АймақСаран

Индрустриалдық аймақтың игілігі

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр облыстағы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Өндірісті өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп, биылға белгіленген жоспарларымен бөлісті.

Жақында Үкімет қолдауымен экономиканы әртараптандыру салдарынан Саран моноқалалар тізімінен шығарылды. Мұнда индустриалдық секторды одан әрі нығайтудың арқасында өңдеуші саланың жалпы өндіріс көлеміндегі жоғары үлесі 92,6 пайыз деңгейінде сақталуда. Бұған дейін «Saran» индустриалдық аймағында инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2023 жылға қарағанда 4,5 пайыз өсіммен 194,6 миллиард теңгеге жетті.

Өткен жылы индустриалдық аймақтың негізгі жобасы сериялық өндіріс қолға алынып, бұл жұмысты автомобиль шиналарын шығаратын «Tengri Tyres» ЖШС жүзеге асыруда. Сондай-ақ, «КарЗТФ» ЖШС-де полиэтилен құбырлар мен фитингтерін өндірудің бірінші кезегі іске қосылды.

Биылғы бірінші жартыжылдығында құны 6,2 миллиард теңге болатын «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС және құны 20 миллиард теңге болатын «Тэмпо-Казахстан» ЖШС-нің түзу тігісті болат құбырларының ыстық мырыштау жобасы іске қосылады.

Құны шамамен 10,5 миллиард теңге болатын тұрмыстық техника өндірісінің бағыты бойынша «Optim Tech» ЖШС базасында шағын өнеркәсіптік аймақ құру басталды.

– Бұл шара жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған, – деп атап өтті мұны Дарын Бейбітұлы.

Қала экономикасына шамамен 108 миллиард теңге инвестиция, соның ішінде, 94,5 пайызы жеке компаниялар есебінен тартылыпты. Қазірде 136 миллиард теңгеден аса инвестицияны тарта отырып, 2025-2026 жылдарға арналған 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қарастырылды. Нәтижесінде өнімнің жаңа түрлері: полиэтилен және болат құбырлар, металл бұйымдарын мырыштау, Samsung теледидарлар желісі, тұрмыстық техникаға арналған электр компоненттері, жүк және коммерциялық техника, энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар пайда болды.

Қала аумағында 2831 шағын және орта бизнес субъектісінде (өсім 2,6 пайыз) 6,8 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Қазіргі қысқы жылыту маусымында қаладағы Орталық қазандыққа 113 үй қосылып, 106 үй оқшау қазандықтардан жылытылса, әлі 46 үй пеш жағуда. Енді келесі жылыту маусымында орталық қазандыққа тағы 57 үй мен 27 әлеуметтік-мәдени нысанды қосу жоспарда бар. Қазір осындағы 4 қазандықтың бәрі жұмыс істеп тұр.

Саранның суөткізгіш тораптары да жаңғыртылып, 2025 жылы оған барлық тұрғын үйлер қосылмақ. Екінші сукөтерудің резервуарының құрылысы да жүргізілуде. Жоба бойынша жалпы көлемі 10 мың текше метр екі резервуар салу көзделген. Ол іске қосылған күнде қала тұрғындары ауызсудан тарықпайтын болады.

Қалада кәріз тораптарын төсеу жұмыстары 3 кезеңге бөлінсе, сол мезгілде коллекторлар мен әуелі 10,8, сосын 9,2, ең соңында 13,3 шақырым орамішілік тораптар ауыстырылады.

Қала басында 29 шақырым жол жөнделіп, 15 көше жолы асфальтталып, жарықтандыру бағаналары орнатылды. Ал, 2025 жылы 11 көше жолдары орташа жөндеуден өтіп, Резина-техникалық бұйымдар зауытына теміржол арқылы баратын жол да жаңғыртылады. Жекеменшік сектордағы жолдардың 11,8 шақырымына ағымдағы жөндеу жасалған.

Келесі кезекте қала әкімі тұрғын үй және әлеуметтік мәселелерге де тоқталып, ол жайлы да кеңінен сөз қозғады. Яғни, осы биыл РТБ зауыты аймағынан кезекте тұрғандарға 150 пәтер берілетін болса, соның 110-ының кілтін тұрғындар осы бірінші тоқсанда қалғандарын жыл аяғына дейін алады. Тұрғын үй кезегіндегілер үшін 475 пәтерлі 19 үй сатылып, бюджетке 257 миллион теңгеден аса ақша түскен. Сонымен бірге, биыл тағы да 200 пәтерлі 8 үй пайдалануға беріліп, 2 үйді реконструкциялау қарастырылған. Өткен жылы жоғарыда аталған зауыт аумағындағы 14 үй сырылып тасталса, биыл тағы 16 үй солардың кебін киеді.

Бұдан әрі Дарын Бұлқайыр халықты жұмыспен қамту жайын баяндады. Сол бойынша қалада бос орындардың 10 жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жалпы 1861 адам, соның ішінде, 1511 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Соның қорытындысында мұнда жұмыссыздық деңгейі былтырғы 4,1 пайыздан 3,4 пайызға төмендеген.

Жыл басынан бері халыққа 165,6 миллион теңгенің жәрдем­ақысы берілсе, оны алушылардың қатарында 477 көпбалалы отбасы бар. Мемлекеттік атаулы көмек 41 отбасыға тағайындалып, қалада аз қамтылған отбасылар саны азая түскен.

Өткен жылы Абай атындағы мектепте спорт залының құрылысы аяқталып, барлық білім беру нысандары жөнделіп, соның ішінде «Балғын» балабақшасы мен №17 мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өткен.

Қала тұрғындарының спортпен айналысуы 42 пайызды құрап, 107 спорт ғимараты, 120 спорт секциясы, олимпиадалық резерв мектебі жұмыс істеп, 4650 адамды қамтыған 270 іс-шара өткізілген. Қалалық стадионды жөндеу аяқталып, биыл жеңіл конструкциялардан спорт кешенін тұрғызу жоспарланып, Ақтас кентіндегі Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғаспақ.

Міне, осы мәселелерді сөз еткен Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр брифинг соңында журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Саран
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button