Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 20 мыңнан аса бала бар
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны жыл санап артып барады. Демек, бұл барлық білім беру ұйымдарында бірдей инклюзивті білім берудің қажеттілігі мен қолжетімділігін айқындап отыр. Өйткені, мұндай балалар қоғамнан шеттетілмей, замандастарымен бірге білім алуға құқылы. Сондықтан, мемлекет елімізде толыққанды инклюзивті орта қалыптастыруды көздейді.

20 мыңнан аса ерекше бала бар
Соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны едәуір артты. Әсіресе, олар – дамуында бұзылыстары бар (ақыл-ойының кемістігі) балалар мен қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесуінде қиындықтары бар (аутизм) балалар. Қазіргі уақытта облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 20 мыңнан аса бала тіркелген. Олардың 17 мыңнан астамы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау және ерте түзету көмегімен қамтылған.
«Мүгедектігі бар балалар санының артуы бірнеше факторларға байланысты», – дейді Қарағандыдағы Педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация орталығының директоры Жанар Ержолова.
– Ең алдымен, медициналық және психологиялық-педагогикалық диагностиканың, соның ішінде, аутизм спектрінің бұзылуын ерте анықтау жүйесінің жақсаруы әсер етті. Қазіргі заманда сәбидің даму ауытқуы бар екенін құрсақта жатқанда-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, шала туған, дене салмағы өте төмен балалардың өмірін сақтап қалу нәресте өлім-жітімінің төмендеуіне әкелді. Мұндай балаларда есту, көру, тірек-қимыл жүйесі және басқа да даму бұзылыстарының даму қаупі жоғары. Сонымен қатар, экологиялық жағдайдың нашарлауы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың қолайсыздығы да осы үрдіске әсер етуде, – деді Жанар Әскербекқызы.
Оның айтуынша, балалардың дамуындағы проблемаларды ерте анықтаудың жеткіліксіздігі де себеп болып отыр. Атап айтқанда, барлық балалар ерте даму скринингінен өтпейді, «тәуекел» тобына жататын балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беруге уақытылы жүгінбейді, қажетті арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау ала алмайды.
Ерекше баланы мектепке жолдайтын ұйым
Елімізде инклюзивті білім беру белсенді түрде дамып келеді. Инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық базасы білім берудің барлық деңгейлерінде құрылды. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кедергісіз орта құрылып, педагог-психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог, педагог-ассистент сынды мамандардан тұратын психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері жұмыс істейді.
– Педагог-ассистент және жеке көмекші сияқты штаттық бірліктерді енгізудің арқасында көптеген балалар үйден шығып, өз қатарластарымен бірдей білім беру ұйымдарына бара бастады. Мектептерде олар үшін кедергісіз орта құрылуда. Бұрын мүмкіндігі шектеулі бала көбінесе арнайы мектеп-интернаттарда ғана оқытылатын еді. Қазір кез келген бала тұрғылықты жеріне жақын орналасқан мектепте білім алуға құқығы бар. «Білім туралы» Заңға сәйкес, мұндай балалар үшін барлық қажетті арнайы жағдайлар жасалуға тиіс, олар жеке мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне сәйкес келетін оқу бағдарламасы бойынша оқытылады. Ал, мектептер мен балабақша әкімшілігі мұндай балаларды қабылдамауға құқығы жоқ, керісінше, баланың мүмкіндігінше ортаға тезірек бейімделуі мен білім алу барысында табысқа жетуі үшін барлық жағдайды жасауға міндетті, – дейді Жанар Әскербекқызы.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация – бұл балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалап, оларға қандай арнайы білім беру қызметі қажет екенін анықтайтын және мүмкіндігі шектеулі балаларды мектептер мен балабақшаларға жолдайтын арнайы білім беру ұйымы.
Мұнда дәрігерлер мен педагогтер жұмыс істейді. Дәрігерлер: невропатолог, психиатр, офтальмолог. Педагогтер: педагог-психолог, логопед мұғалім, дефектолог мұғалім, сурдопедагог, тифлопедагог, әлеуметтік педагог. Барлық дәрігерлер мен педагогтер өздерінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отырады, біліктілікті арттыру курстарынан, аттестациядан өтеді. Қазіргі уақытта республикадағы барлық ПМПК мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуын бағалаудың әлеуметтік-педагогикалық моделіне көшті. Бұл балалардың сапалы білім алуына және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
ПМПК қызметі барлық аймаққа қажет. Ауылдық жерлерде мұндай арнайы ұйымдар жоқ. Десе де, облыс аумағында тұратын барлық балалар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Балқашқа жақын орналасқан елдімекеннен келіп, қаладағы ПМПК қызметіне жүгіне алады. ПМПК және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері сияқты арнайы білім беру ұйымы желісі балалардың өз тұрғылықты жерінде қажетті көмек алуына жағдай жасау мақсатында кеңейтіліп жатыр.
ПМПК барлық балабақша, мектеп, колледждермен тығыз байланыста. «Біз педагогтерге, әкімшілікке ПМПК қорытындысы бойынша оны іске асыруда әдістемелік көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқушылардың жетістіктерін бағалау және басқа да мәселелер бойынша консультациялық көмек береміз. Білім беру ұйымдарымен түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер, вебинарлар өткізіліп отырады», – деді Жанар Ержолова.
Мектептерде кедергісіз орта бар
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында мектептерде қолдау кабинеттері ашылуда. Бүгінгі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 54 кабинет жұмыс істейді. Мұнда психологтар, арнайы және әлеуметтік педагогтер, сондай-ақ, педагог-ассистенттер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолайлы жағдай жасап, оларды мектеп ортасына бейімдеуге көмектеседі.
Кабинеттерде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолайлы, кедергісіз орта жасақталған. Атап айтқанда, пандустар орнатылған, табалдырықтар алынған, тактильді жолақтар, қол тіреуіштер мен ақпараттық тақталар қарастырылған. Мамандар құрамы толық жасақталған, түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыруға қажетті барлық жабдықтар бар.
Биыл облыста тағы 2 ерекше балаларды қолдау кабинетін ашу жоспарлануда. Қарағандыдағы №5 қосымша білім беру мектеп-орталығында облыс әкімінің тапсырмасымен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сенсор кабинеті ашылған. Қазіргі уақытта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр. Мұнда арнайы мамандар жұмыс жүргізеді.
– Бүгінде мектебімізде 60-қа жуық ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олар үшін арнайы жағдай жасалған, инклюзивті сыныптар толыққанды жұмыс істеуде. Сенсорлық кабинет осы балалардың танымдық және эмоционалдық дамуына оң әсер беріп отыр, – деді мектеп-орталықтың директоры Торғын Нұрмағамбетова.
Облыста 972 арнайы педагог (дефектолог, логопед, тифлопедагог және сурдопедагог) жұмыс істейді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдейтін 326 педагог-ассистент бар.
«Келешек мектептері» жобасымен салынған мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға барлық жағдай жасалған. Күні кеше Балқаш қаласында ашылған №12 жалпы білім беретін мектепте ерекше балалар үшін барлығы да қолжетімді әрі заманауи. Атап айтқанда, пандустар, арнайы лифтілер, кең есік, арнайы жабдықталған әжетханалар, тактильді жолақтар, Браиль шрифтіндегі материалдар, үлкейтілген қаріптер, сурет белгілері, визуалды көмек құралдарының бәрі бар. Мектеп «Инклюзивті білім беруге толық дайын» дейді директор Гүлзада Манатаева. Айтуынша, қазіргі уақытта ПМПК қорытындысымен келген екі бала ғана бар. – Біз барлық ерекше балаларды қабылдаймыз. Бүгінде әлеуметтік педагог пен психолог жұмыс істейді. Балаларды оқыту жүйесі, оларға қажетті арнайы мамандарды ПМПК қорытындысы бойынша реттейміз. Мұндай балалар мектеп бітіргенде аттестаты да бөлек болады, – деді директор.
Кәсіптік білім берудегі инклюзия
Қарағанды техника-құрылыс колледжі ерекше балалармен 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар үшін қажетті жағдай толық жасалған. Бүгінде колледжде ерекше қажеттіліктегі 82 студент білім алуда.
– Ерекше білімді қажет ететін арнайы топтармен қатар, инклюзивті білім беру тобы да бар. Яғни, арнайы топтағы балалар арнайы бағдарламамен дәріс алса, басқаларына өзге топтармен кіріктіріліп білім беріледі. 82 студенттің арасында 11 түрлі диагноздағы балалар бар. Олардың толыққанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалған. Ерекше қажеттіліктегі студенттер дәнекерлеуші, жиһаз, ландшафтық-дизайн мамандығын меңгеруде, – деді оқу орны басшысы Әсел Сапарова.
Инклюзивті топтардың құрамында есту қабілеті нашар студенттер жиһаз өндірісін жақсы меңгереді екен. Алдымен олар компьютерде сурет салады, содан кейін станоктардағы бөлшектерді кеседі, үстел, орындық, кереует және басқа да жиһаз бұйымдарын жинайды. Ал, арнайы топтарда ақыл-ой кемістігі бар студенттер сәндік-қолданбалы өнерді үйрене алады. Бұл оларға ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі және табанды болуға үйретеді. Сонымен бірге, былғары, киізден жасалған бұйымдарын сатып, ақша табуға мүмкіндік алады.
– Рас, мұндай студенттерді одан әрі жұмысқа орналастыру – маңызды мәселе болып қала береді, – деп мойындайды директор.
– Біз өз тарапымыздан оларға барлық жағынан көмектесуге тырысамыз. Мәселен, былтыр сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді қайта оқыту курстары ашылды. «Жиһаз ісі» мамандығының бір түлегі екі жыл бойы үйде жұмыссыз отырды, біз Орталық саябақтың басшылығымен келісіп, оған үш апталық тегін курс ұйымдастырдық және оны көгалдандырушы ретінде жұмысқа орналастырдық. Қазір ол 200 мың теңге жалақы алады және өте риза. Сондықтан әркім өз жұмысын табуы үшін осындай тәжірибені тұрақты енгізгіміз келеді, – деді Әсел Сағынбайқызы.
Ерекше білімді қажет ететін студенттер бұл жерде қосымша біліммен де қамтылады. Олар, әсіресе, қол моторикасын дамытатын іспен көбірек жұмыс жасайды. Мәселен, колледжде керамикалық бұйымдардың жасалуын үйрететін шеберхана бар. Бұл жерде студенттер қазақтың ою-өрнектерімен бедерленген қыш құмыра, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар жасайды. Әр жасалған бұйым – қайталанбас өнер. Ерекше қажеттіліктері бар студенттерге Түркияда 7 жыл білімін жетілдіріп келген маман Гүлжан Абдикашева үйретеді. Айтуынша, осы мамандықта 30 студент білім алуда. Оқыту барысында қаржылық сауаттылық сабақтары да қамтылады. Бұл студенттерге жасаған бұйымдары арқылы табыс табуға мүмкіндік береді.
Инклюзияға қолайлы жағдай жасалуда
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу – мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруда жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Облыстың білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде мұндай балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметтерімен қамтылған. Мұны одан әрі кеңейтіп, бүгінде арнайы білім беру ұйымдарының санын көбейтудің маңызы артып отыр.
Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының дамуы жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады. Дәл осындай сыныптар №1 арнайы мектеп-интернатында да жұмыс істейді.
2026 жылы Қарағандыда ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған он бірінші арнайы мектеп-интернаттың ашылуы жоспарланған.
Облыста Аутизм орталығы жұмыс істеп тұр. Орталық жыл сайын шамамен 400 балаға көмек көрсетеді. Алайда, өңірде осындай тағы бір орталық ашу қажеттілігі туындап отыр.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын құру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жыл соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығын және Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашу қажет. Бұдан бөлек, Бұқар жырау ауданының әкімдігіне білім басқармасымен бірлесіп, осы жылдың қарашасына дейін психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін іске қосуды жүктеймін. Келер жылы осындай шаралар өңірдің барлық аумағында жүзеге асырылуы тиіс, – деген болатын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тамыз конференциясында.
Биыл қыркүйектен облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Қазір инклюзияны қолдау бағытында небәрі екі облыстық ресурстық орталық жұмыс істеп тұр, ал, күзге қарай олардың саны он екіге жетпек.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»