АймақБалқаш

Инвестиция мен индустрия тоғысады

Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, өндіріс орындарын аралап, моноқалаларды дамыту бағытында жиын өткізген еді. Көп ұзамай Үкімет басшысының тапсырмасымен облыс аумағында өндіріс өсімінің жаңа нүктелерін қалыптастыру жұмысы басталып та кетті. Осы орайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында аталған мәселе бойынша кеңес өткізді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Индустриялық аймақ құрылады

Атап айтсақ, жоспарланған жұмыстардың алғашқы қадамы ретінде «Қазақмыстың» өнеркәсіптік нысандарының бос алаңдарында шағын өнеркәсіптік аймақ құру көзделген. Болашақта ол алып индустриялық аймаққа айналуы тиіс. Жоба моноқаланың экономикасын әртараптандыруға, шикізаттық емес секторды дамытуға, жаңа өндірістер ашу үшін инвесторлар тартуға және қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қазіргі таңда жұмыс қаланың бас өнеркәсіптік алыбы – «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жүргізіліп жатқанын айтты.

Дерекке сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Балқаш қаласының өнеркәсіп саласында тұрақты өсім байқалып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізуге оң әсерін тигізуде.

Жыл басынан бері өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 461,3 млрд теңгені құраған. Физикалық көлем индексі (ФКИ) 107% деңгейінде тіркелді.

Инвестиция да өсіп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Премьер-Министрдің тапсырмасы аясында құрылатын индустриялық аймақ Шіліауыз елдімекені аумағында орналасады. Қала шекарасында жатқан 200 гектар жер республикалық маңыздағы «Алматы-Екатеринбург» тасжолына және теміржол желісіне тікелей шығуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, аумақты инженерлік инфрақұрылымға қосу көзделген.

Әзірге топографиялық түсірілімдер аяқталып, 2,5 метрлік құмды төсем дайындалған. 1,5 шақырымдық теміржол желісі бар, бас жоспар бекітілген.

Жоспар негізінде қосылатын инфрақұрылым жөнінде де нақты деректер бар. Мәселен, электр желісі – 100 МВт дейін, тәулігіне ауыз су – 500 м³, техникалық су – 375 м³, кәріз жүйесі – 200 м³/ құрап отыр.

Индустриялық аймақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік алаңымен шектеседі. Компания бос тұрған өндірістік цехтарын шағын өнеркәсіп аймағы ретінде ұсынуға дайын екенін растады. Бұл Ready Built Factory – шағын және орта бизнеске арналған тез салынатын өндірістік модульдерді орналастыруға мүмкіндік береді.

Басым бағыттары метал өңдеу және техникалық қызмет көрсету, құрылыс және қаптама материалдарын өндіру, логистика мен қоймалық кешендер, инженерлік және энергетикалық қызметтер. Бұл салалар жергілікті деңгейде өндірісті орналастыру мен кооперация үшін ауқымды әлеуетке ие.

Бүгінде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарымен белсенді жұмыс жүргізілуде. Өндірістік және логистикалық тізбектер зерттеліп, қажеттіліктер жиналып, негізгі жобалар пулы қалыптастырылуда.

– Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 170 млрд теңгеге дейін, құрылатын жұмыс орындары – 5 500, 2031 жылға дейін барлық деңгейдегі бюджетке түсетін салық түсімі 19,6 млрд теңге деп болжануда. Айта кетерлігі, индустриялық аймақтың іске қосылуы білім беру, құрылыс, логистика және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына да мультипликативтік әсер береді. Инфрақұрылымдық жұмыстарды бастау 2025 жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр. Резидент кәсіпорындар 2026 жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Жоба ТЭН әзірлеуден бастап, инвестор тарту мен өндірісті іске қосуға дейін төрт кезеңмен жүзеге асады. Сонымен қатар, қысқа мерзімде ескі өндірістік аймақтың орнына жаңа өнеркәсіп кластері құрылған Саран қаласындағы индустриялық аймақтың табысты тәжірибесі егжей-тегжейлі зерттелді. Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін алаң, ресурстар, кадрлар және мемлекеттік қолдау сынды алғышарттар бар, – деп атап өтті Сапар Сатаев.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жедел іс-қимылдың маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Өсімнің жаңа нүктелері – Балқаштың орнықты дамуы үшін стратегиялық міндет. Қазірдің өзінде инженерлік коммуникациялар жүргізуге кірісуді және бизнеспен жұмысты қарқындатуды тапсырамын. Әлеуетті инвесторларды тартып, оларға нақты учаскелер мен шарттарды ұсыну қажет, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Өз кезегінде қала әкімі Балқаш қаласы аумағында жаңа өнеркәсіптік өндірістерді дамыту мақсатында әкімдік тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Кәсіпорындарды орналастыру үшін жер учаскелерін беру мәселелері қарастырылуда. Қажеттілік туындаған жағдайда инженерлік инфрақұрылым электрмен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету, кіреберіс жолдар және басқа да коммуникациялар тарту жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, инвесторларды тарту және өндірістерді іске қосу мен дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде, – деді Сапар Сатаев.

Әуежай әрленеді

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Балқаш әуежайының қайта жөнделу барысын да тексерді. Мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Қазір жұмыстың бірінші кезеңі аяқталған. Аэровокзалды күрделі жөндеу және арнайы көлік қызметіне арналған жаңа ғимараттың құрылысы жалғасып жатыр. Алдағы уақытта аэровокзал кешені, ұшып келу және ұшу залдары кеңейтіледі. Бұл ретте ғимараттың тарихи келбеті толығымен сақталатынын атап өткен жөн.

Барлық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Басты мақсат – туризмді дамыту. Жаңғыртудан кейін әуежайдың өткізу қабілеті 30%-ға артып, ұшу географиясы кеңеймек.
Ермағанбет Бөлекпаев әуе айлағының айналасын абаттандыруға ерекше көңіл бөлуді мұқият тапсырды.
Сонымен бірге, облыс әкімі сондай-ақ, катодты мыс өндіретін «Сары Қазына» ЖШС зауытына да ат басын тіреді. Компания қала мен «Қоңырат» шағын ауданындағы әлеуметтік жобаларды белсенді қолдайды.

«Қазақмыстың» қолдауы қомақты

«Қазақмыс» корпорациясы облыстың әлеуметтік саласын дамытуға қомақты қолдау көрсетеді. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен кездесуінің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 20 млрд теңге болатын келісімге қол қойылды. Қаражат Балқаш пен Қарқаралыдағы төрт ірі әлеуметтік маңызды жобаға бағытталады.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС орнықты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметовтің мәлімдеуінше, Балқашта дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақша салынады. Одан бөлек, М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жаңғырту көзделсе, Қарқаралыда Балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы жоспарланған.

«Қазақмыс» пен облыс әкімдігі осы жобаларды жүзеге асыру бойынша жол картасына қол қойды. Ол жаңа әлеуметтік нысандарға жер телімдерін таңдаудан бастап, пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Кездесу барысында Ермағанбет Бөлекпаев нақты міндеттер қойды. Талап бойыша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейні, үстел теннисіне арналған залы қарастырылуы керек және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс.

Облыс әкімі М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жөндеу жобасын дайындап, оны қала жұртшылығымен талқылауды тапсырды. Бұл ретте нысанның тарихи келбетін сақтау аса маңызды.
Сондай-ақ, білім беру инфрақұрылымын жақсарту үшін Балқашта жаңа мектептің жанында балабақша салуды жоспарлау керек. Келісім аясындағы барлық жобалар 2027 жылдың соңына дейін аяқталатынын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button