Инновация инфляцияны тежейді
2026 жылға Қазақстан экономикасы жаһандық үрдістер мен ішкі факторларға байланысты сын-қатерлерге қарамастан, байыпты оптимизммен қадам басып отыр. Халықаралық ұйымдар мен жергілікті сарапшылардың парасат-пайымына сәйкес, жалпы ішкі өнім өсімі 4-5,5% деңгейінде күтіледі, инфляция 8-11%-ға дейін баяулауы бек мүмкін.

Ал, өндірісте жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу тиімділікті арттырғанымен, еңбек нарығы үшін жаңа сынақтар тудырады. Теңге бағамы сарапшылардың бағалауынша салыстырмалы түрде тұрақты болмақ. Алайда, мұнай бағасына байланысты құбылмалы динамика сақталады. Тау-кен өндіру және өнеркәсіп салалары басым орталық облыс тұрғындары үшін атаулы үдерістер жалақысынан бастап, тауар бағасы мен жұмыспен қамтуға дейінгі өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. «Аспектілер ауаны мен ахуалы нендей?» деген болсақ, ең алдымен ЖІӨ өсімі: әртараптандыруға басымдық берген қалыпты өрлеу көңілге дәт, мақсатқа дәс.
Экономикада бірінсіз бірі жоқ. Өткен жыл қорытындысы бойынша республикамыздың ЖІӨ-і 6,5%-ға өскен-тұғын. Яғни, нақты сектордың – өнеркәсіптің (7,4% өсім), көлік, құрылыс және сауданың белсенді дамуының нәтижесі екендігін қуана хабарлағанбыз. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің ұсынған мәліметінше, негізгі үлесті инфрақұрылымдық жобалар мен экономиканы әртараптандыру ісі қосқан.
Ал, биылғы жылға болжамдар әртүрлі. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың арқасында 5,5% өсім күтсе, Дүниежүзілік банк тарабы 4,5% деңгейін болжайды. Өз кезегінде ACRA агенттігі инфляцияның төмендеуі мен инвестициялардың артуы есебінен 2028 жылға қарай өсім жеделдейді деп есептейді.
Өнеркәсіптік маңызы жоғары өңір ретінде Қарағандыда ЖІӨ өсімі оң әсер сыйламағы сөзсіз. Мұнда фармацевтика, машина жасау және косметика салаларын дамытуға 4,5 трлн теңге көлемінде инвестиция жұмылдыру жоспарланып отыр. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық табысын арттыруы ықтимал. Алайда, кәнігі сарапшылардың айтуынша, тауар нарықтарындағы құбылмалылық секілді сыртқы тәуекелдер өсім қарқынын едәуір баяулатуы кәдік. Қарағанды тұрғыны Самат Жуасбай Facebook әлеуметтік желіcінде: «2025 жылы экономика өсті, бірақ, Қарағанды сияқты өндірісті өңірлерде өсім онша сезілмейді. Өйткені, жалақы мөлшері шарықтаған бағаға ілесе алмай жатыр», – деп жазды. Желі қолданушысының сөзі қапысыз шындық. Жалпы алғанда, өсім теңдей бөлінсе, өмір сүру деңгейі нақты мәнде 3-4%-ға жақсарар еді ғой. Бірақ, мұндай қиямпұрыс қиял іс жүзінде көсегемізді тағы көгерте қоймасын және түйсінеміз.
Демек, не? Демек, «Ми ма, ЖИ ма?» деген заңды сауал албарына ат басын тіреп, нақты әңгімеге желі тарту қажеттігі шығады осыдан. Боямасыз шындығымызға орай, адамзат баласы осы күнде өндіріске жасанды интеллектіні енгізуге мүдделі. Әдепкі жұмыс орыны үшін – ЖИ мүлтіксіз мүмкіндік. Үкімет AI SANA бастамасы арқылы 2030 жылға дейін 1 млн адамды ЖИ дағдыларына оқытуды жоспарлауда. Метеорология мен өндірістегі жобалардан 2026-2030 жылдары 36 млрд теңге экономикалық тиімділік күтіледі. ЖИ көлеңкелі экономикамен күресте де қолданылып, салық жинауды арттырады.
Қарағанды облысында, әсіресе, көмір мен металл өндіру салаларында, ЖИ өндірісті оңтайландырып, шығындарды азайтып, қауіпсіздікті арттыра алады. Berkeley Economic Review сарапшылары ЖИ жаппай қысқартуға емес, міндеттердің қайта бөлінуіне әкелетінін айтады. Дегенмен, жергілікті тұрғындар алаңдаулы. «Өндірістегі ЖИ жақсы-ау, бірақ, Қарағандыда көп адам шахталарда жұмысынан айырылып қаламыз ба деп қорқады», – деп жазады өңір тұрғыны X желісінде. Жалпы алғанда, ЖИ цифрландыру есебінен ЖІӨ-ге 2-3% қосады, делік. Есесіне біліктілігі төмен жұмысшылар арасында жұмыссыздықты болдырмау үшін әркім қайта оқу қажеттілігі қоса туындайды.
Инфляциялық үдерістер «баяулау бар, бірақ қиындықтар сақталады» деген райда қазір. Санамалап көрсек, 2025 жылы Қазақстандағы инфляция деңгейі 12,3% мөлшерінде болса, көрші Ресеймен салыстырғанда (5,6%) төмен екендігін ескереміз. 2026 жылға болжамдар біршама оң. ЕАДБ – 9,7%, ACRA – 8%, ал, Halyk Finance – 10,5-11,5% деңгейін күтеді. Ұлттық банк тарифтер мен салықтардың өсуіне байланысты, болжамды қайта қарағанымен, жыл соңына қарай төмендеу болады деп сенеді. Қазыналы Қарағандыда инфляция импорт пен энергия ресурстарына тәуелділікке байланысты қаттырақ сезіледі. Тұрғындар бастабында бағаның өскенін айтады. «1 қаңтардан бастап, шамамен ҚҚС 16%-ға өсті. Соның салдарынан азықтүліктен бастап, коммуналдық қызметтерге дейін бәрі қымбаттады», – дейді өңір тұрғыны Айгүл Байдалы. Өз кезегінде сарапшылар болса, «Қымбат несиелер мен сақтықпен берілетін қарыздар тұтынуды тежейді. Соңында инфляцияны ауыздықтауға көмектеседі», – деп пікір қосады. Иә, келіселік, төмен табысты отбасылар үшін, сатып алу қабілеті 5-7%-ға төмендер. Алайда, жазға салымғы тұрақтану жағдайды біршама жақсартады.
Жыл басында теңге бағамы шамамен 511 теңге/АҚШ доллары деңгейінде тұрақтады. Мұнай бағасы мен сыртқы факторларға байланысты жыл соңына қарай 535-549 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. AFC қаңтар айында экспорттың қолдауымен 517 теңге деңгейін күтеді. Металл экспорттайтын Орталық Қазақстан үшін теңгенің әлсіреуі экспорттық табысты арттырғанымен, импорттық тауарлар бағасын қымбаттатады. Бәріміз бірауыздан «Теңге бағамы құбылып тұрады. Бұл қалтаға қатты тиеді. Ең алдымен импорттық өнімдер қымбаттайды», – дейміз. Әлбетте, тұрақты бағам өмір сүру деңгейін сақтауға көмектеседі. Қаражаттың құбылмалылығы нақты табысты 2-3%-ға төмендетеді.
Сонымен, 2026 жылы да облыс тұрғындарын экономиканың қалыпты өсімі күтіп тұр. Бірақ, инфляция әсерінен еңбек нарығындағы әрқилы өзгерістер тәуекел болып қала бермек. Өңірге салынатын инвестициялар мен цифрландыру табыс пен өмір сапасын арттырады. Мұндағы табыс кілті – өсім мен баға бақылауы арасындағы тепе-теңдікте. Респондент пікірлері статистика мен күнделікті өмір арасындағы «Экономика өсіп жатыр, бірақ адамдарға пайдасы аз» дейтін алшақтықты айғақтағанымен, жалпы алғанда, өмір сүру деңгейі 2-4%-ға өседі.
Аңғарғанымыз, қаржылық үдеріс қалтамызда бүйірлеп жатып қалғымайды. Керісінше бүйір қыздырып тұрғандай. Мұнда бір қызық гәп бар. Сұраныс күрт артқан әлемде бір мезет «тағат ету тактикасын» қолданып көрген жан әсте көрген күнінің шарапатын сезіне түседі. Себебі, осы он екі айда облыс тұрғынының әл-ауқаты қалтасының қалыңдығымен емес, тұтынуының жиілігімен сыналады. Сатып алудағы мінәйі себеп санын азайтқан жан ұтады. Қалауын қаңтармағандар сәл ұтылады. «Теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан».
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



