Бұқар жырау ауданына 55 млрд теңгеге инвестиция тартылды
Бұқар жырау ауданының әкімдігінде құрылған инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, онда бірнеше инвестициялық жоба қаралды. Инвестициялық штаб мәжілісін Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын жүргізіп, оған штаб мүшелері – аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары мен аудандық прокуратураның өкілі қатысты.

– Бұқар жырау ауданы – Қарағанды облысының ең іргелі, тарихи, ең дамыған аудандарының бірі. Тоғыз жолдың торабына орналасқан ауданымыз арқылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль мен теміржолдары өтеді. Біздің өңірде «Сарыарқа» халықаралық әуежайы да орын тепкен. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақ та біздің Бұқар жырау ауданының аумағында орналасқан. Біздің ауданның тағы бір ерекшелігі – облыс орталығын айнала қоныстанған ауылдарымыздың көптігі. Сондықтан, бізде инвестиция салуға қажетті инфрақұрылым қолжетімді жерде деп айтуға болады.
Оның үстіне қазірде 52250 халық тұратын ауданның жалпы жер көлемі 1439320 гектарды құраса, мұндағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 889234 гектар да, жайылымдық алқаптар 874735 гектар көрінеді. Содан аудандағы 29 ауылдық және кенттік округтердің елдімекендеріне 372234 мың ауыл шаруашылығы мақсатындағы және 321697 жайылымдық жерлер бекітіліп берілген. Ал, қосымша жер қоры 128063 гектар болса, жайылымы 126469 гектарға тең екен.
Міне, осыншалықты әлеуеті мен мүмкіндігі бар ауылдарымыз елге, жерге жаны ашитын өз инвесторларын күтуде. Әлбетте, олар да өз ақша, қаражатын негізгі капиталға табыс табамын деп салады ғой. Бұл тұрғыда, Ерлан Құсайынның айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде Бұқар жырау ауданына 55 миллиард теңге жеке инвестициялар тартылыпты. Мұнда бұл жұмыстар толас таппай, әлі де жалғасуда. Соның бір дәлелі – аудандық әкімдікте құрылған жоғарыдағы инвестициялық штаб.
Шүкір, Бұқар жырау ауданында осының бәрі де бар. Бизнестен тапқан табысын туған жерін гүлдентіп, көркейтуге жұмсауға құлшыныс білдірген кәсіпкерлер де табылып жатыр. Біз қатысқан инвестштабтың отырысында қаралған 6 инвестициялық жобаны ұсынушылар да сырттан келген емес, жергілікті азаматтар болып шықты. Сол жобалардың бесеуі Үштөбе, ал, біреуі Жаңаөзен ауылдарында өз кәсіптерін дамытып, өркендетуді көздейді. Бұл екі ауылдың облыс орталығына таяу жатқанын елдің бәрі білуі тиіс. Яғни, оларда бизнес жүргізуге қажетті инфрақұрылым – сумен және электрмен жабдықтау дайын. Бірақ, әлі де шешімін таппаған мәселелері онлайн байланыс барысында белгілі болды. Мәселен, «Айбар» ЖК басшысы Арыстан Құсайынов Үштөбе ауылында Денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын өз қаражатымен салуды алдағы 2026 жылдың көктемінде бастап, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ ойда. Сол үшін ол осы ауылдан 0,25 гектар жер алып, құны 110 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасын жасатып, әзір қылған. Енді оның сұрайтыны – тағы 10 сотық жер телімі мен кешенге келетін жолдың 500 метрін асфальттау.
Келесі қаралған инвестициялық жоба да осы Арыстан Құсайыновқа тиесілі. Бұл жоба бойынша ол өз қаражаты мен «Даму» қорынан алған қарыз ақшасы, барлығы 200 миллион теңгеге 700 шаршы метр орында 100 балалық жекеменшік балабақша ашып, 9 адамға тұрақты жұмыс ұсынбақты ниет етіпті. Қазірдің өзінде СЭС-тен 100 баланы қабылдауға рұқсат алып, соның 70-ін қабылдап та қойыпты. Алайда, штаб мәжілісіне қатысып отырған Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Серік Әміралин ауыл шаруашылығы жер телімінің мақсатты пайдаланбағандығы үшін айыппұл салынып, оны төлеген соң ғана оның мақсаты өзгертілетінін, онсыз мәселе шешілмейтінін ескертті.
Ендігі жылқы етінен жартылай фабрикаттар мен консервілер шығару жөніндегі жеке кәсіпкер Ағылбаеваның тәулігіне 500 килограмм осындай өнім шығаратын цехы да Үштөбеде ашылып, 5 адаммен жұмысын бастап кеткен. Оның инвестициялық жобасына 50 миллион теңге қаражатын цех қожайыны өз қалтасынан салыпты.
Үштөбедегі тағы бір инвестициялық жоба товарлы бетон заводын салуды ұсынған – «Bilol Beton» ЖШС. Аталған серіктестік сағатына 90 текше метр товарлы бетонды өздері жұмысқа қабылдайтын 30 адамның күшімен атқаруға бекініп, өткен қараша айында оның алғашқы кезегі іске қосылған. Енді оның екінші кезегін іске қосу үшін резервтік 150 киловатт электр энергиясын алу үшін «Қарағанды жарық» ЖШС рұқсаты керектігі қатты сезіледі. Олар әзірге ауызша рұқсат бергенімен, жазбаша рұқсат алуға инвестштаб араласпайынша болмайтын түрі бар. Сондықтан штабтың осы мәселемен шұғылдануына тура келеді.
Үштөбедегі соңғы инвестициялық жобаны ұсынушы жеке кәсіпкер Нұрлан Сәденов болса, ол күніне 5 мың дана кірпіш пен 7 шаршы метр қырланған кеспе тастар құйып, шығармақшы. Өз қаражаты мен қарызға алған ақшасын қоса алғанда, құны 60 миллион теңгелік инвестициялық жобасын жұмысқа қабылдайтын 25 адамның күшімен тындыруды ойлайды. Сол мақсатта 0,36 гектар жер телімін алып, 100 киловатт электр энергиясын қосуға «Қарағандыжарық» ЖШС рұқсатына қол жеткізіп, жер телімін тегістепті. Енді оған керегі – тағы да 50 миллион теңге жеңілдікті несиеге ие болу. Ерлан Бейсембайұлы оған бұл мәселеде көмек-қолдау көрсететіндерін мәлім етті.
Ең ақырғы 300 миллион теңгенің инвестициялық жобасы бойынша «Айна» ЖШС басшысы Раушан Мусина Жаңаөзен ауылында 100 орындық жекеменшік балабақша ғимаратын салып, 10 адамды жұмыспен қамтуды көздейді.
Инвестштабтың отырысын қорытындылаған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын осы жекелеген азаматтардың негізгі капиталға салуға бағытталған инвестициялық жобалар мен идеялары жүзеге асып жатса, ауданда қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық түсімдері де көбейіп, ауылдарымыз бұрынғыдан ажарлана түсетініне нық сенімін білдірді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы



