Қарағанды облысында 997 интернет алаяқтық оқиғасы тіркелген
Қазір адам баласының өмірі ұялы телефонға байланған. Ұйқыдан тұра сала телефонын алып, әлеуметтік желідегі жаңалықтарды қарайды, банктік төлем жасайды немесе интернет-дүкеннен тауар таңдайды. Бірақ, цифрлы мүмкіндіктің көлеңкесінде елеусіз әрі өте қауіпті интернет-алаяқтық атты «жаудың» жасырынып жатқанын білсек те, кейде қамсыздық танытамыз.

Мүмкіндік пе, қауіп пе?
Виртуалды кеңістіктегі алаяқтар нағыз «қой терісін жамылған қасқыр» іспетті – өзін банк қызметкері, пошта тасушысы, онлайн-дүкеннің сатушысы немесе таныс адамның бейнесінде көрсетіп, сенімге кіріп, сан соқтырады. Бейқам жүргенде байқамай шотындағы соңғы тиынға дейін жоғалтып, өз атына ашылған картаның көмегімен қылмысқа серік болуы әбден ықтимал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге айрықша тоқталып, интернет-алаяқтықты ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастыру қажеттігін қадап айтты. «Ақпараттық сауаттылық – жаңа заманның қалқаны» деген ұстаныммен елімізде киберқылмысқа қарсы интеллектуалды технологияларды енгізудің нақты тетіктері қолға алынған. Енді әр азамат осы майданның алдыңғы шебінде тұруы тиіс.
Қарағанды қаласы полиция басқармасы ұсынған дерек бойынша, кеншілер қаласында 2025 жылдың 7 айында 2819 қылмыстық оқиға тіркелген. Оның 1557-сі – алаяқтық болса, соның 997-сі – интернет алаяқтық. Яғни, қазір әрбір екінші алаяқтық цифрлы кеңістікте орын алуда.
Бүгінгі қылмыскер бұрынғыдай бетперде киіп көшеде бой тасалап жүрмейді. Ол – цифрлы құрылғылардың ар жағында, қарапайым жұртттың сенімін қару еткен кибер жыртқыш.
Президент тапсырмасы аясында интернет-алаяқтықпен күреске кешенді тәсіл қажет екені айқындалды. Бұл бағытта қабылданған басты жаңалық – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бап.
Яғни, енді, өз атына ашылған банк картасы мен есепшотын бөтен адамға берген азаматтың өзі де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ол үшін 160 АЕК көлеміндегі айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін.
Аталған заң аңқаулықтың қылмысқа төте жол екенін ескертіп отыр. Өйткені, қазіргі алаяқтар көбіне адамдардың сенгіштігін пайдаланып, оларды қылмыстық жүйеге бейсаналы түрде тартуда.

Айта кетер жайт, бұл әрекет білместікпен жасалған күннің өзінде де кешірілмейді. Себебі, алаяқтар дәл осы «көмектесе салу», «танысым сұрады» деген жеңіл сенімге сүйеніп, өз істерін жүзеге асырады. Ал, картасын берген адам алаяқтыққа тікелей қатысы бар тұлға ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
– Қылмыстың сипаты өзгеріп барады. Бұрын есік бұзатын ұры болса, қазір қолындағы смартфон арқылы бір мезетте жүздеген адамды қан қақсататын алаяқтар көбейді. Сондықтан, қылмысты тергеумен қатар, оның алдын алумен де белсенді айналысып жатырмыз. Әркім банк картасын, жеке шотын өзгеге бермей, заң талабы мен қауіпсіздігін түсініп, өз дерегін қорғауға жауапкершілікпен қарауы керек, – деп ескертеді Қарағанды қалалық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Омаров.
Сенімді тосқауыл
Бүгінде Президент тапсырмасы аясында цифрлы қауіптерге қарсы заманауи интеллектуалды жүйелер де енгізілуде.
Атап айтсақ, «Антифрод-Центр» жүйесі іске қосылып, банктер мен құқық қорғау органдары арасында шұғыл дерек алмасу механизмі орнатылды.
Сонымен қатар, банктер күмәнді транзакциялар кезінде SMS және push-ескерту, геолокация бойынша тексеру, екі факторлы аутентификация сынды қорғаныс жүйелерін енгізуде. Жасанды интеллектке негізделген бақылау алгоритмдері де күдікті әрекеттерді дер кезінде анықтап, операцияларды автоматты түрде тоқтатуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде азаматтарды алдау тәсілдері күн сайын түрленіп барады. Мәселен, банк қызметкері болып хабарласып, SMS-код сұрайды. OLX тәрізді сайттарда жалған сатып алушы кейпінде шығып, карта деректерін алдап алады. QR-код арқылы вирус таратады. Ал алаяқтықтан түскен қаражатты дәл сол «жөнсіз карталар» арқылы қолма-қол ақшаға айналдырады.
Интернеттегі қауіптерге қарсы тұру үшін әр азамат цифрлық гигиена мен қаржылық қауіпсіздікті ұстануы шарт. Яғни, банк картасын, шотын және онлайн-банкинг деректерін ешкімге бермеу, күмән тудыратын ұсыныстарға «жоқ» дей білу, күрделі, жеке парольдер қолдану және екі факторлы аутентификацияны қосу, күдікті сілтемелер мен хаттарды ашпау, белгісіз қоңырауларға жауап бермей, деректерді жария етпеу.
Қоғам мен билік тізе қосса
Қарағанды қаласы – интернет-алаяқтықпен күрестегі кешенді жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетіп отырған өңір. Полиция департаменті мен екінші деңгейлі банктер бірлесіп, қаржы секторында алаяқтықты болдырмауға арналған оқыту семинарларын тұрақты түрде өткізеді. Мәселен, «Халық банк», «Жусан банк» сынды мекемелер өз қызметкерлерін киберқылмысты анықтап, алдын алғаны үшін арнайы марапаттармен көтермелеп отыр.
Мектеп оқушыларына арналған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» жобасы арқылы 5-11 сынып оқушыларына интернеттегі фишинг, кибербуллинг, жеке деректерді қорғау, хакерлік шабуыл сынды қауіп туралы сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылады.
2025 жылы қалада мүліктік қылмыстар 7,9%-ға, ал пәтер ұрлығы 22,5%-ға азайды. Бұл – тек құқық қорғау органдары емес, тұтас қоғамның ортақ нәтижесі.
Бір айта кетерлігі, дамыған елдер де бұл проблемаға бейжай қарамай отыр. Мысалы, Ұлыбритания – мектеп бағдарламасына киберқауіпсіздікті енгізіп, балаларды фишингтен қорғауға машықтандырса, Германия – федералдық деңгейде арнайы Cybercrime Unit құрып, жалған сайттарды AI арқылы бұғаттайды. АҚШ интернет-қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздікпен тең қойып, транзакцияларды толық бақылауда ұстайды.
Елімізде де бұл тәжірибелер ескеріліп, зерделеніп, өз заңнамамыз бен қорғаныс тетіктеріміз жетілдірілуде.
Цифрлы кеңістіктегі қауіптің бет-бейнесі өзгергенімен, мақсаты біреу-ақ – алдау арқылы табыс табу. Сондықтан, интернет-алаяқтарға қарсы күресте басты қару – ақпараттық сауаттылық пен сергектік екенін білген жөн. Мемлекет өз тарапынан заңды күшейтіп, технологияның түр-түрін енгізіп келеді. Алайда, әр азаматтың «мен бұған алданып қалмаймын» деген сенімі ғана емес, білімі мен сақтығы маңызды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»