Бас тақырып

Инвестиция игілікті еселейді

Аймақ өнеркәсібіне биыл бес жаңа кәсіпорын қосылды. Газ қазандықтарын шығаратын «Терма Бойлер», Теміртауда полимер бекіткіштерінің ампуласын шығаратын «ОКС Казахстан»,   «Saran» индустриалдық аймағындағы полиэтилен құбырларын шығаратын «КарЗТФ», Абай мен Нұра аудандарында да ашылды жаңа кәсіпорын. Жыл соңына дейін  тағы бес жоба іске қосылмақ. Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтің айтуынша, жаңа жобаларға тартылған инвестиция – 125 млрд теңге, жаңадан мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Он айды қорытындылаған Әлібек Молдакәрімов өндірісте өсім бар екенін атап өтті.

Сурет inform.kz

– Осы кезеңде облыста 3,2 трлн теңге өнеркәсіптік өнім өндірілді. Бұл жалпы өңірлік өнімінің жартысынан астамын құрайды. Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға артық. Өнеркәсіптегі өңдеу секторының үлесі – 78%. Кәсіпорындар 2,5 трлн теңге өнім өндірді. Атап айтқанда, қара металлургияда 13,8%-ға,  түсті металлургияда 7,5%-ға, машина жасауда 21,6%-ға,  резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 27,5%-ға және фармацевтикада 34,6%-ға өсім бар, – деді ол.

«Qarmet» компаниясында жүргізілген модернизациялардың арқасында өткен жылмен салыстырғанда шойын өндірісі  – 12,1%-ға, болат – 16,8%-ға, жалпақ прокат 18,6%-ға артқан.  Іздеу жүйесі «Қазақстан» және Күзембаев атындағы шахтаға енгізілді. Аталған жүйе келер жылдың соңына дейін барлық шахталарға орнатылады деген жоспар бар. «Қазақмыс» корпорациясы» өндірісі де өскен. Өткен жылмен салыстырғанда өндірілген мыс 180,8 мың тоннаға көп.

– Аймаққа 850 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде, өндіріске 333,6 млрд теңге, автокөлік жолдарының құрылысына  202,8 млрд теңге, құрылыс саласына 96 млрд теңге, тұрғын үй шаруашылығына 91,2 млрд теңге, білім саласына 35,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 19,8 млрд теңге, денсаулық сақтауға 8,1 млрд теңге және басқа салаларға 60,7 млрд теңге, – деп атап өтті Әлібек Рысбайұлы. 

Аймаққа тартылатын инвестициялық жобалардың  дені ұзақ мерзімге бағдарланған. Мұндағы негізгі мақсат – өнімділігі жоғары болатын экспортқа арналған өңдеуші өнеркәсібін құру.

Металдарды терең өңдеу, жасыл энергетика, құрылыс индустриясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру сияқты бағыттарды дамыту үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

– Облыста инвесторларға бизнес жүргізу үшін орасан зор минералды-шикізат базасы, қолайлы географиялық орналасу, дамыған логистикалық инфрақұрылым және инженерлік-кадрлық әлеует бар, – дейді ол. – Біздің тарапымыздан инвестициялық жобаларды қолдау бастапқы циклден бастап өндірісті толық іске қосуға дейін жасалады. Біздің мамандар құрылысқа рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге, визалық қолдауға, сондай-ақ, инвестициялық келісімшарт жасасуды дайындауға жәрдем көрсетеді. Соңғы үш жылда 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жыл қорытындысы бойынша 1 трлн теңге тарту жоспарланған.

Бұл мақсатта әлеуметтік инвесторлармен 30-дан астам кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде аймақта «China Energy», «Yutong», «Artel», «IG Global»  «Технониколь» сынды халықаралық компаниялар жұмысын бастағанын атап айту керек. Осы ретте арнайы экономикалық аймақтарды дамыту ерекше маңызға ие. Қазір «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 24 резидент тіркелген. Оның төртеуі биыл тіркелді. «Saran» индустриалдық аймағының резиденттері 200 млрд теңге көлемінде инвестиция салды, 4 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазіргі уақытта онда құны 386,2 млрд теңге 9 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, автокөлік дөңгелектерін шығаратын «Tengri Tyres», автобус шығаратын «Yutong» және тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» сынды ірі кәсіпорындар бар.

Бұдан бөлек, облыс аумағында шағын өндірістік аймақтарды құру бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Спикердің айтуынша, бағдарлама операторы «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілеріне өндірістік үй-жайларды салуға немесе бар үй-жайларды қайта жаңарту үшін 3%-бен жеңілдетілген несие береді.

– Бұрынғы машина жасау зауытының аймағында құрылған шағын өндірістік аймақ – бұл жобаның жарқын мысалы бола алады. Онда қазір құрылыс материалдарын, химиялық өнімдерді және машина жасауды өндіру бойынша 8 кәсіпорын мен 6 сауда объектісі орналасқан. Тағы үш осындай аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 10 млрд теңге қарастырылған, – деді Әлібек Молдакәрімов.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button