Инватаксидің қолжетімділігі артты
Мемлекет мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және оларды әлеуметтендіру үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.
Олардың қажеттілігін ескере отырып, мемлекеттік бюджеттен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерімен және инватаксимен қамтылады. Мұның барлығы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту туралы заң да қабылданды.
Қарағанды облысында соңғы үш жылда инватакси көліктерінің саны үш есеге артты. Бүгінде олардың саны 118-ге жетті. Мүгедектігі бар адамдар бұл қызметті барлық қалалар мен аудандарда пайдаланады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, инватакси қызметімен қамту жыл сайын өсуде. Егер 2021 жылы қызмет облыстың сегіз аймағында 35 көлік қызмет көрсетсе, үш жыл ішінде тағы бес аймақ қосылып, 118 көлік болды. Қазір қызмет бүкіл облыс бойынша қолжетімді. Сонымен қатар, инватаксиді пайдалануға құқылы адамдар тізімі де көбейді. Бастапқыда бұл қызмет тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті бұзылған адамдарға ғана арналған еді. Өткен жылдан бастап, олардың қатарына психикалық ауытқулары бар балалар қосылды.
– Менің төрт жастағы ұлыма ДЦП диагнозы қойылған. Астана қаласынан Қарағандыға жиі мамандар мен жаттықтырушылар келеді. Біз Абай қаласында тұратындықтан, олардың қабылдауына бару қиын болатын, өйткені, ем алу үшін екі апта қатарынан бару керек. Автобуста ерекше баламен жүру қиын, ал, такси қымбат. Жақында біздің қалада инватакси қызметі жұмыс істей бастады. Бұл өте ыңғайлы. Жүргізушілер сыпайы, керек жерімізге апарады, күтеді және қайта алып кетеді. Осындай қолдау көрсеткені үшін мемлекетімізге алғыс айтамын, – деп бөлісті Абай қаласының тұрғыны Мөлдір.
– Бұл – мүгедек адамдардың өмірін жеңілдететін керемет жоба. Инватакси өте ыңғайлы: сізді кіреберістен алып, қажетті жерге жеткізеді. Мен бұл қызметті үнемі қолданамын. Егер бұл бір кездері таңсық болса, қазір ол әбден үйреншікті жағдайға айналды. Ешқандай проблема жоқ, машиналар жеткілікті, – дейді «Qamqor plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қарағандыдағы «Тen Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы Нияз Сүндеталиев.
Оның айтуынша, жақында инватакси қызметін пайдаланушылар қатары көбеюі мүмкін.
– Облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 18 жастан асқан ақыл-есі кем адамдарға да бұл қызметті тегін көрсету мәселесін қарастыруды тапсырды, – дейді ол.
Өтініш беру үшін арнайы чат бар. Өтінім жоспарланған сапардан бір күн бұрын беріледі, уақыты келісіледі. Қызмет ашық болуы үшін Қарағандыда ONAY! жүйесі енгізілді. Инватаксиде валидаторлар орнатылған, олар әр сапарды тіркейді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz