Коронавирус

«Індеттің таралуы жауапкершілікке байланысты»

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ұсынған дерек бойынша 15-наурызда ел көлемінде вакцинаның бірінші компонентін – 69 095, екіншісін 18 807 адам алыпты. Қарағанды облысы бойынша екпе алғандар саны 5 мыңнан асты. №4 емхананың эпидемиолог дәрігері Эльвира ЫБЫРАЙ вакциналауға қатысты бірқатар сұрақтарымызға жауап берді.

– Қатер тобына кіретін адамдар үшін вакцина алудың мәні қандай?

– Мысалы, біз – дәрігерлер қауіп-қатер тобына жатамыз. Күніне қаншама адамды қабылдаймыз, оның ішінде бала да, үлкен де бар. Айналадағы адамдарға қауіп төндірмес үшін біз бірінші кезекте вакцина алдық.

– 65 жастан асқан адамдар да осы топқа жатады ғой. Оларға екпе алу туралы айтқанда қалай қабылдайды?

– Иә, басында вакцинаны 18 жас пен 60 жас аралығындағы адамдарға салуға болады делінген еді. Кейінде 65-тен асқандарға да екпе жасауға рұқсат берді. Осы топқа жататындар керісінше, өздері сұранып екпе салдырғысы келеді. Дегенмен, егде жастағы адамдардың аурушаң келетінін ескеру керек. Бірнеше созылмалы ауру түрі болуы мүмкін. Сондықтан, екпені аурудың асқынбаған кезінде, адам өзін жақсы сезінген уақытта жасаған дұрыс.

– Кейінгі тәулікте коронавирус инфекциясының таралуы артқанын көріп отырмыз. Эпидемиолог маман ретінде оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Вирустың таралуы – адамның әрекетінен. Айдың басындағы демалыстарда көпшілік жиналды. Оның үстіне, қазір көбісі бетперде тақпайды. Қонақ, той, отырыс өткізу тоқтаған жоқ. Соның барлығы әсер етеді. Алдағы аптада Наурыз мерекесі келе жатыр. Ол уақытта да көпшілік жиналады. Салдарынан індеттің таралу қаупі жоғарылайды. Осы орайда мүмкіндікті пайдаланып, санитарлық талаптарды орындау қажеттілігін баса айтқым келеді.

– Көктем, күз мезгілдері вирусты инфекциялардың өршитін уақыты екені белгілі. Бұл коронавирус инфекциясына да қатысты ма?

– ЖРВИ ауруларының көктем, күз бен қыста көбейіп кететіні рас. Бірақ, коронавирустың таралуына ауа-райы әсер етпейді. Мысалы, індеттің тарала бастағаны былтыр наурызға келеді, жазда шарықтау шегіне жетті. Күзде төмендеп, жыл басында қайта өршіді. Ғылыми негіздегі әдістемелік құжаттарда ара-райы коронавирустың таралуына әсер ететіндігі туралы жазылмаған. Вирустың таралуы адамдардың өзіне, жауапкершілігіне байланысты.

– Емханада вакциналау орталығы бар ма?

– Осы аптада ашылады деп күтіп отырмыз. Өзімізде ашылса, қызметкерлер арасында екпе алатындар көбейе түседі деп ойлаймын. Бүгінде емхананың 63 қызметкері екпе алды. Әрине, денсаулығына байланысты, жүктілік себебінен вакцина салынбайтын адамдар да бар.

– Өзіңіз екпе алдыңыз ба?

– 2 компонентін де алдым. Бірінші компонент мүлде сезілген жоқ, екіншісін алған күні кешкісін басым, ине салған жері ауырды. Бірақ, одан кейін бұл белгілер байқалған жоқ.

– Бұл екі компоненттің бір-бірінен айырмашылығын білдіре ме?

– Олардың айырмашылығы жоқ. Түрлі реакциялардың көрініс беруі адам ағзасына байланысты. Біреулерде 2 компонентке де ешқандай өзгеріс болмауы мүмкін. Ал, кейбіреулерде реакция беруі ғажап емес. Ағзаның қалайша жауап беретінін тап басып айту қиын.

– Жауабыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button