Инвестиция үлесі артады
Қарағанды облысында бизнестің іскерлік белсенділігі артып келеді. Осы орайда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 100 мыңнан асты. Кезекті аппарат кеңесінде инвестиция көлемі мен оның тиімділігі, абаттандыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Мемлекеттен қолдау құралдарының тағы бірі – индустрияландырудың бірыңғай картасы аясында 40 инвестициялық жоба іске асуда. Қазіргі таңда 9 жобаға жеңілдікті кредиттер беру түрінде қолдау көрсетілді, 16 жоба жер учаскесін алды, 18 жобаға жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген. Қосымша 6 жоба бойынша инфрақұрылымды жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инвесторларды тарту үшін екі өнеркәсіптік алаң – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы және «Saran» индустриялық аймағы жұмыс істейді. Бұл – бизнесті жүргізуге дайын инфрақұрылымы және салықтық жеңілдіктері бар ірі өнеркәсіптік алаңдар. Мамандар құрылысқа барлық рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге, визалық қолдауға, сондай-ақ, инвестициялық келісімшарт жасасуды дайындауға көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, инвесторларға ыңғайлы болу үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығына гид құрылды. Инвесторлардың сұрақтарына жедел жауап беру үшін жеделхат-бот және өндірілетін өніммен өңірлік тауар өндірушілер каталогын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы шаралардың арқасында биыл бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 5,5%-ға артып, 100 мыңнан асқан.
Инвестиция тарту және аталған бағытты ынталандыру шараларына келсек, бұл орайда облыстық өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр сөз алды. Спикер ағымдағы инвестициялық тәжірибелерге талдау жасап, саладағы жалпы ахуалды жақсартудың әлеуетті жолдарын анықтап өтті. Өйткені, инвестициялардың тиімділігі аймақтың экономикалық дамуы мен өркендеуіне тікелей байланысты.
– Бүгінде бұл салада құрылысқа, визалық қолдауға, сондай-ақ, инвестициялық жобаның қорытындысын дайындауға барлық рұқсат беру құжаттарына жәрдемдесу және ресімдеу инвесторларға қызмет көрсету орталығында сәтімен іске асуда. Бұл орайда шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы, «Ауыл аманаты», «Кәсіпкер» сынды бағдарламалардың септігі мол. Осы жылғы меже – 5,5 мың бизнес субъектілеріне 27 млрд.теңгелік қаржылық қолдау көрсету. Оның 2,5 мыңы – жаңа. Бұл субсидиялау, кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және жеңілдетілген несиелеу жобалары. 10 инвестициялық жобаға 252, 3 млрд. құйып, қосымша 3500 жұмыс орнын қамту жоспарланды, – деп хабарлады Дарын Бейбітұлы.
Атап өту керек, соны жобалар қатарында «Kyzylarai copper», «Феррум бетон продактс», «Қарағанды power silicon», «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты», «Темпо Қазақстан», Power blast, United energy Qazaqstan, «Қазметкокс» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Бұл кәсіпорындарда катодты мыс, жел энергетикалық мұнаралар, жүк автомобильдері, болат тік тігісті құбырлар, темірбетон бұйымдары, мырышталған металл бұйымдары және басқа да өнімдер өндірісі жолға қойылады. Спикер аймақтың инвестициялық тартымдылығына арналған нұсқаулық құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ. инвесторлармен жедел қарым-қатынас жасау үшін телеграм-бот жасалады. Өңірлік тауар өндірушілердің каталогы толықтырылуда, оған 66 өнеркәсіптік кәсіпорын кірді.
– Инвестиция тарту – жергілікті атқарушы биліктің жұмысындағы басымдық. Барлық жобаларды пысықтау қажет. Күнделікті режимде әрбір жобаны сүйемелдеу керек, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы Қарағанды облысы кәсіпкерлер үшін тиімді екенін атап, бизнесті жеңіл жүргізуге қолдау көрсетілетінін атады.
Сондай-ақ, жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев аймақ шаһарларын абаттандыру бойынша бағдарламалар мен жобалардың жай-күйіне тоқталды.
– Өңір қалаларын абаттандыру және көгалдандыру ондағы азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруына игі ықпал етері сөзсіз. Қарағанды облысында биыл 53 мың көшет отырғызылмақ. Қарағанды облысында жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғаудың жаңа қағидаларының жобасы әзірленді. Қалалар мен аудандарды абаттандыру ережелері де жаңартылады. Құжаттар өңірлік кәсіпкерлер палатасының келісімінен өтеді. Бұдан әрі ережені облыстық мәслихат депутаттары бекітетін болады, – деді Тілектес Темірбекұлы.
Оның айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 33 мың жасыл желек отырғызылған. Биылғы меже – 53 мың көшет.
– Туризмді дамыту үшін Балқашта қалалық жағажай жағалауын қайта жаңарту жалғасады. Жоба биыл аяқталуы тиіс. Қарағандыда 31 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ, қоқыс жинауға арналған мыңдаған жаңа контейнерлер орнату көзделіп отыр, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындар тарапынан қалалар мен кенттерді көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты көптеген шағымдар келіп түсетінін атап өтті. Бұл мәселелерді үнемі бақылауда ұстап, жұмыстың сапасын бақылау қажеттігін ескертті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz