«Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы мемлекеттік тілді меңгеруге құлшыныс танытты
Иә, тура түсіндіңіз. Мұны бетбұрыс деп бағамдаған абзал. Арқадағы баспасөз қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетімен егіз «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынысын танытты. Сол үшін арнайы тіл оқыту орталығының мамандарына жүгінген.

«Өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренгісі, білгісі жоқ» деген сөз бекер. Орыс тілінде шығатын газет тілшілерімен тілдессеңіз, ойыңыз әсте өзгеретіні анық. Әріптестер сөзінше, республика аумағында тұратын әр тұрғын мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Газет редакторының міндетін атқарушы Станислав Песневтің пікірі сөзімізге дәлел.
– Мемлекеттік тілге деген құрмет, ілтипатымыз жоғары. Әрі қазақ тілінің қоғамдық ортадағы қажеттілігін бір кісідей сезініп келеміз. Сол себепті, тұтас ұжым мемлекеттік тілге көңіл бұруы – уақыт талабы. Өзім қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Редакциядағы жиырма шақты әріптесіміздің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы ересен. Тілді игеру үшін «Шырақ» орталығынан мамандарды шақырдық. Аптасына екі рет келеді. Бұл біз үшін қосымша мүмкіндік, – деді Станислав Альбертович.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекеттің жаны, елдің еңсесі. «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы танытқан бұл игі қадам – баршаға үлгі. Өзге тілді ортада жүріп, мемлекеттік тілге құрметпен қарау – нағыз азаматтық ұстаным. Мұндай бетбұрыс – елдік мүддеге қызмет етудің көрінісі. Сөйтіп, «Шырақ» жаққан үміт шырағы сөнбесін. Мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, әр жүректе орнаған күн – ел болашағының жарқын таңы болмақ. Бастысы – ниет бар, ал, тіл үйренуге ниетті жан үшін жол ашық, мүмкіндік мол.
Бұл бастама – тек бір ұжымның емес, тұтас қоғамның мемлекеттік тілге деген оң көзқарасын айғақтайды. Газет журналистерінің құлшынысы өзгелерге де ой салып, үлгі болары сөзсіз. Себебі тіл үйрену – ұлттық бірлікті нығайтып, болашаққа сеніммен қадам басудың кепілі. Баспасөз қарашаңырақтарының өзі осындай игі қадамға бет бұрса, бұл елдік мүдденің ілгерілеуіне тың серпін беретіні анық.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»