағанын мәлімдейді. Таратылып жатқан жалған жарнамалық хабарландыруға сенбеңіздер. Сақ болыңыздар! Қандай да бір әрекет жасар алдында ақпараттың растығын анықтап алыңыздар.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз қызметі туралы барлық ақпаратты ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ғана жариялайды, – деді.

Алаяққа алданып қалмаудың жолдары туралы «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Мүсіреп Хасенов те айтып берді.

– IPO-ға кәсіби қатысушыларда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензия болады. Мұны Агенттіктің ресми сайтында тексеруге болады. Сондай-ақ, биржа мүшелері лицензиат болып табылады, мұны биржа сайтында «Биржа мүшелері» бөлімінен анықтай аласыз. Сондай-ақ, агенттіктер шын лицензиаттың кім екендігі туралы тарататын әртүрлі видеоларды қарауыңыз керек. IPO орналастырудың өзіне келетін болсақ, бұрын хабарланғандай, акцияларды брокерлер арқылы сатып алуға болады, ол үшін Сіз олардың клиенті болуыңыз керек, олар сізге шот ашады немесе AIX «Табыс» қосымшасы арқылы жұмыс істейді, – деді ол.

Айта кету керек, 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 7 ірі активі, оның ішінде 6 актив IPO арқылы бәсекелес ортаға ішінара шығарылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сы биылға жоспарланған. Акция AIX және KASE алаңдарында орналастырылады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button