Инновация мен ынтымақтастық алаңы
Қарағанды облысында тау-кен металлургия кешеніне арналған ең беделді халықаралық шаралардың бірі – Mining Week Kazakhstan-2024 көрмесі өтті. Биыл 19 рет ұйымдастырылған көрме әлемнің 12 елінен келген 148 компанияның басын қосып, саланың дамуына серпін беретін басты іскерлік алаңға айналды. Mining Week Kazakhstan көрмесі 2013 жылдан бастап «UFI Approved Event» мәртебесіне ие. Бұл белгі шараның халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылатынын, кәсіби аудиторияның сеніміне ие екенін және ұсынылатын деректердің ашықтығын білдіреді.

Көрмеде Аустрия, Беларусь, Германия, Италия, Канада, Қытай, Польша, Ресей, Түркия, Финляндия, Чехия және Қазақстан компаниялары өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Ауқымды экспозицияда заманауи бұрғылау, байыту, өңдеу және тасымалдау жабдықтары, металлургия саласына арналған технологиялар, геологиялық барлау шешімдері мен өнеркәсіптік қауіпсіздік құралдары таныстырылды.
Mining Week Kazakhstan көрмесі – бұл тек техниканың көрмесі емес, өндірушілер мен тұтынушылар, инженерлер мен ғылыми сарапшылар бір-бірімен тікелей байланыс орнататын біртұтас ақпараттық платформа.
Көрменің басты артықшылықтарының бірі – Mining Week Kazakhstan көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы, сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімдігі ресми қолдау білдірді.
Ресми серіктес – Тау-кен өндірушілері және металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы. Ал, дәстүрлі серіктес – еліміздегі ең ірі тапсырыс беруші – «Qarmet» АҚ.
Бас ақпараттық серіктес — Мәскеуде шығатын «Тау-кен өнеркәсібі» ғылыми-техникалық журналы.
Көрме аясында отандық және шетелдік компаниялар өздерінің өндірістік шешімдері мен заманауи технологияларын ұсынды. Солардың бірі – Чехия Республикасынан келген «Hennlich» ЖШС. Компания өндірістік шығындарды азайтып, экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған инженерлік шешімдерді таныстырды. Атап айтқанда, олар шаңның таралуын азайтатын арнайы тиеу құрылғыларын ұсынды. Бұл жабдықтар ұнтақ, көмір, қиыршық тас сияқты сусымалы материалдарды тиеу кезінде қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, фильтрациялық қондырғылар мен кен өндіруге арналған жабдықтар да компания өнімдерінің қатарында болды.
– Біз ұсынатын өнімдер қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған. Қарағандыға арнайы алып келген жаңалығымыз – ылғал шашатын зеңбірек. Бұл құрылғы ауаға тұманды перде жасап, шаңның алысқа таралуына жол бермейді. Сонымен қатар, оған арнайы ерітінді құю арқылы зиянкес жәндіктерге қарсы да қолдануға болады, – дейді «Hennlich» ЖШС директоры Мирослав Шик.
Mining Week Kazakhstan-2024 көрмесінде жаңартылатын энергия көздерін ұсынған компаниялар да өз өнімдері мен жобаларын таныстырды. Солардың бірі – «Unigreen energy» ЖШҚ.
Компания күн электр станцияларын салуға маманданған. Бүгінде Қазақстан аумағында шамамен 15 күн электр станциясын іске қосқан. «Unigreen energy» тек нысандарды тұрғызып қоймай, оларды техникалық қызмет көрсетумен де айналысады.
Айта кету керек, кәсіпорынның компоненттер өндіретін өз зауыттары бар, яғни, жобаларды толық циклде жүзеге асыру мүмкіндігіне ие.
Мұндай жобалар жасыл экономикаға бет бұрған Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Қоршаған ортаны қорғау, баламалы энергия көздерін дамыту, және көміртекті азайту – қазіргі энергетика саласының басты бағыттарының бірі екені белгілі.
Жаңартылатын энергия көздері бүгінде өндірістік кәсіпорындар үшін тиімді баламаға айналып келеді. Бұл бағытта «Unigreen energy» ЖШҚ компаниясы өз жобаларын Mining Week Kazakhstan-2024 көрмесінде таныстырды.
Компания өкілі, тау-кен саласындағы сату бөлімінің жетекшісі Иван Волковтың айтуынша, күн электр станцияларының модульдеріне 30 жыл кепілдік беріледі. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, олар әлдеқайда ұзақ қызмет етеді.
Компания тек жер үсті станцияларын ғана емес, шатырға орнатылатын күн панельдерін де ұсынады. Мұндай жүйелер Өзбекстанда кеңінен таралған. Сонымен қатар, автономды гибридті энергетикалық кешендер де сұранысқа ие. Онда күн панельдерімен бірге энергияны жинақтау жүйесі, сондай-ақ, дизель немесе газ генераторлары орнатылады. Бұл тәсіл тарифті төмендетуге және энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика саласындағы отандық әзірлемелер де Mining Week Kazakhstan-2024 көрмесінде кеңінен таныстырылды. «Энергоскан» ЖШС – осы бағытта 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық компания. Олар электр және жылу желілерін, өнеркәсіптік жабдықтарды диагностикалауға арналған заманауи технологиялар ұсынды.
Кәсіпорын мамандары көрме аясындағы дөңгелек үстелде жылу ақауларын анықтайтын бейинвазивті (бұзбай тексеру) әдістер туралы айтып берді. Бұл процестер арнайы құрылғылар — тепловизорлар арқылы жүзеге асады. Құрылғылардың портативті (қолға ұсталатын) және стационарлы түрлері бар.
– Компактты тепловизорларды электр энергетикасы мамандары пайдаланады. Олар апат қаупі бар аймақтарды аралау кезінде құрылғы арқылы жабдықтардың қызып кетуін немесе істен шығу қаупін анықтайды. Ал, стационарлық құрылғылар өндіріс орындарында тұрақты бақылауға қолданылады, – дейді компанияның бренд-менеджері Олег Васюк.
«Энергоскан» компаниясының көрмеде таныстырған тағы бір заманауи шешімі – акустикалық камера. Бұл құрал қысыммен жұмыс істейтін жүйелердегі көзге көрінбейтін, елеусіз ақауларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
– Акустикалық камера кез келген ұсақ жарықты, газ немесе ауа шығатын саңылауды дәл тани алады. Ол кейбір жағдайларда, тіпті, тепловизордан бұрын бұзылу белгілерін анықтайды. Мысалы, сорғы қозғалтқышында температура әлі көтерілмегенімен, оның ішкі бөлшектері бұзыла бастайды. Мұндай процестің алғашқы сатысын акустикалық камера «естіп» қояды, – дейді бренд-менеджер.
Бұл технология өндіріс орындарында жабдықтардың жұмысын үздіксіз бақылап, апаттың алдын алуға, жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, акустикалық камера энергия тиімділігі мен қауіпсіздік деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Көрме биыл Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде өтті. Кәдуілгі спортзал бірнеше күнге өндірістік инновациялар мен технологиялардың орталығына айналды.
Кейбір ауыр техникалар, яғни, экскаваторлар, бұрғылау машиналары мен көтергіш жабдықтар спортзалдың ішіне сыймаған соң сыртта орналасты.
Бұл – көрменің тарихы мен салмақты дәстүрге айналғанын көрсетеді.
Көрменің ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов тау-кен металлургия кешені үшін мұндай ауқымды іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қарағанды өңірі – еліміздің индустриялық орталығы, тау-кен металлургия саласындағы жаңа технологиялардың шоғырланған нүктесі болып есептеледі. Кәсіпорындар өндірістік қуатты оңтайландыру мақсатында үнемі жаңа шешімдер мен заманауи тәсілдерге жүгінеді. Энергия үнемдеу, инновациялық әзірлемелерді енгізу – басты басымдықтардың бірі. Бүгінде экологиялық жауапкершілікке, декарбонизацияға және ESG-стратегияны іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Көрмеде ұсынылған технологиялар мен жабдықтар өңірдегі өндірістер үшін нақты қолданысқа енеді деп сенеміз. Баршаңызға табысты жұмыс, тың идеялар мен өзара тиімді жобалар тілеймін, – деді Ермек Алпысов.
Оның айтуынша, тау-кен кешені – тек экономиканың іргетасы ғана емес, жауапты өндіріс мәдениетін қалыптастырушы сала. Сондықтан да, Қарағандыда өтіп жатқан Mining Week Kazakhstan-2024 көрмесі тек технология алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар, тұрақты даму мақсатындағы қадамдардың бірі саналады.
Айта кету керек, Mining Week Kazakhstan көрмесінде тауар сатылмайды. Бұл – сауда жәрмеңкесі емес, кәсіби әріптестік орнатуға арналған іскерлік алаң. Мұнда өндірушілер мен тұтынушылар, дистрибьюторлар мен инвесторлар технологиялармен танысып, байланыс орнатып, болашақта өзара тиімді мәмілелер жасауға мүмкіндік алады.
Айта кету керек, TNT EXPO – халықаралық көрме компаниясы. 1987 жылдан бастап, ТМД елдерінде 100-ден астам мамандандырылған көрмелер, соның ішінде, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзірбайжан елдерінде көрмелер өткізді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz