АймақБас тақырыпҚарағанды

Интеллектуалды бейнебақылау 50-ден астам құқықбұзушылықты анықтады

Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» аясында құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа технологиялар жүйелі түрде енгізіліп келеді. Құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдағы тәртіпті нығайту мақсатында өңірде «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін интеллектуалды бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Сурет ЖИ

Қазірдің өзінде 60-қа жуық жасанды зердесі бар бейнекамера Қарағанды аумағындағы маңызды нысандар мен адам көп жиналатын жерлерде жұмыс істейді. Олардың қатарында «Сарыарқа» әуежайы, теміржол вокзалы, ірі аялдамалар мен ауқымды даңғылдар мен көше қиылысы бар.

Атап айтқанда, жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Камералар адамның бет-бейнесін автоматты түрде танып, агрессивті мінез-құлықты, көпшіліктің шамадан тыс жиналуын және өзге де күмәнді әрекеттерді бірден тіркеп қояды. Қажет болған жағдайда, бағдарлама деректі бірден полицияның кезекші бөліміне жібереді.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Негмет Исмагуловтың айтуынша, мұндай интеллектуалды жүйелердің арқасында жыл басынан бері 50-ден астам құқықбұзушы анықталып, ұсталған.

– Бейнеаналитика қазірдің өзінде өз тиімділігін дәлелдеді. Жүйе іздеуде жүрген немесе сот шешімін орындамаған тұлғаларды тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарған, қарызын өтемеген адамдар да бірден анықталады. Мұндай технологиялар профилактикалық жұмыстың сапасын арттырып, қоғамда құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді, – дейді департамент басшысы.

Бұл нақты іс жүзінде де жүзеге асып келеді. Мәселен, вокзал аумағындағы камера пробациялық бақылаудағы азаматты анықтап, ұстауға мүмкіндік берген. Ал, басқа жағдайда жүйе алимент төлеуден жалтарып жүрген Қостанай тұрғынын тіркеп, полицияға хабарлама жіберген.

Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, жасанды интеллект элементтері бар бейнекамералар қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу ісінде сенімді құралға айналды. Жасанды зерде қазір тек іздеу немесе талдау құралы ғана емес, қоғамдық тәртіптің де сақшысына айналды.

Қарағанды шаһарының көшелерінде орнатылған интеллектуалды бағдаршамдар мен ақылды камералар адам мен көліктің қозғалысын бір мезетте бақылай алады. Бұл жүйелердің басты ерекшелігі де сол – жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің тәртібін автоматты түрде талдай алуында.

– Қазір қылмыс сипаты да, тәртіп бұзу тәсілі де өзгерді. Біз адамдардың қозғалысын жедел талдайтын, мінез-құлықты бақылайтын жүйелерге сүйенеміз.

Мысалы, жаңа бағдаршамдар адамның бет-бейнесін таниды, агрессивті қимылдарды немесе қауіпті әрекеттерді автоматты түрде белгілейді. Егер күмән тудырған азамат іздеуде жүрген болса, жүйе оны бірден анықтап, бөлімшеге хабар береді, – дейді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Дамир Ұқан.

Бағдаршамның интеллектуалды бағдарламасы адамның бет-бейнесін танып, оның әрекетін бақылайды. Егер адам қызыл түске өткені үшін ережені бұзса, жүйе оны дереу тіркеп, полицияға хабарлама жібереді. Осылайша құқықбұзушының кім екенін анықтау уақыты үнемделіп, технологияның шарапаты сезіліп келеді.
Мұндай камералар бағдаршам орнатылмаған жаяу жүргіншілер өткелдерінде де жұмыс істейді. Олар көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамау немесе жаяу жүргіншіге тоқтамай, өтіп кеткен мезетті бірден тіркеп, деректі дереу орталық базаға жібереді. Бұл тәсіл бұрыннан белгілі «Сергек» жүйесінің жетілдірілген нұсқасы.

– Мұндай технологиялар біздің жұмысымызды жеңілдетіп һәм жеделдетеді. Қарапайым ғана мысал, бұрын жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтау үшін бейнежазбаны сағаттап қарау керек еді. Енді жасанды интеллект арқылы бірнеше секунд қана сарп етеміз. Бұл – қылмыстың алдын алуды жаңа деңгейге көтерген қадам, – дейді жедел уәкіл.

Қазір бұл жүйелер пилоттық режимде іске қосылып, алдағы уақытта облыстың барлық ірі қалаларына орнату жоспарланып отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаңа технология тек қауіпсіздікті күшейтумен шектелмейді. Ол азаматтардың заңға және қоғам тәртібіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button