Қарағанды дәрігерлері алғаш рет электродсыз кардиостимулятор орнатты
Аймақта бірегей ота жасалды. Облыстық №2 көпсалалы ауруханасының мамандары алғаш рет электродсыз кардиостимулятор орнатты. Жаңа әдіс – жүрек ырғағының бұзылуын емдеудегі заманауи бағыттардың бірі. Ол жүректің өткізгіштік жүйесі бұзылған науқастарда қалыпты ырғақты қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ота сәтті өтті.

Мамандардың айтуынша, құрылғы жүрек қуысындағы тінге жамбас қантамырлары арқылы тікелей имплантацияланады. Яғни, электродтар тартудың және тері астында құрылғыны орналастыратын «қалта» жасаудың қажеті болмайды. Мұндай тәсіл асқынулар қаупін айтарлықтай азайтады, оңалту мерзімін қысқартады, операцияның өзін науқас үшін жеңілірек етеді.
Аурухананың аритмолог-хирургі Нұрлан Елемесов жаңа инновациялық отаның мақсаты облыста жүрек-қантамыр ауруларын емдеудің алдыңғы қатарлы технологияларын енгізу екенін сол арқылы жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру екенін жеткізді.
Операцияны Қазақстанның жетекші аритмологтарынан құралған команда Abbott компаниясының серіктестерімен, сондай-ақ, БАӘ мен АҚШ-тан шақырылған мамандармен бірлесе отырып жасады. Қарағанды қаласының тұрғыны Евгения Бондаренко – бірегей ота жасалған екі науқастың бірі. Ол отадан кейін атсалысқан дәрігерлер мен медбикелерге алғысын білдірді.
– Жаңа әдіспен ота жасалады дегенде қуандым, көңіл күйімді жеткізе алмаймын. Қорыққан едім, «бәрі жақсы өтті» деді. Бәріне алғыс айтамын, дәрігер медбикелерге алғысым зор. Қазір өзімді жақсы сезінемін, – дейді ол.
– Құрылғы жүрек ырғағы ауыр бұзылған науқастарда өткізгіштікті қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсартады. Оның көлемі небәрі екі сантиметр. Ол жүректің оң жақ қарыншасына орнатылады. Науқас келесі күні-ақ еш қиындықсыз жүріп-тұра алады, – дейді Нұрлан Елемесов.
Оның айтуынша, облыста кардиостимулятор қажет ететін науқастар аз емес. Жыл сайын 200-ден астам құрылғы имплантацияланады. Электродсыз кардиостимуляторды орнату алғаш рет жүзеге асырылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологы және Қазақ аритмологтар қоғамының президенті Аян Абдрахманов мұндай әдістің елде қолданыла бастағанын жеткізді.
– Бұл – мүлдем жаңа технология. Мұндай құрылғыларды импланттау әдісі бұған дейін Астана, Алматы, Ақтау, Семей және Шымкент қалаларында жасалды. Әдіс алдыңғы буын кардиостимуляторларына қарағанда әлдеқайда тиімді. Ол теріасты қуыстары мен электродтарға байланысты асқынуларды азайтады. Осы арқылы іріңдеу, электродтардың сынуы және басқа да асқынулардың алдын алуға болады. Біз бұл технологияны әрі қарай да дендеп енгіземіз. Оның елдегі барлық науқастар үшін қолжетімді болуы маңызды, – деді Аян Абдрахманов.
– Операция жарты сағатқа созылып, сәтті аяқталды, ешқандай асқыну болған жоқ, – деп бөлісті БАӘ-ден келген Abbott компаниясының клиникалық маманы Хадер Абу Халаф.
– Мұндай құрылғы 20-25 жылға дейін қызмет етеді. Әрине, бұл оның иесіне де байланысты, науқас құрылғыны дұрыс пайдаланғаны маңызды. Егер қажет болса, жаңасына ауыстыруға болады. Аурухана мамандарының кәсібилігін атап өткім келеді. Дәрігер Нұрлан Елемесов арнайы тренингке қатысып, бірден отаны сәтті жүргізді, қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар, – деді Хадер Абу Халаф.
Қарағанды облысы медицинаны цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрларды қолдау және озық медициналық технологияларды енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Қолданыстағы цифрлық шешімдер, телемедицина, жоғары технологиялар мен кадрларды ынталандыру арқылы медицинаның сапасын айтарлықтай арттыруда.
Бүгінде медицина тек ауруды емдеумен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – аурудың алдын алу, халықты сауықтыру, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Әлемдік тәжірибеде медицинаның нәтижелілігі халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала денсаулығының деңгейі, созылмалы аурулардың азаюы, сондай-ақ, дәрігерлік көмектің қолжетімділігі мен сапасы секілді маңызды көрсеткіштермен өлшенеді. Бұл өлшемдер мемлекет дамуының айнасы іспеттес. Өткен жылғы дерекке сәйкес елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 75,44 жас. Қала тұрғындары 76,14 жас, ал ауылдық жерлерде – 74,26 жас деп көрсетеді статистика. Кейінгі бір-екі жылда Денсаулық министрлігінің дерегінше, ана мен бала өлімі де азайған. 2023 жылы ана өлімінің деңгейі 100 000 тірі туылғандарға шаққанда шамамен 10 өлімді құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 28,6 %-ға төмен. Былтыр аталған көрсеткіш тағы 12 %-ға төмендеп, тәуелсіздік алған кезеңдегі ең төменгі деңгейге жеткен. Ал, биылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш – 10%. Бала өлімі де былтырғы дерек бойынша 20%-ға төмендеді.
Қазақстандықтар арасында қан қысымының көтерілуі, жүрек жеткіліксіздігі, созылмалы бүйрек аурулары, тыныс алу аурулары сияқты созылмалы жағдайлар кең таралған. Олардың саны жыл санап артуда. Осы ретте медицинаның нәтижелілігі тек дәрігерлердің кәсібилігінде ғана емес, әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігіне де байланысты екенін қаперге алған дұрыс. Саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, тұрақты түрде медициналық тексеруден өту – нәтижелі медицинаның ең сенімді серігі.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»