Covid-19

Індет жастарға ауыз салды

Коронавирусқа қарсы вакцина алысымен ауырып қалғандарын айтқан қарағандылықтар көбейді. Дәрігерлер вакцина алған адамдар да вирус жұқтыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ, ауру жеңіл түрде өтетінін ескертеді. Бұл негізінен COVID-19 вакцинасының алғашқы компонентін алғаннан кейін болуы мүмкін.

Иммунитет қалыптасып үлгермейді, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Иммунитет екінші компонентті алғаннан кейін бір айдан соң пайда болады. Сонымен қатар, вакцина алу кезінде адамдар вирус тасымалдаушысы болуы да әбден мүмкін. Симптомсыз ағымға байланысты оларда клиникалық көріністер байқалмауы мүмкін. Бірақ, вакцина алған адамдар коронавируспен жеңіл түрде ауырады. Олар амбулаторлық жағдайда емделеді. Иммунитет агрессивті бола түскен вирусқа қарсы тұрады. Бұрын вирус бір науқастан 2-3 адамға жұғатын. Қазір 7 адамға дейін жұғуы мүмкін. Инкубациялық кезең қысқарады. Қарапайым сөзбен айтқанда, вирус тез көбейіп, тез таралады.

60 жастан асқан адамдар індетті жиі жұқтырады екен. Алайда, соңғы кездері жастар арасында жұқтыру көрсеткішінің өсуі байқалады. Дәрігерлер мұны вирустың жоғары концентрациясымен, сондай-ақ, жаңа штаммның пайда болуымен байланыстырады.

«Дельта» үнді штаммы клиникасын өзгертті. Қазір жастар мен балалар жиі ауыра бастады. Бұл мутацияға байланысты. Диарея, құсу сияқты жаңа белгілер пайда болды. Бұл энтеровирустың көріністері. Яғни, тыныс алу мүшелері ғана емес, асқазан-ішек жолдарына да әсер етеді. Жастар вакцина алуға асықпайды және емдеуге көбіне немқұрайлы қарайды. Олар өзін-өзі емдей бастайды және ауруханаға өкпесі 40-50%-ға зақымданған кезде, ауыр халде түседі. Ол кезде ем бастағанымен, процесті бірден тоқтату мүмкін емес. Алғашқы екі күнде зақымдану 80-90%-ға дейін жетуі мүмкін, – дейді Гамаль Тоқсамбаев.

Басқарма басшысы коронавирустан сақтанудың жалғыз ғана тәсілі – вакцинация екенін тағы бір мәрте атап өтті. Себебі, қазір жан сақтау бөліміне түскендердің дені вакцина алмағандар екен.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button