Инновациялық ойлау игілікке бастайды
«Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру» деп міндет қойды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында. Экономиканы екпінді ету жолында ұсыныстар қажет екені белгілі. Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаты Иван Георгиади мырзамен пікір алмасқанды құп көрдік…
– Құрметті Иван Владимирович, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен жүзбе-жүз кездесіп жүретіндігін мәлімдеді. Аталған жайттың өзі салаға серпіліс беретіндей. Сіздің құнтты көзқарасыңыз өңірден өмірге бет алған кәсіпкерлікті жорға аяңынан жаңылдырмас үшін неден бастау қажет дейді?..
– Кәсіпкерлік облыста өз тұғырында аласармай келеді. Қазыналы Қарағандының бүгінде кәсіпкерлер аймағы деп мойындалуы әсте тегін емес. Мәселен, Саран индустриялық аймағы республикадағы бірқатар өңірлерге сарабдал мысал ретінде көрініс беруі де көңіл қуантады. Сіздің сауалыңызға алып-қосарым бар. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Бизнес өкілдері белгілі бір саладағы саясатты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін.
Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін», – деп нақты пікір үстеді. Яғни, бұл тұрғыда кәсіпкерліктің мультипликативті әсер беруі үшін мемлекетшіл буржуазия қалыптасуы қажеттігін қаперге салды. Буржуазия – француз тілінен аударғанда капиталды иеленуші және осы меншіктен түсетін кірістер есебінен, оның ішінде кәсіпкерлік қызметтен түскен пайданы жарататын әлеуметтік тап. Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық буржуазия туралы кең түсінігін алғаш рет Давос экономикалық форумында көпшілікке таныстырылым жасаған. Бұл маңызды – мәселе Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында.
– Сонда, буржуазия бағдары нендей нәрселерге бұрылмақ?
– Бастабында жастар буын арасында еңбекқорлық пен кәсіпқойлық сияқты құнтты құндылықтарды ілгерілетудің маңыздылығына терең мән берілмек. Өзгеріс ойдан басталады. Тұтас ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қоғамда білім мен инновациялық ойлауды жан жақты қолдау қажет. Қош, делік. Қолдау бар. Мемлекет ұғымының аясында енді бұл қамқорлық шеңберін заң мен тәртіппен, әсіресе, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен көмкеріп тастасақ, құба-құп.
Біз бизнеске әр республиканың әр азаматының жасампаз белсенділігіне бәс тігеміз. Табыс өлшемі адал еңбек, сыбайлас жемқорлық пен фаворитизмсіз ашық бәсекелестікке негізделеді. Осылайша кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ете отырып, қолайлы инвест-климат құрылады. Бұл орайда «әсте-әсте» ережесінің мәні терең. Президент 2019 жылғы Қазақстан Халқына Жолдауында бизнеске кез келген заңсыз кедергі мемлекеттік қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс екенін атап өтті. «Жауапты адал бизнеске қысым жасау мүмкін емес.
Егер бұл заңсыз негізде орын алса, бақылаушы органдар мен құқық қорғау органдарын білдіретін адамдар қатаң жазаланады», – деді мемлекет басшысы. Демек, құқық қорғау органдары алаяқтықты, қаржы пирамидаларын, бюджетті ұрлауды азаматтардың мүддесін бұзатын қылмыстарды тергеуге назар аударуы керек.
– Кәсіпкердің мемлекеттен қолдау күтетіні белгілі. Ендігі модель қандай болмақ?
– Қазақстан тәуелсіздігін енді алған жылдардан бүгінге дейін кез келген кәсіптік ұйым тиісті қолдауды сезініп келеді. Әлбетте, бұл жақсы үрдіс. Бірақ, бұл белгілі бір деңгейде үйренісу психологиясының өрістеуіне де жол беретінін ескерген жөн. Әрбір кәсіп бастаушы жан алдымен өзі үшін сонан соң атамекеніне пайда тигізгені прогматтық тұрғыдан да ұтымды стратегия. Яғни, түпсіз пайданы игерем деу жаңсақ ниет.
Осы бастан айтайын, асылында адамгершілік алғашқы капитал екендігін саналы жанның бәрі түсінбеуі мүмкін, алайда түйсінеді. Президент не дейді? «Басқа жұртқа қараңыздар. Көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын.
Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет», – деді. Уақыт келді. Бизнестің бектері менен берендері, қабылан шері ерендері өсіп-өнді бұл күні. Бұған дейін олар кәсібінің төрттағандап тұруына еш кедергі болмады. Болашақта олар нарықтың наркескендері болып ел үшін, атамекен жер үшін салым қосса Отанымыз гүлдене түседі деген ой тұжырамыз.
– Сонда түрлі істерге ұйытқы болып жүрген меценаттарымыз бен атымтай азаматтарымыз аз деуге келе ме?..
– Жоқ, әсте олай емес. Жұртына жанашыр жандар ортамызда баршылық. Бірақ, көбінеки мұндай істер жекелеген сипат алып жататыны да аян. Қазір инвестиция атаулысын ұрпағымыздың интеллектісіне сарп етудің пайдасы көл-көсір. Мәселен, меценаттар мен демеушілер инвестиция, грант, стипендия немесе акселерация бағдарламалары арқылы жас кәсіпкерлер мен стартаперге қаржылық қолдау көрсете алады. Бұл жас таланттарға өз бизнесін дамытуға және қаржылық жағдайын нығайтуға септеседі.
Ол болмаса, бизнесті басқару дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру бағдарламасы мен жобаларына инвестиция құя алады. Бұл бизнес мектептерін құруды, шеберлік сыныптарын, тренингтер мен конференциялар өткізуді қамтуы мүмкін. Инфрақұрылым мен платформаларды құру тұрғысында бизнес-инкубатор, технопарк, коворкинг кеңістігі және инновациялық орталықтар сияқты инфрақұрылымды құруға жәрдемдессе, қандай ғанибет?!
Бұл кәсіпкерлерге қажетті ресурстарға, сараптамаға және байланыс желілеріне қол жеткізуге көмектеседі. Яки, қолайлы кәсіпкерлік ортаны құруды алалық. Атымтайларымыз бизнесті тіркеу рәсімдерін жеңілдетуді, бюрократиялық кедергілерді азайтуды және бизнес-ортада ашықтық пен заңдылықты арттыруды қоса алғанда, оңтайлы кәсіпкерлік ортаны құруға бағытталған саясатты әзірлеуге және енгізуге қатыса алады ғой. Енді осыны асықпай өрістете берсе, бизнес-қоғамдастықты нығайтуға және оң қоғамдық имиджді қалыптастыруға ықпал етеді.
– Сөз соңында өңірдегі жас кәсіпкерлерге айтар ұсыныстарыңыз бар болар…
– Толғауы мың тоқсаныншы жылдарды еске алып өтелік. Өзім – кәсіпкер болған соң, нәсіпті қалай табу керектігін бір кісідей білетін жанмын. 90-жылдардың басында облыста көптеген өндірістік кооперативтер ашылды. Гиперинфляция және тауар тапшылығы жағдайында алғашқы кәсіпкерлер саудаға кірісті.
Уақыт өте келе кооперативтердің көпшілігі құлдырады, бірақ, олардың арасында қандай жағдай болсын, аман қалғандар да болды. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес саласында өңірдің әрбір үшінші ересек тұрғыны еңбек етеді. Айырма – жер мен көктей. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 2000-шы жылдардың маңызы ерекше. Дәл сол кезде заңнамалық база құрылды. Бизнес пен билік арасындағы диалог жүріп, түсіністік пайда болды. Өндіретін өнім көлемі кемінде 50 есе өсті.
Қазір көптеген кәсіпкерлер онлайн-сатылымға және жеткізуге кетуде, оқытуда да онлайн-қызметтер көрсетіледі. Статистикаға сәйкес, кәсіпкерлердің мүдделері аймағында сауда басым – бұл барлық жұмыс істеп тұрған бизнестің 40%-ы, 14%-ы ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы – 11% және 6%-ы құрылысқа, өнеркәсіпке, көлік пен қоймаға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға және т.б. Деректер не дейді? Кәсіпкердің жолы жеңілдеді. Ендеше ниеті де түзелуі керек! Қалғанының бәрі – іс бастаушының өз ықтиярында! Жас кәсіпкерге тек сәттілік пен ынта мен жігер тілейміз!
– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.