Инклюзивті білім: Әлем мамандары Астанада бас қосты
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі аясында «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу» тақырыбындағы пленарлық сессия өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстанның Білім және ғылым министрі Рахим Саидзода, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.

Министр Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде инклюзивті білім беруді дамыту Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістер мен жаңа жобалар ерекше қажеттілігі бар балаларға сапалы білім алуға жол ашуда.
Сессияда қатысушылар білімге тең қолжетімділік, инклюзивті технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану тәжірибесін талқылады. Сарапшылар AI-платформалар мен телеқатысу роботтарының мүмкіндігі шектеулі балаларға оқу процесіне толық қатысуға көмектесетінін атап өтті.
Конгресс инклюзивті білім берудің жаңа бағыттарын айқындап, Қазақстанның бұл саладағы халықаралық серіктестік орталығына айналып келе жатқанын көрсетті.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ