Ресми

«Инватакси» сайлаушыларға қызмет көрсетуде

Балқаш қаласында мамандандырылған «Инватакси» автомобилі мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскелеріне барып дауыс беруіне қызмет көрсетуде. Мамандардың мәлімдеуінше, қалада бүгінгі таңда 3860 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 100-ден астамы арнайы автокөлікпен тасымалдау қызметіне мұқтаж.

Балқаш қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірхан Тәтибековтің айтуынша, таңғы сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін мүмкіндігі шектеулі 7 адам «Инватакси» қызметі арқылы келіп, дауыс берген.

– Балқаш қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарды сайлау кезінде көлікпен қамтамасыз етуді жолға қойды. Тасымалдау қызметтері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бүгін 189 мүмкіндігі шектеулі жан үйінде дауыс береді. Олардың 56 мүгедектер арбасында отырған адамдар. Сайлау аяқталғанша «Инватакси» қызметі жұмыс атқарады және «Инватакси» жолаушыларды баратын жеріне дейін тегін тасымалдайтын болады,  – дейді Мейірхан Тәтибеков.

Айта кетейік, «Халық» қайырымдылық қоры Халық Банкімен бірге елімізде 2018 жылдан бастап «Инватакси» жобасын жүзеге асыруда. Осы жоба аясында 2020 жылы Балқаш қалалық мүгедектер қоғамы мамандандырылған «Инватакси» автомобилін сатып алған болатын.  Мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа жыл қарсаңында «Инватаксиді»  Халық Банк пен  «Халық» жеке қайырымдылық қоры сыйға тартқан.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button