Инновация игілігі
Қағаз құжаттан құтылатын күн жақын. Ел ішін цифрландыру арқылы бұған қол жеткізу – билікке жүктелген міндет. Мемлекет басшысы берген тапсырманы іске асыруға кіріскен атқамінерлер елімізде цифрлық технологияның дендеп енуіне һәм дамуына бар мүмкіндікті жасауға дайын. Бүгіннің өзінде бұқараға аса қажет әлеуметтік жүйеде цифрлық технология өріс алып келеді. Атап айтқанда, аймақта, дәп осы күні білім саласының 48 пайызы, денсаулық саласының 68 пайызы, көлік саласының 10 пайызы цифрлық технологияға өтіп үлгерген. Жалпы, кеншілер аймағындағы цифрландыру мәселесіне орай Қарағандыда кеше вице-премьер Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ жұмыс сапарымен болды. Вице-премьер аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВПЕН бірге облыстағы цифрландырудың барысы мен көрнекі мысалы болатын нысандарды бірге аралады.
Елбасы мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерлерге дейін сандық технологияларды үйренуі керектігіне, бұл бағытта халықтың сауаттылығын арттырудың маңыздылығына цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте баса тоқталған-тын. Сонда цифрландыруға қатысты нақты тапсырма да берілген. Президент мемлекет пен бизнес өзара әрекеттесе отырып, кәсіпкерлердің сандық технологияларды елге енгізуіне қолайлы жағдай жасау керектігін қадап айтқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын қазір жер-жерде іске асыруға кірісті.
Бұл орайда Қарағандыда қанатқақты жоба бар. Ол – денсаулық сақтау саласындағы автоматты дистанционды ақпараттық жүйе. Сол себепті вице-премьер әуелі ат басын еліміз бойынша автоматты дистанционды ақпараттық технологиялар жүйесінің қанатқақты жобасы арқылы жұмыс жүргізіп отырған денсаулық сақтау саласының бірқатар нысандарына ат басын бұрды. Одан соң Қарағанды мемлекеттік политехникалық университетінің қабырғасында ұйымдастырылған мехатроника бойынша студенттер мен магистранттардың инновациялық жұмыстары көрмесін көрді. Сапарының қорытындысында ақпараттық технология саласындағы кәсіпкерлермен, іргелі өнеркәсіп басшыларымен кеңес өткізді. Онда өңірдегі цифрлық технологияның дамуы кеңінен сөз болды. Ақпараттық жүйе саласындағы толғақты мәселелер ортаға салынып, Мемлекет басшысы қойған міндеттің мүлтіксіз орындалуы үшін алғышарттар мен сандық технологияның келешегі баяндалды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
(Вице-премьердің Қарағанды облысына сапары туралы газеттің алдағы сандарында толығырақ жарияланатын болады).