Инклюзивті білім: ортаға бейімдеу оңайға соқпай тұр
Өкінішке қарай, Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер саны жыл санап артып келеді. Кәмелеттік жасқа толмаған 148 мың (3%) жас қазақстандық азамат инклюзивті білімге зәру болса, соның тек 40 мыңға жуығы ғана арнайы біліммен қамтылып отыр.
Елдегі кез келген білім ошағы ерекше білім беруді қажет ететін қай баланы болсын қабылдауға міндеттелгенімен, іс жүзіне келгенде маман мен құрал-жабдық тапшылығы қол байлайтыны жасырын емес. Бұл ретте біз мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеру және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультативтік көмек көрсету, сондай-ақ, кемтар балаларға арнаулы түзеу ұйымдары мен басқа да ұйымдарға медициналық, арнаулы бiлiм және арнаулы әлеуметтiк қызметтердi алуы үшiн жолдама беру жөніндегі «Қарағанды облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі» КММ басшысы Жанар Ержолованы әңгімеге тартқан едік.
– Осы күні өңірдегі 11183 бүлдіршін ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 2266-сы мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Сондықтан, инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттің білім саласындағы басым бағыты десе де болады. Оның негізгі мақсаты – баланың тұрғылықты мекенжайына барынша жақын маңда білім және тәрбиемен қамту. Яғни, тұрғын үй тұсындағы мектеп, не болмаса, балабақшада білім алу деген сөз. Дегенмен, мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту бойынша инклюзивті білім беру әлі де кең құлаш жая қойған жоқ. Неге? Себебі, көп жылдар бұрын балабақшаларда көзі нашар көретін, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы кешіккен және ақыл-есі кеміс балалар үшін арнайы топтар ашылған еді. Мұндай топтардың басым көпшілігі Қарағанды қаласына тиесілі. Мәселен, Теміртау қаласында тек сөйлеу қабілеті бұзылған және көзі нашар көретін балаларға ғана арналған топтар бар, – деді Жанар Ержолова.
Мекеме басшысының айтуынша, өңірімізде қимыл-тірек аппараты бұзылған, құлағы дұрыс естімейтін, аутизмі бар балаларға арналған топтар әлі де жоқ. Осы күні мұндай топтарды ашу мәселесі қарастырылуда.
Арнайы топтар мен инклюзивті білім берудің айырмасы не? Айтайық, 12 адамнан аспайтын арнайы топтарда тек диагнозы бірдей балалар болса, инклюзивті білім беру кезінде балабақша тобында ерекше білім беруді қажет ететін көп дегенде үш-ақ бала болуы шарт. Сондай-ақ, инклюзивті білімді қажет ететін 1 бала топтағы өзге 3 тәрбиеленушінің орнын басатынын да айта кету қажет. Яғни, 25 баладан аспауы тиіс топта инклюзивті білім беруді қажет ететін 3 бала болған жағдайда, әлгі 25-тің 9-ы өзге топқа ауыстырылады деген сөз.
Осы күні ресми түрде Қарағанды қаласы білім бөлімінің бұйрығы бойынша мемлекеттік балабақшалар арасында тек «Алмагүл» мен «Айналайын» ғана инклюзивті білімді енгізді. Олар облыстың психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі тұжырымдамасы негізінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы топқа қабылдап, кеңес ұсынысына сай балаға тиісті жағдай жасайды. Егер, балаға мектепке дейінгі білім және тәрбие берудің жеке бағдарламасы қажет болса, тәрбиеші сол бағдарламаны әзірлейді. Ал, балаға психологиялық-педагогикалық көмек қажет болса, ол да инклюзивті білім беруде болуы шарт. Яғни, дефектолог, логопед, психолог және сурдопедогог сынды мамандар қызметі балаға міндетті түрде көрсетілуі керек. Аталған қос балабақшада бұл мамандар бар. Балабақша ақысынан өзгесі – тегін.
Ендігі ретте, облыстың психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі тұжырымдамасы негізінде ата-ана ерекше білім беруді қажет ететін баласын инклюзивті білім беру орындарына орналастырамын десе, кезек мәселесі де пайда болатыны белгілі. Себебі, жоғарыда айтылғандай, топтағы бала саны қысқарады.
Қарағандыда мектепке дейінгі білім мекемелеріне балаларды қабылдау жөніндегі «garden.kargoo.gov.kz» электронды кезек сайты жұмыс жасайды. 2015-2018 жылдары өмірге келіп, сайтта арнайы топқа кезекте тұрғандар саны шамамен 188 балаға дейін жетті. Бұл балалар осы күні жалпы топтарға да бара алады. Бірақ, онда арнайы көмек алмайды.
Бұл ретте, біз арнайы топ ашуға мүдделі Қарағандыдағы «Колобок» шағын орталығына бас сұққан едік.
2017 жылғы тамыздан бері орталық балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз етудің «Балапан» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 орынға негізделген мемлекеттік тапсырысты орындап келеді. Ең бастысы, орталық басшылығы инклюзивті білім беруге ынталы.
Арттерапия, иппотерапия, канистерапия, гидрокинезді терапия, емдік дене мәдениеті және уқалау жұмыстарына да жағдай жасалған. Сөйлеу қабілеті және психикалық денсаулығы бұзылған бүлдіршіндерге арналған топтар бар. Олармен логопедтер, психологтар және дефектологтар жұмыс жасайды.
– Біз қолданатын сенсорлық интеграция әдісі – дүниежүзіне танымал. Оның негізін қалаушы америкалық эрготерапевт Энн Джин Айрес. ТМД аумағында да бұл әдістеме кеңінен қолданылады. Тиімділігін байқап, Қазақстанға да енгізе бастадық. Себебі, бұл әдістеме өте тиімді. Барлық балаға қолдануға болады десем, артық айтқаным емес. Оны ата-аналарға да үнемі айтамын. Мінез-құлық көрсеткішін, эмоциялықжігер саласын реттеуде таптырмайтын әдіс. Қажетті құрал-жабдықтарымыз да сапалы әрі кәсіби. Оны Ресейдің СанктПетербург қаласындағы «Сова-Нянька» фирмасы өндіреді, – деді аталған орталық директорының түзету қызметі бойынша орынбасары Нұргүл Омарова.
Баласын «Колобокқа» ертіп келген ата-ана ең алдымен кешенді кеңестен өтеді. Баланы дефектолог, логопед және психолог сынды үш маман тексереді. Әр маман өз саласы бойынша бала бойындағы ерекшелікті анықтап, қорытынды жасайды. Сөйтіп, баланы қай маманға көрсету керектігі бойынша кеңес беріледі. Әрине, жекеменшік орталық болғасын, маман қызметі де ақылы. Негізінен, баламен аптасына екі мәрте ғана жұмыс жасалады. Тиісінше, ата-ана мен орталық арасында 3 айға созылатын келісім-шартқа қол қойылады. Үш ай өткен соң мамандар екінші мәрте кеңес құрып, жеткен жетістіктер осы кезде айқындалмақ.
Жетістік демекші, осы күні оң нәтижеге қол жеткізген ата-аналар да жоқ емес. Солардың қатарында Ирина Криворощенконың да баласы бар.
– Тамызда Альберт есімді ұлым 7 жасқа толады. Дәрігерлер оның аутизммен ауыратыны туралы қорытынды жасаған еді. Ұлымды қаршадайынан бастап апармаған жерім жоқ. Расы керек, Қарағандыда мұндай дертке шалдыққан балаларды оңалтып алатын мамандар тапшы екен. Маман іздеп сандалып жүріп көзім жетті. Сауықтырып аламыз деп уәдесін үйіп-төккенімен, қаражатты ғана көксеген алаяқтарға да тап болғаным бар. Қош. Ақыр соңы осы «Колобоктың» маманы Нұргүл Нұриденқызына жолықтым, – деді Ирина Криворощенко.
Альберттің анасының айтуынша, оң нәтижені осы «Колобоктан» байқапты. Ата-ана айтқанын түсінбейтін, қандай да бір бұйрықты орындауға қабілетсіз, атын атаса қарамайтын ұлы дефектолог маманның көмегімен оңала бастапты. Тіпті, кейін логопед маман да көмекке келген екен. Сөйтіп, осы күні ұлы аздап сөйлей де бастаған екен. Осы жұмыстың барлығы небәрі 9 айдың көлемінде атқарылған.
Осы материалды әзірлеу барысында екі бірдей маманмен тілдестік. Бір таңқаларлығы, аталған мамандар ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасау, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу тұрғысынан пікірлері бірізді болып шықты. Көзі нашар көретін, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы кешіккен һәм ақыл-есі кеміс балалар саны жыл санап артып келе жатқанын жалғыз ауыз сөзбен түсіндіреді. Оған кінәлі көбіне-көп ата-ана салғырттығы. ХХІ ғасыр ата-аналары қолы қалт етсе болды, баламен тілдесу, көңіл бөлу орнына бауыр етін смартфон мен гаджет «тәрбиесіне» беруге үйір. Ол – сау баланың өзін дертке шалдырады. Ойланарлық жайт. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік…
Рауан ҚАБИДОЛДИН