Облыс аумағында инвесторлардың құқықтарын қорғау мен бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі қадамдар күшейтілуде. Аймақта инвесторлар нақты құқықтық қолдауға және өз мүдделерінің сенімді қорғалуына арқа сүйей алады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған болатын. Бұл – бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңа форматы. Аталған құрылым туындаған мәселелерді жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

Әр өңірде облыс прокурорлары инвестициялық прокурорлардың функцияларын атқарады. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін және бизнеске кедергі келтіретін мәселелерді шешуге жәрдемдесетін арнайы жұмыс топтары құрылған. Инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа құралдары мен нақты қолдау тетіктері бизнес өкілдерімен өткен кездесуде кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инвесторлардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы инвесторлардың құқықтарын қорғауды жоғары деңгейге қойып отыр. Біздің міндетіміз – облысты инвесторлар бір жобамен ғана емес, ұзақ мерзімге келетін мүмкіндіктер аймағына айналдыру. Біз өңірдің бизнес үшін сенімді әрі болжамды аймақ ретіндегі имиджін нығайтуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкімнің айтуынша, инвесторлармен жұмыс үш негізгі қағидатқа негізделеді: ашықтық, заңдылық және әріптестік. Әрбір инвестор қайда жүгіну керектігін, көмекті қайдан алатынын және мәселесінің қаншалықты жедел шешілетінін нақты білуі тиіс.
Бұл – артық тосқауылдар мен бюрократиялық кідірістерге жол бермеудің басты шарты.
Аталған қағидаттардың сақталуына прокуратура кепілдік береді. Өңірде инвестициялық жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуына ықпал ететін жұмыс тобы тұрақты негізде жұмыс істейді.
Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров те бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті.
– Ортақ мақсатымыз – тұрақты әрі қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Инвестор заң мен мемлекетке сенген жағдайда ғана бұл мүмкін болады. Прокуратура бизнеске барлық мәселелер бойынша қолдау көрсетуге әзір, – деді ол.
Облыста «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілген. Бұл механизм инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді. Нәтижесінде негізсіз 23 тексеру кері қайтарылып, 88 жағдайда инвесторларды әкімшілік жауапкершілікке тарту процедурасы тоқтатылған. Сонымен қатар, жобаларды сүйемелдеу барысында 65 проблемалық мәселе оң шешімін тапқан.
«SILK ROAD ELECTRONIC» ЖШС директоры Александр Крицкий қадағалау органымен өзара іс-қимылдың тиімділігін ерекше атап өтті.
– Біздің тәжірибемізде прокуратура туындаған жағдайға жедел әрекет етіп, заңдылықтың сақталуын қалпына келтіруге ықпал еткен табысты кейс бар. Принципшіл әрі сындарлы ұстанымның нәтижесінде мәселе құқықтық алаңда және қысқа мерзім ішінде шешімін тапты. Мұндай өзара іс-қимыл форматы кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерге алаңдамай, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға назар аударуға мүмкіндік береді, – деді Александр Крицкий.
Өңірде «бір терезе» қағидаты мен инвестициялық штаб жұмыс істейді. Жаңа инвестициялық стратегия қабылданып, соған сәйкес қалалар мен аудандардың әкімдері инвестициялық жобалардың іске асырылуына жеке жауапты болып белгіленген.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің айтуынша, өңірлік пулға 124 инвестициялық жоба енгізілген. Олардың бірқатары белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Жүйелі қолдаудың нәтижесінде облыс Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа рейтингінде бірінші орынға көтерілген.
Сондай-ақ, инвесторлармен жұмыс істейтін бірыңғай оператор – Qaragandy INVEST жүйесі құрылуда. Бұл құрылым жергілікті және шетелдік кәсіпкерлермен жұмысты біріктіріп, жобаларды сүйемелдейді және мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіреді. Кәсіпкерлер палатасы кері байланыс жинап, заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуде.
2026 жылға арналған мақсат – қолданыстағы сүйемелдеу жүйесін сақтап қана қоймай, оны одан әрі күшейту, тиімді жұмыс шешімдерін кеңейту және Қарағанды облысына инвестиция тарту үшін әкімшілік кедергілерді азайтуды жалғастыру.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



