Инженерлер дәуірі келді
Қазіргі таңда Қазақстанда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Өнеркәсіптің дамуымен бірге тау-кен ісі, металлургия, машина жасау және басқа да салаларда білікті инженерлердің қажеттілігі айқын сезілуде. Осы орайда, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Техникалық ғылымдар» білім беру саласындағы жобаларды басқару тобының кеңейтілген отырысы өтті.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/O-U-ORNYNDA-FOTO-2-1024x682.jpeg)
Отырысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Республикалық оқу әдістемелік кеңесі ұйымдастырды. Отырысқа мемлекеттік мекемелердің өкілдері, еліміздің жетекші техникалық университетінің оқытушылары мен басшылары, жұмыс берушілер, шетелдік сарапшылар және өндіріс саласының мамандары қатысты. Техникалық білім беру сапасын жақсарту, оқу бағдарламаларын заманауи өндіріс талаптарына сәйкестендіру, студенттерді практикалық дайындықтан өткізу мәселелері талқыланды. Ресми бөлімінен кейін қатысушылар ҚарТУ-дың зертханалық және ғылыми орталықтарына экскурсия жасады. Бұл экскурсия Қазақстанда тау-кен ісі, металлургия және инженерия салаларында қолданылып жатқан заманауи зерттеулермен танысуға мүмкіндік берді.
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ оқу-әдістемелік басқарма мүшесінің академия жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбековтің айтуынша, қазіргі таңда тау-кен ісі, металлургия және инженерия салаларында жоғары білікті мамандарға сұраныс артып келеді.
– Біздің басты мақсатымыз – білім беру бағдарламаларын нарықтың нақты талаптарына сай жаңарту және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату. Көптеген оқу орындарында осындай оқу әдістемелік бірлестіктер бар. Белгілі бір бағыттарда жұмыс істейді. «Жаңа мамандықтар атластары» шығып жатыр. Енді Қарағандының өзінде жаңа мамандықтар атласы бойынша қандай өндіріс орындарына мамандықтар керек деген негізгі бағыттар көрсетілді. Университетімізге өңдірістен 80-ге жуық өнеркәсіп келді. Сонда барып, студенттер өзін шыңдап жұмыс істеуге дайын, – дейді Бекболат Нүсіпбеков.
Республикалық ассоциацияның өкілі Қанат Баитов техникалық білім беру мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығын атап өтті.
– Оқу орындары көмек көрсету бағытында да, үлкен кәсіпорындармен жұмыс берушілер ретінде белсенділік танытып отыр. Біз тау-кен факультетінің мәртебесін көтеруді және студенттерге жеңілдіктер мен шәкіртақылар ұсынуды қарастырып жатырмыз. Бұл іс-шара өзекті мәселелерді шешуге арналған тиімді алаң болды, – дейді Қанат Баитов.
Кеңейтілген отырыс Қазақстанда техникалық білім беру жүйесін дамытуға, инженерлік кадрларды даярлау сапасын арттыруға және жоғары оқу орындары мен өңдірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.
Айым ЖОЛДЫБАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің IV курс студенті