Жаңалықтар

Инвестициялық климат тартымды, көрмеге қатысушылар осындай пікірде

Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионында «Mining Week Kazakhstan-2018» тау-кен металлургия кешеніне және минералдық ресурстарды ұтымды пайдалануға арналған технологиялар мен жабдықтардың ХІҮ халықаралық көрмесі өтуде. Үш күн ішінде келушілердің назарына шетелдік компаниялар құрал-жабдықтарын, үр жаңалықтарын ұсынады.

Көрмеге Германия, Қазақстан, Польша, Ресей, Түркия, Украина, Чехиядан келген компаниялар қатысуда. Олар – әлемдік нарықта белгілі компаниялар. Сондай-ақ, көрмеде Қарағанды да өзінің шикізаты мол әлеуетін де паш етпек.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған қонақтар бұл шараның өзара ынтымақтастыққа ықпал ететінін атап отыр. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Азамат Шалабаев жер қойнауына қатысты заңнамалық өзгерістердің орын алғанын, оның алдағы уақытта дамуға ықпал ететін жеткізді.
Азамат ШАЛАБАЕВ,
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары:
– Былтырғы жылдың 27 желтоқсанында Жер қойнауын пайдалану туралы кодекске Президент қол қойған болатын. Біз бұл кодекс осы салаға зор серпін береді деген сенімдеміз. Кодекс геологиялық барлау ісіне инвестиция тартуға негізделген. Ал, геологиялық барлау – одан әрі дамудың өзегі. Қазір министрлік тарапынан заңнамалық акті әзірленуде. 200-ге жуық заңнамалық актілер дайындалып, қол қойылады деп күтілуде.
Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Александр Яковлев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жыл сайын күшейіп келе жатқандығын айтады. Бүгінде көрмеге Ресей компанияларының келіп қатысуы – соның бір көрінісі іспеттес. Сауда өкілінің айтуынша, жыл сайын екі ел арасындағы тауар айналымы артқан.
Александр ЯКОВЛЕВ,
Ресей Федерациясының Қазақстандағы сауда өкілі:
– Еуразиялық экономикалық одақ аясында бүгінде экономикалық-саудалық, инвестициялық даму екі ел арасында қарқын алды. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша біздің елдер арасындағы тауар айналымы 16 млрд. АҚШ доллары көлемінде. Сөйтіп, өсім 30 пайызды құрады. Меніңше, алдағы уақытта бұл тауар айналымы 3 жылда 25 млрд. АҚШ доллары шамасында болмақ. Қазіргі таңда Қазақстан нарығында Ресеймен бірлескен 14 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде 2700 кәсіпорынды Қазақстанда тіркедік. Біздің есебімізше, жыл сайын Қазақстанға ресейлік мыңдаған компания келмекші. Бұл болса, Қазақстанда жақсы, тартымды инвестициялық климат қалыптасқандығын көрсетеді.
Mining Week Kazakhstan көрмесі – өндірушілер тау-кен саласындағы өнімдерін ұсынып, іскерлік байланыс орнататын алаң. Сонымен қатар, компаниялар неғұрлым үнемді, қауіпсіз және тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік беретін технология және қызметтерімен таныстыратын іскерлік кездесу. Оған қоса, көрмені ұйымдастырушылар формальды емес форматтағы көрме іскерлік туризмге де ықпалын тигізеді деген сенімде.
Келушілер көрмені үш күн бойы «Шахтер» стадионында тамашалай алады.

Қызғалдақ Айтжанова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button