Білім

Инклюзивті білімнің көшбасшысы

Биыл Қарағанды облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің (ПМПК) құрылғанына – 25 жыл. Жемісті жұмыс істеген ПМПК тек өңірде ғана емес, бүкіл республикада балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау жөніндегі жетекші орталыққа айналды.

Суреттер орталық мұрағатынан

2015 жылдан бастап балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексерумен және ата-аналарды кеңес берумен қамтуды кеңейту мақсатында ПМПК екі ауысымда жұмыс істеу тәртібіне көшті. Бұл орталықтың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларды анықтау мен оларды арнайы білім беру қызметтерімен қамту көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде орталықтың басты міндеті – кешенді психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру жүргізу. Оған қоса ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды бағалау, ата-аналар мен педагогтарға сапалы білім алуға қажетті арнайы жағдай жасау жөнінде кеңес беру. Әрине орталық жұмысының нәтижелері тікелей баланың тағдырына әсер етіп, оны арнайы немесе инклюзивті білім беру жүйесіндегі болашақ жолын айқындайды. Сондықтан облыстық ұжымның кәсіби мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы әрі толыққанды өмір сүру құқығын қамтамасыз ету. Осы жолда инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту көшбасшысы ретінде бағыт-бағдар береді. Бүгінде орталық өзінің кәсіби қызметі, атап айтқанда, арнайы және инклюзивті білім беру саласында алдыңғы қатарда деп танылып отыр. Бұл ұжымның жоғары кәсіби деңгейінің, ғылыми-әдістемелік және ағартушылық қызметінің арқасында болса керек.

ПМПК қызмет еткен жылдар ішінде жүздеген бала тексеруден өтті. Бұған мектеп және мектепке дейінгі ұйым педагогтары, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мамандарымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетімен сенімді серіктестік байланыс орнатылған.

Орталық мамандары үнемі біліктіліктерін арттырып, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады. Республикалық және облыстық деңгейдегі жеті әдіс­темелік ұсынымның авторлары. Ерекше маңызды жобалардың қатарында «Бүгін, ертең және әрқашан» атты әлеуметтік-педагогикалық бастама мен күрделі бұзылыс­тары бар АСБ-мен (аутизм спектріндегі бұзылыстар) балаларды әлеуметтендіруге бағытталған халықаралық гранттық жоба бар. Ұжым қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде ұжым алдында инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту көшбасшысы бола отырып, әр баланың лайықты әрі толыққанды өмір сүру құқығын қорғау сияқты маңызды мақсат тұр.

– Уақыт бір орнында тұрмайды. Әр күн бізге жаңа талаптар, жаңа сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Біз ПМПК-дан өтетін әр баланың тағдырына ықпал ететінімізді түсіне отырып, барлығын мұқият жасаймыз. Ұжымдағы құндылықтар бірлігі үйлесімділік пен нақтылыққа әкеледі. Білім беру мен балалар құқығын қорғау саласындағы барлық өзгерістерді қадағалап отырамыз. Сол себепті заманмен бірге ілесіп келеміз. Біз ата-аналар, серіктестер және әріптес­терімен бірлесіп, ортақ ізгі істі атқарып жатырмыз және әрқашан ынтымақтас­тыққа ашықпыз, – дейді облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығының басшысы Жанар Ержолова.

Жақында орталықтың 25 жылдығына арналған республикалық стендтік конференция өтті. Ол ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарының, арнайы білім беру саласындағы шетелдік әріптестердің және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің ашық диалогтағы алаңына айналды. Еліміздегі психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес дамуының болашағы талқыланып, қатысушылар үздік педагогикалық тәжірибесін таратты.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button