Жаңалықтар

Инновация игілігі – халық үшін

Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған 50-ден астам ірі іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті аппарат жиынында айтылды. Сондай-ақ, облыс әкімдігінде жол инфрақұрылымын дамыту, «Ақылды бағдаршам» жүйесін енгізу және таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері қоса қаралды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев барлық бағыттар бойынша сапалы әрі тиімді жұмыс жүргізуді тапсырды.

Облыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын кең көлемде атап өтпек. Мерейтойға арналған форумдар, конференциялар, фестивальдар, қайырымдылық акциялар сынды 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Мереке шымылдығы 1 наурызда, Алғыс айту күні ашылады. Мұнымен бірге қайырымдылық керуені де бастау алады. Мақсаты – әлеуметтік жобаларды қолдау, мұқтаж жандарға көмек көрсету.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасы және қабылданған республикалық тұжырымдама шеңберінде өткізілетін болады. Облыста 50-ден астам ірі имидждік іс-шараларды қамтитын жоспар әзірленіп, бекітілді, – деп баяндады аппараттық кеңесте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Ал, сәуір айында облыстық ҚХА кеңейтілген кеңесі, мамыр айында ҚХА сессиясы жоспарланған. «Өнерім саған, Қазақстан!» атты этностар фестивалі ұйымдастырылады. Мерейтойлық датаға арналған тақырыптық мурал идеясын «Жастар ассамблеясы» өңірлік өкілдігінің белсенділері ұсынды. Қарағандылықтар республикалық меценаттар форумына, ҚХА көшбасшылар мектебіне, республикалық ҚХА аналар кеңесіне қатысады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жерде ҚХА жетістіктері, бірлік пен толеранттылықты қалыптастырудағы бірегей қоғамдық институттың рөлі туралы баса назар аударып айту қажеттігін атап өтті.

– Бұл жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтетін жыл. Бірқатар нақты міндеттерді көздейтін мерекелеу тұжырымдамасы әзірленді. Барлық қалалар мен аудандарда тұрғындарды мерейтойлық іс-шараларға жұмылдыра отырып, сапалы жұмыс жасалуы тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.

Аппарат жиынында жол мәселесі де таразыланды. Мәселен, былтыр 1 032 шақырым автомобиль жолдары жөнделді, оның ішінде, республикалық маңызы бар – 461 шақырым, облыстық маңызы бар – 178 шақырым, қалалар мен аудандарда – 393 шақырым. 2024 жылы облыстық маңызы бар 178 шақырым автожол жөнделді. Облыстың ішкерідегі жолдарында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру ойдағыдай жалғасуда. Биыл ауылдық елдімекендерде, кентішілік әрі кірме жолдарда көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын 7 аудан, 24 елдімекен қамтылатын болады.

Қарағандыда наурыз айында бағдаршамдарды жасанды интеллект толығымен басқаратын болады. Бұл жол кептелістерімен күресуге және трафикті жақсартуға көмектеседі. Жүйені енгізу барысы туралы қала әкімі Мейрам Кожухов баяндады.

– Наурызда «Ақылды бағдаршам» жүйесін енгізуді толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде барлық қажетті жабдықтар бар. Қазір оны монтаждау және бағдаршамдарды жасанды интеллектпен үйлестіру үдерісі жүріп жатыр, – деп хабарлады Мейрам Кожухов.

Жаңа жүйе көлік ағынының қарқындылығын ескере отырып, қиылыстардағы қозғалысты реттейтін болады. Осылайша автокөлік иелері жол жүру уақытын қысқарта алады.

Өз кезегінде өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмысты жеделдетуді тапсырды. Қарағандыда жасанды интеллект көмегімен жолдағы шұңқырларды да анықтамақшы. Қанатқақты режимде жол жабынын сараптау жүйесінің жобасы іске асырылуда.

– Команда бағдарламаның нобайын әзірледі. Алынған ақпарат картада көрсетіледі. Жоба бойынша гипотезаны тексеруге жеке инвестиция құямын деушілер де табылды, – деді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бес жыл ішінде қалалар мен ауылдардың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Өткен жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының ауыз суға қол жеткізуінің 97,9% көрсеткішіне қол жеткізілді. Ағымдағы жылы ауылдық елдімекендерді сумен жабдықтау бойынша 7 жобаны іске асыруға 1,6 млрд теңге бөлініп, 27,6 шақырым су құбыры желілерін салу жоспарланған.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button