Жаңалықтар

Инфляциядан биік, сенімнен берік

Зейнетақы жинақтарының 40%-ы – инвестициялық табыс есебінен. Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың жинақтарына 2014 жылдан бері 11,67 трлн теңге таза инвестициялық табыс түскен. Бұл – жалпы зейнетақы жинақтарының 39,6%-ын құрайды. Яғни, әрбір екінші теңгеге жуық табыс азаматтардың өз салымдарынан емес, қаржы құралдарына тиімді инвестициялау нәтижесінде қалыптасқан.

Сурет zakon.kz

Сарапшылар зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді табыстылығына қарап, оны басқару тиімділігі туралы ой ұйғару жасау қате тұжырым екендігін еске салады. Себебі, қаржы құралдары мен операциялардан түскен сыйақы түріндегі қысқа мерзімді кірістер бағалы қағаздар мен валюта бағамының құбылуын толық өтей алмайды. Мұндай уақытша «тербелістер» нарықтық циклдің бір бөлігі ғана. Ал, нағыз нәтижені көру үшін кемінде бір жылдық инвестициялық табысқа сүйенген дұрыс. Тек осындай ауқымды кезеңде зейнетақы активтерін басқарудың шынайы тиімділігін бағалауға болады.

Зейнетақы активтері бір жылда 2,6 трлн теңге табыс әкелді. Үнемі құбылып тұрған экономикалық жағдайда зейнетақы жинақтары салымшыларға нақты табыс әкелуді жалғастыруда. 2024 жылғы маусым мен 2025 жылғы мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқаратын міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері салымшылар шоттарына 2,60 трлн теңге көлемінде табыс әкелген. Осы кезеңде есептелген инвестициялық табыс 13,08%-ды құрап, 11,30%-дық инфляцияны басып озды. Ал, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтердің кірістілігі 11,39% деңгейінде тіркелді. Аталған көрсеткіштер жинақтардың құнсызданбай, нақты өсіммен толыққанын айқын көрсетеді.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің тиімділігін күнбе-күн дәлелдеп келеді. Орта және ұзақ мерзімді келешекте салымшылар үшін жинақтардың нақты табыстылығы, яғни, инфляцияны басып озатын өсім қамтамасыз етілмек. Мәселен, жүйе іске қосылған 1998 жылдан бастап 2025 жылғы 1 маусымға дейінгі аралықта жинақталған инвестициялық табыстылық 972,48%-ға жетті. Осы кезеңдегі жинақталған инфляция 884,38%-ды құраған. Демек, зейнетақы активтері тек құнсыздануды өтеп қана қоймай, салымшыларға нақты қаржылық өсім де беріп отыр. Ұзақ мерзімді басымдықта бұл – салымшылар үшін сенімді қаржылық тірек екенінің дәлелі.

Демек, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Түп нәтижесінде салымшының зейнетақы төлемін алу құқығы туындаған сәтте, егер жинақталған инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, туындаған айырманы мемлекет өтейді. Яғни, уақытша нарықтық ауытқулар жинақтардың құнсыздануына жол бермейді. Мұндай тетік азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттырып, олардың болашағына қаржылық қорған болады. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық. Әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін қалай басқарады? Олар қайда және қандай шарттармен инвестицияланады? Аталған сауалдардың жауабын әрбір салымшы біле алады. Қор зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы толық әрі нақты ақпаратты ресми сайтында ұдайы жариялап отырады. Барлық мәліметтер [www.enpf.kz], (http://www.enpf.kz) сайтындағы «Статистика және аналитика – Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде қолжетімді. Ашықтық пен есептілік – зейнетақы жүйесіне деген сенімділіктің негізі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button