Ресми

Инвестиция инфрақұрылымды жаңғыртады

«Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, энергетикалық еркіндік әзір қолымызда тұрғанымен, бұл саладағы саясатты мығым ете түсу міндеті қылаңытқалы қашан. Мемлекет басшысы маңыз берген күрмеуі сан қырлы сектордың өңірдегі ахуалы қандай?..

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Күн жарығымен жарысқан

Бұл сауалға жауап іздеп, лақтырған кесек тасымыз ә деген бетте бірден өндірісті өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ете отырып, Қазақстандағы энергетика саласындағы жетекші компаниялардың бірі болып келетін «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің албарына түсті. Компания электр желілерінің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтып, өңірді энергиямен жабдықтауда шешуші рөл атқарады. Аталған компанияның бас директоры Дидар Ахмадиннің айтуынша, қолға алынған инвестициялық бағдарлама келелі мәселені кезең-кезеңімен іске асыруға серпіліс дарытарлық септігін тигізуде. Әлбетте, жыл сайынғы көрсеткіштер әзір көңіл көншіте қоймағанымен, келешекте тиімділігі айқынырақ айғақтала түспек. 30-шы шағын ауданнан Волочаевская көшесіне дейінгі аумақты электр қуатымен қамтамасыз ететін «Оңтүстік-Шығыс» қосалқы стансасы 2012 жылы қайта жөндеуден өтті. Мұнда 40 киловаттық трансформатор орнатылды.

– Қазіргі кезде қосалқы стансаларды күрделі жөндеу ісі зор маңызға ие. Сіздер мен біздер «Оңтүстік-Шығыс» қосынында тұрмыз. Былтыр біз жаңа кабель желісін тарттық. Қосалқы станса дегенімізбен, осы нүкте арқылы аты айтып тұрғанындай қаланың тұтас оңтүстік- шығысы электр энергиясымен қамтылады. Өткен жылы біз бұған шұғыл кірісіп, жаңа кабельдік желілер салдық. Ал қазір осы жерден «Арай» базарының ауданына дейінгі кабельдік желілерді ауыстырып жатырмыз. Кабель 8 бірдей жіптіктен құралған полиэтиленнен жасалған 8,3 шақырым желі. Енді науаларын төсеу жүріп жатыр. Бұл ауданның электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, жоспарда 30 шағын ауданда «Болашақ» қосалқы стансасын салудың дайын жобасы бар, – деп түсінік берді компания бас директоры Дидар Айдарұлы.

Спикердің сөзінше, былайғы кезде қарапайым жанның көзіне көріне қоймағанымен, жергілікті тұрғындар электр энергиясын жыл санап артығымен қолдана түсуде. Себебі, үйдегі түрлі кір жуғыш машина мен ауа баптағыштың өзі электр қуатын тұтыну көлемін геометриялық прогрессия шамасымен күрт арттырған. Салдарынан ағымдағы кабельдер мен қолданыстағы кез келген трансформатор қызметіне қосымша салмақ түседі. Оның үстіне, жаз мезгілінде орталықтандырылған ыстық суы жоқ шаһар жұртшылығы жаппай су баптағыш технологияға көшкелі қашан. Ал бұл сайып келгенде, энергетика секторының қос иығына қосымша жүк екендігі тағы аян. 60-70 жылдардағы инфрақұрылым жүйесінің есебінде бұл заманауи артықшылықтар жоқ еді. Енді күн тәртібінде электр энергиясының қосымша қорын қалыптастыру үшін жаңадан электр стансасын салу межесі тұр. Бүгінде бұл мәселе құзыретті мемлекеттік мекемелермен талқылану сатысында тұр. Тиісті келісім құжаттары әзірленген соң, аталған нысан құрылысына кемінде екі жыл сарп етілмек. Жоба белгіленген инвестициялық бағдарлама аясында реттеледі. Ал бағдарлама өз кезегінде тек табыс әкелу қажет. Мысалы, Оңтүстік-Шығыста жаңа кабельдік желілер тартылып жатыр. Осындай амалдар келешекте күн жарығымен жарысқан энергия көзін өндіріп, өміршең жүйе құруға игі ықпал етеді.

Жаңғырған желі, жаңарған станса

Айта кеткен ләзім, «Қарағанды Жарық» желісі ірі қалалар мен шалғайдағы ауылдық елдімекендерді қоса алғанда, мұқым Қарағанды облысын қамтиды. Компанияның электр желілерінің жалпы ұзындығы мыңдаған шақырымды құрап, оны жаңарту және жөндеу жұмыстары жүйелі негізде жүргізілуде. Тек соңғы жылдары ғана аталған кәсіпорын өз нысандарын жаңғыртуға қыруар қаржы инвестициялаған.

– Орталық тарату қосалқы станциясынан 8 шақырымдай жаңа полиэтиленді заманауи электр кабелін тарттық. Кабельді тарту жол қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жаңа технология негізінде іске асырылуда. Келесі бағыт Республика даңғылы мен Сатыбалдин көшесіне ұласады. Бірден барлық аумақты желімен қамтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, жұмыс тобын 2-3 топқа бөлу арқылы шетінен сетінету әдісі жолымен жүзеге асырудамыз. Бүгінде жұмыстың жарымы орындалды. Тамыздың орта шенінде жаңа желіні іске қосу жоспарымызда тұр, – деп хабарлады «СМУ АЗИЯ» мердігер компаниясы басшысының орынбасары Мадияр Нұрмұханов.

Иә, кейінгі жылдардағы тартылған елеу­лі инвестициялар облыс инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталып келеді. Мәселен, 2021 жылы компания бірнеше ірі қосалқы стансаны жаңарту жобасын аяқтап, электрмен жабдықтау сенімділігін едәуір арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ, облыстың шалғай аудандары үшін электр энергиясына қолжетімділікті жақсартатын жаңа электр желілерін салу жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде «Қарағанды Жарық» тұрақты қаржылық көрсеткішінен де құралақан емес. Компанияның табысы тұрақты өсуде. Бұл оның қызметтеріне жоғары сұранысты көрсетеді. 30-шы шағын ауданда «Болашақ» жаңа қосалқы стансасын салу жоспарланған. Жарайды делік, табысы артқан қызметтің сапасының да артуы – жазылмаған заңдылық. «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысына заманауи технологияларды белсенді енгізуде. Бұған желіні басқаруды автоматтандыру, электр энергиясын есепке алудың интеллектуалды жүйелерін енгізу, озық материалдар мен жабдықтарды пайдалану кіреді. Компания сонымен қатар өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі, үнемі тренингтер мен оқыту бағдарламаларын өткізеді. Компанияның маңызды жетістіктерінің бірі электр энергиясын тұтынуды дәлірек ескеруге және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «ақылды» есептегіш жүйесін енгізу болды. Бұл жаңашылдық тұтынушыларға энергия шығындарын бақылауға көмектеседі.

Түйткілдер түйіні

– Жаз – жөндеу науқанының қызу уақыты. Әрине, тұтынушы мұны көрмейді. Сондықтан біздің компания жұмыс істемейді деп санайды. Іс жүзінде жұмыс ауқымды және тек қалада ғана емес, облыс бойынша да жүргізілуде. Ең алдымен, бұл электр қуатымен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға баса мән беріледі. Біздің жұмысымыздың көрсеткіші – қысқы уақыт кезеңі. Жазда жасағанның бәрі тұтынушының қыста жарық және жылудың үздіксіз болуы үшін қажет, – деп атап өтті «Қарағанды Жарық» ЖШС техникалық директоры Константин Конради.

Маусым айында орын алған апаттық жағдайлардың саны туралы тілшілер сауалына спикерлер осындай төрт жайттың тіркелгендігін растады. Оның екеуі жаңадан қосылған тұтынушы желілеріндегі зақыммен байланысты болса, екеуі жер жұмыстары кезінде зақымдалған кабельдің салдарынан орын алған. Көбінесе қала тұрғындары түнге жақын шамдардың қысқа мерзімді сөнуіне шағымданады. Мұндай шара келесі күні электр қуатын үздіксіз ұстап тұру үшін бір тізбекті екіншісіне қолма-қол ауыстыратындықтан болып жатады. Иә, күтпеген оқыс оқиғалар орын алып жататыны жасырын емес. Мәселен, бойынан жылу бөліп шығаратын трансформатор торабына көктемде құстар ұя салады. Оны ауламақ болған ит пен мысық та сол жерге жиі көтеріледі. Мұндай нысандар – егеуқұйрық атаулысының жайлы мекені. Трансформатор стендісінің жанындағы қым-қуыт тіршілік арагідік электр жарығының кілт сөнуіне ұласады.

Инвестиция игілігі

Компания өкілдері электр қуатымен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыру туралы баяндап өтті. Осы жылы жалпы сомасы 14 миллиард теңгеден асатын инвестициялық бағдарлама іске асырылу үстінде. Компанияның жоспарында Қарағанды мен жаңа Майқұдықта қосалқы стансалар салу, үш энергия торабын (Саран, Теміртау, Қарағанды) қосатын Сарандағы әуе желісін қайта жаңарту, Қарағанды мен Шахтинс­кіде электр желілерін жаңғырту, жаңа қаладағы жабдықтарды техникалық оңдау, Федоров бөлігінде қосалқы станса салу межесі тұр. Бұл іс-шаралардың бір бөлігі «инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы аясында да жалғаспақ.

– Өңірде 104 қосалқы станса, 1740 шақырым электр желісі бар. Ой елегінен өткізіп көріңізші. Кәдімгі алып аумақ. Оның барлығын тап-тұйнақтай ете салу әсте оңай шаруа емес екендігін терең түсінетін боларсыз. Дегенмен, жыл сайын жұмыс жүйелі негізде жүргізіледі. Бұл – бір. Екіншіден, «электр желісі ескірген» деген ортақ түсінік бүгінде өзектілігін біртін-біртін жойып келеді. Себебі, заманауи кабельді электр желісі тартылып келеді. Мәселе, жергілікті тұрғындардың электр энергиясы көлемін тұтыну мәдениетіне келіп тіреледі. Яғни, бір мезетте күндіз жаққан пәтеріңіздің шамымен қат-қабат кір жуғыш машинасын, сонсоң ауа баптағышты қосамжарланып қосу жайттары жетіп артылады, – деп тұжырды сөзін Дидар Ахмадин.

Кез келген ірі компания сияқты, «Қарағанды Жарық» та бірқатар сын-тегеуріндерге тап болады. Негізгісінің бірі шектеу­лі қаржы көлемінде инфрақұрылымды тұрақты жаңғырту қажеттілігі. Сондай-ақ, жосықсыз электр энергиясын ұрлау яки рұқсатсыз тұтыну мәселесін атап өту маңызды. Айтарлықтай инвестициялар легіне қарамастан, электр желілерін жаңарту одан да көп қаражатты қажет етеді. Облыстың кейбір аудандарындағы қолданыстағы желілер 50-70%-ға тозған, бұл оларды жаңарту бойынша шұғыл шараларды талап етеді. Бұл бағытта компания қосымша инвестицияларды, соның ішінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы тарту жолдарын індетіп іздестіруде. Жабдықтарды жаңғырту Қарағандының жүрегі саналатын «Жаңа қала» қосалқы станциясында да жүріп жатыр. Бұған дейін мұндағы оңдау жұмысы он жыл бұрын жүргізілген. Қазір жаңа, қуатты трансформатор орнатылуда. Оған тапсырыс өткен қыста берілген. Алты ай бойы Өзбекстандағы зауытта өндірілді. Орнату аяқталуда, жақын арада іске қосылады деп күтілуде.

«Қарағанды Жарық» дегенде бірден ойға оралары – сенім мен тұрақтылықтың алғышартындай болған, заман көшіне ілесе білген даму мен инновация нышаны екендігі. Ғажабы сонда, осы жылдар ішінде кәсіпорын жоғары сапа мен қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, тұрғын үй атаулысын үнемі электр қуатымен қапысыз қамтамасыз етіп келеді. Тек ол турасында компания өкілдерінің жақ ашып, тіс жарғаны міне осы. Пейілі ақ, көңілдері түзу. Әйтеуір, жан-жағын шырмауықша шырмаған сұқсыр сұраныс­тың әжетін өтеп-ақ келеді дерсіз. Алдыңызды жалқынсары жарық қаптаған қалада ал жанбай көріңіздер, жарандар!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button