Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Инвестордың ізімен құт келеді

Инвестиция – игілік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында инвестицияның маңызына ерекше тоқталды. Кем дегенде 150 млрд. доллар шетел инвестициясын тарту туралы міндетті алға қойды. Бұл тұрғыда Қарағанды облысының да әлеуеті мол екені баршаға мәлім.

Соңғы уақытта көмірлі өлкеде игілікті еселеу жолында ауқымды шаруаның басы қайырылды. Қанатқақты жобалардың арқасында мыңдаған жан нәпақасын айырып отыр. Сөзімізге – облыстың өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұсынған деректер дәлел. Биылғы жоспарда 12 жоба тұр. Шамамен, 1,8 мың адам жұмысқа орналаспақ. Және бір айтып өтері, жаңа кәсіпорындар импортты алмастыруға ықпалды. Шекараға телмірмей, алаңсыз жүрген де ғанибет-ау…

Кәсіпкерлердің Қарағанды облысына қаржы құйып, кәсіп ашуға ниеті зор. Қолайлы экономикалық климатпен қатар, Саран индустриялық аймағы мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында зауыт-фабрика тұрғызуға қажетті инфрақұрылым түгел тұр. Бұл факторлардан бөлек, геосаяси ахуалдың салдарынан импорттың шектелуі немесе қымбаттауы да жергілікті кәсіпорындардың дамуына жағдай жасап отыр. Облыс аумағындағы өндіріс алпауыттары тарапынан сұраныс күн санап өсуде.

Ел көлеміндегі, аймақтағы сұранысты ескере отырып, облыста 55 жобадан тұратын инвестициялық жобалар пулы түзілді. Аталған пулды жүзеге асыру 2022-2027 жылдарға жоспарланған.

Жалпы құны – 1,3 трлн. теңге. Алдағы бес жыл мұғдарында 13,5 мың жұмыс орнын жаңадан құруға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған басқарма мәліметінше, қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға тартылған қаржы көлемі 522,2 млрд. теңгені құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция – 227,7 млрд. теңге, өндіріс үлесінде – 372,6 млрд. теңге. Желтоқсан айы тәмамдалғанша инвестиция сомасы 732,5 млрд. теңгені еңсереді деп күтілуде.

Биыл 12 жобаны жолға қою көзделді. Бұл мақсатта инвесторлар 259,2 млрд. теңге салды.

Қазан айының соңына дейін 12 жобаның бесеуі іске қосылып үлгерді. Бесеудің қатарында «Алтын Арна Geosynthetics» ЖШС-нің геомембрана өндірісі, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның белсендірілген көмір өндірісі, «YDD Corporation» ЖШС-нің ферросилиций өндірісі, «Asia FerroAlloys» ЖШС-нің агломерациялық фабрикасы және «Irkaz Metal Corporation» ЖШС-нің катодты мыс өндірісі бар.

Жаңа нысандардың ерекшелігі – импортты алмастыруға әлеуеті зор. Құрылыс индустриясы, машина жасау және тамақ өнеркәсібі үшін қажет бұйымдарды жасайды. Мәселен, «Алтын Арна Geosynthetics» ЖШС жылына 6 мың тонна геомембрана өндіруге қауқарлы. Бұрын отандық зауыттар геомембрананы Ресейден тасып келген-ді. Зауыт ақпан айында жұмысын бастады. Құны 2,7 млрд. теңге болатын зауытта 47 адам жұмыспен қамтылды.

Металлургия саласындағы «YDD Corporation» ЖШС 4-ші пешін қазан айында іске қосқанда 200 адам екі қолға бір күрек тапты. Өндіріс құны – 12 млрд. теңге. Пештің жобалық қуаты – 50 мың тонна.

«Asia FerroAlloys» ЖШС агломератты, яғни, кен концентратын шығаруды қолға алды. 14,9 млрд. теңгеге бағаланған фабрика жылына 240 мың тонна агломерат өндірмек. Қазір мұнда жүз адам еңбек етеді.

Сондай-ақ, «Борлы» кен орны маңынан ашылған катодты мыс зауыты да өңір экономикасына демеу болар кәсіпорындардың біріне айналуы тиіс.

Инвестор зауытқа 9,1 млрд. теңге салды. Жылдық қуаты – 5 мың тонна мыс. Жұмыс күші 140 адамға шақталған.

Өңір үшін таңсық тағы бір өнім түрі – «Шұбаркөл Көмір» компаниясының белсендірілген көмір өндірісі. Жобаға 360 млн. теңге қаржы тартылды.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, өнімнің тырнақалды партиясы екі жыл бұрын алынған-ды. Қазір белсендірілген көмір гидрометаллургия, алтын және фосфат өндірісінде, су тазарту желісінде кеңінен қолданылып келеді.

Бүгінде белсендірілген көмірдің басым бөлігі сырттан әкелінеді. Келешекте «Шұбаркөл Көмір» жылдық қуатын 1 мың тоннаға жеткізіп, импортты алмастыруға күш салмақ. Сонымен қатар, отандық тауар бағасы шетелдік баламадан 1,5-3 есе арзан тұрады.

Жаңа кәсіпорындар арқасында облыстағы өндіріс көлемі 1,3 трлн. теңгеге ұлғаяды. Сәйкесінше, шикізаттық емес экспорттық әлеует күшейіп, 640 млрд. теңгеге артады.

Инвестордың ізімен құт келеді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button